Сапар ( Аялдама )

Сапар ( Аялдама )
жеке
блог
Келеміз, талай жанды көміп те біз, 
Қалдырып жер бетіне өліктен із. 
Бізді де кезек келсе көмерсіздер, 
Әзірге, бәріміз бір көліктеміз. 
 
Көлікте көндіккен бар, ашыққан бар, 
Кейбірі сайлап алған пасықтан жар. 
Жұлқынып бірін бірі сөгіп жатыр, 
Қайда? 
Неге? 
Білмеймін, 
Асыққандар! 
 
Көріп тұрмын тағы да пысықтарды, 
Бірі келіп арқадан қысып қалды. 
Бір жас жігіт көлікті тоқтата сап...
Жарты жолдан не үшін түсіп қалды? 
 
Білмейміз. 
Қалды әйтеуір бәрі қарай, 
Ал, біз үшін жол жатыр әлі талай. 
Бұйырмаған шығар рас ол жігітке, 
Бәлкім сапар, жүретін әрі қарай. 
 
Көлік асып барады бұлақ қырды, 
Бір мезетте шалғайды жырақ қылды. 
Сонау есік алдында кішкентай қыз... 
Жанарда жас, 
Жабырқап жылап тұрды. 
 
Үрейленіп біршама бұзықтардан, 
Саусақтары суықтан үсіп қалған.
Арқасына қарайды үмітпенен, 
Есіне алып анасын түсіп қалған. 
 
Былдырлайды бір әйел көріпкел ме? 
Таңдануда айласын көріп пенде. 
Міне осылай..
Мәреге жеткен жандар, 
Кетіп жатыр түсіп қап көліктен де. 
 
Бәз біреуге бұл көлік арман шығар, 
Біз отырмыз, әлі де жол бар шыдар. 
Беймәлім ғой, менің де... 
Бәлкім, 
Аялдамам жақындап қалған шығар? 
 
Дулат Әбдікәрім 23.01.2015