Бақыт ұрысы немесе бұйырмаған "Бланиктер"

Бақыт ұрысы немесе бұйырмаған "Бланиктер"
жеке
блог

         Бүгін... Бұл күн... Осы күн әлемдегі жеке дара адамдарға не әкелді? Біреулерге орны толмас қайғы әкелсе, енді біреулерге қуаныш сыйлады. Дәл қазір жердің бір нүктесінде бір бейбақ жылап отырса, мүлде басқа жақта өзге бір жан күліп отыр... Өзімді  қайсы санатқа жатқызарымды да білмей отырмын. Себебін сәл кейінірек айтармын...

         Мен қалыңдықтар салонының иесі әрі шаш сәндеуші шебермін. Өзгелердің айтуынша кез келген аруды ең бақытты күнінде, ең сұлу қалыңдыққа айналдыратын перизатпын. Иә, иә дәл солай. Жұмысымды керемет жақсы көремін. Сұлулықтарына тамсанып, қатты қуанған қалыңдықтарды көріп, тура күйеуге өзім шығатындай езуім жиылмайды. Бірақ қазір күлерге шамам жоқ. Шашын менің еркіме беріп қойып, айнадан менің әр қимылымды бақылап отырған кезекті қалыңдық- ұры. Иә кәдімгі қолының сұғанағы бар ұры. Тек бұл асыл әшекейді, ақшаны емес одан да бағалы нәрсені ұрлайды екен. Бақытты! Менің бақытымды!               
          Сүйіктім 1 жыл бұрын осы қызға алмастырған мені. Енді қызықты қарашы, қаладағы самсап тұрған көп салоннан менің салоныма бүйректері бұрыпты. Олар әрине бұдан бейxабар. Қалыңдық мені жәй ғана шаш сәндеуші деп таниды, ал күйеу жігіт мұнда бас сұқпады да. 
Иә, бүгін мен не жыларын, не күлерін білмейтін, екі санатқа да жатпайтын үшінші бір топтағылардың қатарынан екенмін. Бірде тағдырдың мазақ еткеніне күлкім келіп, бірде жүрегім шытынап қайғырамын. Бүгін... Бұл күн... Үмітім үзіліп, жүрегімдегі қансыраған жара ұсқынсыз бір тыртыққа айналған күн. 
         Тәуекел деп жұмысыма кірістім. Бақыт ұрлайтын арудың қақ төбесіндегі шашты қайшымен осып тұрып қиып, қашып кетсем бе деген сұмдық ой да келді басыма. Қайтейін, жасамадым, ондай пасықтықтан кенде қалыппын. Ал ол "Өзіңіз біліңіз, бастысы жігітіме ұнаса болды" - деп жағасы жайлауда болып, жадырап отыр. Оның "жігітіне" не ұнайтынын менен артық ешкім білмес, сірә. Тазалықты, шынайылықты сүйетін ол. Қалыңдығының басына бәле-бәтерді қыстырып, шаш үлгісі емес шашын мерекелік торт қылып берсем оған ұнамасы анық дедім де, шашын жәй ғана бұйралап, "француз сарқырамасын" жасадым. Бақталасым періштедей бола шықты. Байқасам көздері мейірімді, жүзі жылы қыз екен. Осы тұста көзімнің жасы төгілді кеп. Не болдылап, жүзіме қарай берді әлгі қыз. "Шаш бекітетін спрейге аллергиям бар"- дей салдым мен де. Мұным бізден қорқатын етікші, я, пышақтан қорқатын қасапшы дегендей ойға сыйымсыз өтірік еді.  Енді қайтейін?
         Әп сәтте іс те бітті,қалыңдық та дайын. Сүйсіндім, рас айтам, бақыт ұрыларының ішіндегі ең келбеттісі осы-ау ,сірә. Бастан аяқ көзбен шолып шығып, туфлиын көріп кілт тоқтадым. Бұдан бұрын 100 түрлі аяқ киіп көрген, "прокаттан" алынған ескі туфлиды көріп, шыдамай кеттім де: 
- Андағыңды шеш, өміріңдегі ең маңызды шараға мына ескі аяқ-киіммен қадам басуыңа жол бермеймін!- деп, сөреден алтын түстес қорапшаны алып келдім. Ішіннен менің ең сүйікті жұп туфлилерімді алып бақталасыма ұсындым. 
 manolo
- Қандай керемет! Рахмет сізге, тойдан соң міндетті түрде қайтарып беремін.
- Қажет емес! Бастысы есіңде болсын әрдайым дұрыс аяқ-киiм таңда. Дұрыс туфлилер қажетті жерге апарады. Жаңа өмірге басқан қадамын құтты болсын- дей бергенімде ол мені бас салып құшақтай салды. Құшағынан құтыла бергенімде, күлімсіреді де, бір топ қыз-қырқынмен есік жаққа беттеді. 
    Жасымды сүртіп терезеге жақындадым. Күйеу жігіт қалыңдығына тамсана қарап той көлігіне отырғызып жатыр. Екеуінің қуаныштарына үлес қосқаным үшін мен де қуандым. Қалыңдықтың қолын ең керемет жігіт қысып, ал аяғында құны 2000$ тұратын испандық дизайнердің қолынан шыққан Маноло Бланиктер жарқырады. 
        Мен бір нәрсені түсіндім "сенің адамың" нендей кедергі болмасын, әрдайым саған қарай жол табады...  Олай болмаған жағдайда ол сен үшін жаратылмаған адам деп біл ! Өткенмен қоштасар болсаң артыңа жалтақтамай, алға бағыт ал! Сені рас қажет еткендер табылса, өздері-ақ қуып жетеді.
         Ал бұл xикая бұйырмаған бақ туралы. Бұйырмаған бақ... Бұйырмаған Бланиктер...