"Көктемді қондырып қанатына..."

"Көктемді қондырып қанатына..."
жеке
блог

 Қара өлеңнің қасиетін қанына сіңіріп, өлеңдегі әрбір тармақты тағдырымның жолы деп, әрбір ырғақты жүрегінің дүрсілімен ұштастырған, тұнық сезімді, сыршыл ақындар көп-ақ. Сыршыл деген де аты аталмай өтуге тиісті емес бір ақын болса ол Тұманбай Молдағалиев.Көзі тірі болғанда биылғы жылдың 20 наурызында Тұмекең 80 жасқа толар еді. Тұмекеңнің 80жасқа толуын ақын жырын ардақ тұтқан арда қазақ арқалы ел мен алқалы жұртты жинап есте қаларлықтай өткізері ақиқат. Сол бір өнегелі істің бастамасы ретінде күні кеше наурыздың 13 жұлдызында Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде «Көктемді қондырып қанатына...» деген атпен Тұмекеңнің рухына арналған ән-жыр кеші өткен болатын. Кешке жиналған халық көп болды. Кешті ақын, журналист Жанарбек Әшімбай жүргізді. Тұмекеңнің тұмадай жырларының бірін оқып, кешті ашып беру үшін алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші төрағасы Ғалым Жайлыбайға берді. Әуелгі болып кеш салтанатын ашып беруге сөз алған Жайлыбай ақын Тұмекең туралы бірқатар естелікерді еске түсіре кетті.Сөзінің соңынан ақынға арнаған «Көктем шақырады» атты өлеңін оқып, жұртты риза етті. Кештің келесі қонағы ретінде сахна төріне  Қазақстанның халық әртісі, актер, әнші Тұңғышбай Әл-Тарази шықты. Өзінің сөзінде  Тұманбай ақын мен Күлтай жеңеше – үшеуінің АҚШ-қа сапары кезіндегі қызық жайттар туралы сөз қозғады. Артынан Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазылған «Қайран менің жүрегім» әнін орындады. Ақын жайында жадында сақталған жағымды естеліктерін ақтарып, сөзінің арасында қасиеті кеткен қара өлең жайында қозғап, Тұмекеңнің мінезі туралы сыр ақтарған келесі бір қонақ ақын Бексұлтан Нұржекейов болды. Әрбір сахнаға шығып сөз сөйлеген, өнер көрсеткендерді хабарлар алдында кеш жүргізушісі Жанарбек ақын туралы, ақынның достары, туыстары туралы сыр ақтарып отырды. Қыздарының, ұлының аттарын атай отырып, сахна төріне ақынның күйеу баласы әнші Ержан Белғозиевты шақырды. Ержан Белғозиев ақын туралы естеліктермен бөлісіп, Тұмағаңның сүйікті әні «Ғашық жүрек» әнін орындады.Сазды әуен аяқталған соң көрермен қауымның сұрауымен, Ержан Белғозиев тағы бір әннің тарихын айтып, сол әнді орындап берді. Ол ән  «Қарақат терген күндер» әні болатын.Келесі болып болып сахна төріне көктем гүліндей құлпырған Қазақ мемлекеттің қыздар педагогикалық университетінің  жанынан Тұрсынбай Дәуітұлының жетекшілігімен    құрылған «Назқоңыр» үйірмесінің қыздары шығып, ақынның тұмадай тұнық жырларын оқып, «Құстар қайтып барады әнін» хор болып орындадады. Кеш жүргізушісі Тұмағаңның «Құстар қайтып келеді» әнінің шығу тарихын баяндап, әнді орындамаққа сахна төріне дәстүрлі әндерді орындаушы Айгүл Қосанованың шақырды. Әншінің жанды еліттірген әніне қол соқпаған жан қалмады. Ақын жайлы ақынның толғауын естімекке сахна төріне  аққу ақын Марфуза Айтқожина мен ақын Рафаэль Ниязбек шақыртылды. Марфуза апайымыз ақын туралы естеліктерін айтып, көзіне жас алды. Рафаэль ағамыз ақынға «Алатау» атты арнауын оқыды.  Артынан әнші Ұлту Қабаева «Сағындым ғой» әнін орындады. Тұмекеңнің шәкірті Болат Үсенбаев арнауын оқып, ақының сыныптасы Шалтын атамыз естеліктермен бөлісті. Кейіннен Бауыржан Жақыпов сахнаға шығып, ақын өмірден өткен күні жазған өлеңін оқып, жұрттың жанарына жас ұялатты. Келесі болып сахнаға «Ағайындылар» тобы шығып, Тұмағаңның «Көзім көрді аққудың жылағанын» әнін орындады. Қалам ұстаған қаламгердің спортқа деген қызығушылығын өлеңімен өрнектеп өлең оқыған Есей Жеңісұлы болды. Кештің соңын қорытындылап, ақын жайлы естеліктерін айтып, жиналған қауымға, кешті ұйымдастырушы топқа өзінің алғысын жаудырған ақынның жары Күлтай апамыз сөз сөйледі. Кеш соңында әнші Медеу Арынбаев Шәмші әніне жазылған «Бақыт құшағында» әнін орындады.  Әнші «бағымды ашқан ән» деп бағалап, «Құстар қайтып барады» әнін, гитараның сүймелдеуімен орындады. Әрение, бұл әннің халық көңіліне сіңгендігі, бұл әнге, ақынға деген құрметі болса керек, жұрт орнынан тұрып, әнді бірге шырқады. Ақынның ізгі рухына арналған ән-жыр кеші осылай өтті.

  Тарихында тағдырын өлеңімен шегелеген ақындардың аты өшпей, ертеңге жаңғырып жете бермек. Бүгінде Тұмағаңның кәусар жырына қанып, сусындап жүрген  жастарымыз аз емес. Ләйім, солай болғай.

ОРАЗБАЙ Жанұзақ

Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология институты. 1-курс студенті