"Тарихты көрсеткен сайыс"

"Тарихты көрсеткен сайыс"
жеке
блог

Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулықтың бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. Міне, Қазақ хандығының 550 жылдығын жас ұрпақ арасында насихаттау, қазақстандық жасөспірімдерді елжандылыққа баулу, қазақтың рухани ұлттық құндылықтарын, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауын, туған елдің тарихын, мәдениетін ұрпақтар арасында насихаттау, ел тарихына байланысты жастардың патриоттық сезімдерін оятып, қызығушылықтарын қалыптастырып, белсенділіктерін арттыру мақсатында өлкетану мұражайында Индер аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан – тарих толқынында» тақырыбында  зияткерлік сайыс өткізілді. Зияткерлік сайыстың тізгінін студент Жадыра Нариманова ұстады. Сайысқа аудандағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Сайыс 5 кезеңнен: «Қазақстан тарих қойнауында...», «Ұлы тұлғалар», «Сандар сыр шертеді», «Нұрлы жол» – болашаққа бағыт берер бағдаршам» , «Сөз де – кілт, көңіл құлпын ашады» құралып, Қазақ хандығының қалыптасуына, қазақстан тарихына байланысты ашық сұрақтар және тарихи көркем шығармаларға, кинофильмдерге  байланысты бейне сұрақтар қойылды. Сайыс барысында оқушылардың білімі ғана емес, олардың сөз саптау, талдау қабілеттеріне, тіл байлықтарына да ерекше назар аударылды.

         Тартысты сынның нәтижесінде әділ-қазылар алқасының шешімімен ең көп ұпай жинаған Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің командасы бас жүлдеге ие болса, 2-орынды «Көктем» қазақ орта мектебі командасы, ал М.Әуезов атындағы орта мектеп командасы 3-орынды иеленді. Ең үздік ойыншы байрағына Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сайрагүл Ізтаева ие болды.  Сондай-ақ, сайыс соңында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әсел Сарғойшина сөз алып, жеңімпаз топ пен жүлдегерлерге және үздік топ мүшелеріне арнайы дипломдармен қатар естелік сыйлықтарды  табыс етті.

           Біз әлі жас мемлекетпіз. Солай бола тұрса да  біраз жақсылыққа куә болып үлгердік. Әлі де асар асуымыз, алар белесіміз алда. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елімізге «Көк байрағың биіктеп, арманыңа жет, Алашым» деп тілек айтамыз.  Тәуелсіздік таңы арайлап атып, егемендігіміз еңселі бола берсін!

Жадыра Нариманова

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Филология: қазақ тілі» мамандығының IV курс студенті