СУ ПЕРІСІ

СУ ПЕРІСІ
жеке
блог

                              Бағжан өз ауылына атағы шыққан балықшы. Егізі Ержан да құр алақан емес, балықты молынан түсіруге көмектеседі. Бұл екеуіне ата-анасы кішкентай кезінен кешкі уақытта суға түсіп, балық аулауға болмайтынын құлақтарына құйған болатын. Егіздер ата-аналарының айтқандарын екі еткен емес. Алайда, дәл сол күнді Ержан қаласа ұмытар, бірақ Бағжан ұмыта қоймас.

                               Әдеттегідей, егіздер өздері ерекше көретін өзендеріне ау құрып, құрдастарының тойына дайындалуға жол тартты. Үйдегі  ата-ана әлдеңені сезді ме екен, әйтеуір олар үйден шығып бара жатқанда, анасы Бағжанға бүгін ешқайда бармай қастарында болуын, тойға Ержанның барып келуін сұрады. Алайда, Бағжан тек түнгі он екіге дейін ғана болып, үйге қайтатынын тілге тиек етіп шығып кетті.

                              Ауыл тойы ерекше ғой, құрдастар ащы судың бір стақанын, екеуін, кейіннен бірнеше шөлмегін бітіріп, біразы қызып, айхай биге көшті. Ащы судың арбауына Бағжан да түскен болатын. Тысқа шығып таза ауа жұтып қолсағатына көз салып еді, уақыт түнгі 00:14 көрсетіп тұр екен. Есіне лезде анасына берген уәдесі түсе кетті. Егізіне үйге кетіп бара жатқанын ескертіп Бағжан үйіне қарай бет алды. Мастықтан болар, жол жөнекей құрып кеткен ауына табыс түсіп-түспегенін тексере кетейін деп шешеді. Өзенді жағалай келе жатқан ол, алыстан аппақ түтін секілді бірдеңені көреді. Ащы судың әсерінен шығар деген оймен ауына қарай жүре берді. Бір мезетте, жаңағы әлдеңесі жақындап келе жатқанын байқайды, беті-аузын сумен жуып, қайта қарап еді, өз көзіне өзі сенбеді. Себебі, ол көрген мақлұқ ауыл адамдары аңыз қылып айтып жүрген «су перісі» еді... Шашы жалбыраған, денесінің жарты бөлігі ғана бар аппақ «су перісі»... Артқа қарай бұрылып, жағаға шыққаны сол еді, әлгі су перісі лезде Бағжанды  қақты да,  былш етіп жерге құлады...  Жағы қисайып кеткен Бағжанды сол күні тойдан қайтып келе жатқан жігіттер тауып алды. Егізін арқалаған Ержанның бармаған бақсысы қалмады. Барлығының айтатыны егізіңді «су перісі» қаққан, тілге келтіре алмаймыз, сол күні оған ескерткен болатын, тыңдау керек еді... Енді жасар амал жоқ... Арада жылдар өтті, Ержан үйленді, балалы-шағалы болды, ал егізі Бағжан... Бағжан сол күйінде қалды...

                                                                                                   МӘЖІК ЕРЛАН