Білімді жетер мұратқа

Адам өмір есігін ашқаннан кейін көптеген кезеңдерден өтеді. Осы кезеңде әр тұлғада биік белестер мен алар асулар пайда болады. Ардақты ата-аналарымыз тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңдіретін болса, ұлағатты  ұстаздарымыз білім нәрімен сусындатып өсіреді. Ал осы тәрбиені де, білімді де әркім әр түрлі қабылдайды. Аллаға шүкір, қазіргі таңда көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз жетерлік. Жастар өздерінің  еңбекқорлықтары мен табандылықтарының арқасында биік деңгейлерге көтерілуде. Өз білімдерінің нәтижесінде, шетел асып, қазақ халқын әлемге әйгілеп, мәшһүр етіп жүр. Жастар тек ұстаздардан білім ғана алып қоймай, сол білімдері  арқылы қосымша ізденісте болғандары абзал.

Білім- қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесініің қайнар көзі. Білімді адам жан – жағын нұрға бөлейді. Адамда білім мен ақыл ұштасуы тиіс. Әйтпегенде, төңірегіміз қараңғы түнекке айналары сөзсіз. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Оған  айқын дәлел: «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген халық даналығынан аңғара аламыз. Сонымен қоса қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдыздарының бірі, бірегейі  ғалым, этнограф  Шоқан Уәлиханов былай деген: "Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет". Осы қанатты сөзінен-ақ білім арқылы әр мемлекеттің дамудың даңғыл жолына түсетіні тайға таңба басқандай анық емес пе?! Сондықтан еліміздің әрі қарай өркендеп, кеңінен қанат жаюы тек қана білімге байланысты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, біз  жастар, аңсаған арманымызға, көздеген мақсатымызға жету үшін , сондай-ақ «Елімізге елеулі, халқымызға қалаулы» азаматтар мен азаматшалар болуымызға  бірден-бір нұрлы бағдар – ол білім екенін естен шығармайық. Тек білімділер ғана жарқын жетістіктер мен толағай табыстарға жете алады.



Бөлісу: