350 баланың анасы

Телеарналарда  350 баланың анасы Тұяқ Қазкенқызы туралы жарнама көрсетіліп жүр. Онда ақ жаулықты ана өмірді өзгерту әркімнің өз қолында екендігін айтады. Тұяқ Есқожина шынымен өмірі ерекше жан. Зейнет жасына жақындағанда Алматыдағы үйін сатып, Талғардағы жалға алған ғимаратта балалар үйінің іргетасын қалайды. Өмірдің қиындығымен күресе жүріп, бағып алған балаларды тәрбиелеп, өмірден өз орнын табуға ықпал етеді.
Отбасылық балалар үйін құрған жылы Тұяқ Есқожина елу төрт жаста еді. Бір жағынан оның өміріне зер салғандар үйін сатып, сондай қиыншылыққа баруы жәй емес, ақшаның арқасы деуі де мүмкін. Бірақ, ол еңбегі арқылы  өзгеше адам екендігін дәлелдеді.

Осы бір өзгеше адам туралы ерекше деректер:
Тұяқ Қаскенқызы есімі де ерекше. Жиі кездеспейді. Ата-анасының көптен күткен әрі жалғыз қызы болғандықтан Тұяқ деп қойған.
 Өмірге келген соң 10 күннен кейін соғыста әкесі қайтыс болады. Тұяқ шынымен де әкесінің артында қалған жалғыз Тұяқ болды.
 Әкесі қайтыс болғанда анасы он жеті жастағы жас қыз еді.
 14 жасқа келгенде анасы тұрмысқа шығады, Тұяқ ауылдан Солтүстік Қазақстан облысына Петропавл қаласына оқуға аттанады.
Бала күннен қиыншылықты көп көреді. Туған ауылынан керзі етікпен, қолына жұқа ағаштан жасалған көне, жасыл түсті шамаданын арқалап, білім іздеуге аттанады.
Алғыр қыз шәкіртақы алып оқиды. Он сомды жалдаған бөлмесі  үшін төлеп, қалған екі сомды айран мен нан алуға жеткізетін.
Әрі көрші әйелге көмектесіп, балалардың көйлегін тігетін. Ең алғаш көршісі еңбегінің өтеуі ретінде – жаңа қызыл пальто, ақ қолғап пен пима алып бергені Тұяқтың әлі есінен кетпейді.
 Училище бітірген соң Тұяқты еңбек жолын бірден  директор болып бастайды.
 Үш жыл бойы мектепте басшылық қызмет еткен соң, Алматыға КазГУ-ге оқуға түседі.  
 КазГУ жатақханасында оны барлығы Мама деп атайтын.  Тұяқ Қаскенқызының өзі бұлай атауға өзінің барлығынан үлкен болуы, орыс тілін жақсы біліп, курстастарының проблемаларын шешуге көмектесіп жүретінім себеп болған шығар дейді.
 Соңғы курста Тұяқ болашақ күйеуі – Әнуарбек Байсаринмен танысып, отбасын құрады.
 Өгей әкесіне автокөлік әперіп, 9 бауыры мен сіңлілерін аяғынан тұруына көмектеседі.
Оның балалар үйін ашуына барахолкада қайыр тілеп жүрген кішкентай қыз әсер етеді.

Оқиғасы:
Бір күні Тұяқ барахолкада күйеуіне аяқ қиім іздеп жүрген. Кенет біреудің етегінен тартқанын байқап қалады. Артына бұл қай дөрекі деп бұрылған.  Алайда ешкім байқалмайды. Төмен қараса кішкентай арық алты жас шамасындағы қыз бен одан кішірек сәбидің тұрғанын көреді. Мұңды көздер Тұяқтың отбасын құрғанға дейінгі кездерін еске түсіреді. Кішкентай Катя, Тұяқ бірден еркелетіп Қатира деп атап кеткен қыздың әкелері ішкілікке салынып кеткен болып шықты. Жалдамалы бөлмеде, жүре алмайтын әжелерінің қолында қалған қыздар аштан өлмеудің қамымен базар жағалап қайыр тілейді екен. Тұяқ Есқожина азық-түлік алып беріп, өзі үйінен ақша әкелуге кетеді. Қайтып оралғанда қыздарды әкесі алып кеткенін естиді. Тұяқ Қазкенқызы екі қыздың әжелерін өмірден өткенше қамқорлығына алып, Қатира мен сіңлісін қайта көріп қаламын деген үмітпен жүреді. Алайда қыздар сол күйі оралған жоқ.  Қатирамен кездесу  Тұяқ Қаскенқызы үшін өзінің ғана емес, көптеген адамдардың да өмірін өзгертуге ықпал етті.  Сол кездесуден соң белін бекем буып,  пәтерін сатады. Жалға алған жерде балалар үйінің негізін салады.

Тұяқ Қазкенқызы бүгінге дейін 350 бала тәрбиелеп өсірді.
Олардың жүз оны жоғары білімді.
Оның 10-ы магистратураны бітірген. 26-ы жоғары оқу орындарында оқуда. Екеуі Қытайда білім алған.
74 рет құдағи атанып, үйлену тойын өткізді. Оның ішінде 26-ы ұлын үйлендіріп, 48 қызын ұзатқан. 
25 немересі бар.  
Қазіргі кезде балалар үйінде 70-тен астам бала тәрибеленеді.
Бақытты ана жақында Kaspi Bank-тің  «Kaspi қаһармандары» әлеуметтік кампаниясының кейіпкері болды. Бұған дейін аталған кампанияның кейіпкері Гиннестің рекордтар кітабына 7 рет енген желаяқ Марат Жыланбаев болған еді.  Аталған кампанияның басты мақсаты – қоғамды  өзгерткен  жандарды насихаттау.  


Бөлісу: