Армандар орындалады!

Армандар  орындалады!
жеке
блог

   «Армандар орындалады!», иә, армандардың орындалуы  әр  адамның  тікелей өзіне, еңбегі мен  ниетіне байланысты.

   Алланың қалауымен адам әрекетінің түпкі мақсаты бақытқа жету, арманды жүзеге асыра білу құпиялары мен нәтижелі еңбек  тәрбиесін қалыптастырамын, өнегелі өмір сүремін, арманды шандыққа айналдырамын, бақытты өмір сүремін деген Отандастарым үшін қазақ тіліндегі позитивті психология турасында кітап жазу үлкен  мақсат болатын. Шет елдің  авторларын көп оқыдым. Көптеген тренингтерге қатыстым. Ақпарат көздерінің орыс немесе ағылшын тілінде екендігіне ішім қынжылатын. Білген, түйгенімді қазақ тілінде – ана тілімде  көпшілікпен бөліскім  келді. Күнде ертең деп жүре берсек – өмір өтіп кетеді екен. Өзімді қатал тәртіпке алып, уақытпен жұмыс жасап, бастапқыда қиын көрінген бұл істі де  нәтижелі еттім. Исраил Сапарбай ағамыз алғы сөз жазып ақ батасын берді. Танымал кино әртістері Ерболат Тоғызақов пен Асылхан Төлепов, жас әнші Айдарбек Рысбек  кітап  жайлы  оң  бағаларын айтып, алғашқы оқырмандарымның пікірі қуантты. Баспаханадан иісі аңқып кітабым шыққанда  еңбек етсең – нәтижесі міндетті түрде көп күттірмей қуантатындығына көзім жетті. Алғашқы  кітабымның  дүниеге  келуі – өзіме деген сенімділікті, болашаққа деген нұрлы қадамды бекіте түскендей. Бастысы, оқырмандарымның пікірі қуантады. Бақытты болуға әр адам құқылы. Өмір деген – Кино! Бірақ, оның қызықты  болуы  немесе  болмауы тек ӨЗІҢЕ  байланысты  деген  екен Т.Бабаян. Өміріміз мағыналы да мазмұнды болғанға не жетсін! Адам тағдырында қандай қиындықтар мен келеңсіздіктер орын алса да – Берілмеу керек! Өмір – Күрес! Өмір сонысымен әдемі әрі тәтті.

                                         «Армандар  орындалады!»

                                                оқырман  тілектері:

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік  бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің  жеткіліксіз  екендігіне шығармашылық  интеллигенцияның  назарын  айрықша  аударғым   келеді», - деген  еді. 

 «Адамды  адам  еткен, еңбек» деген  сөз   астарында   үлкен   мағына   жатыр. Маңдай  терін  салып, шығармашылық   дарыны  мен   талантын  ұштап, жас  болса  да, табиғаты   нәзік  қыз  болмысында  батыр   жүректілікті  танытқан  Назерке  қарындасыма   риза   болып  отырмын. Өкінішке  қарай, бізде  таланттарды  бағалау  жетіспейді. Бізде  кімнің  тамыр-танысы  көп, соның  жолы  болғыш. Кім  пысық  болады, соның  жағдайы  жақсы. Назеркенің   әуелден  «Талант  тас жарады, тас  жармаса  бас  жарады» деген   ұстанымға  бекіп, еш  кедергілерге  қарамастан  алға   ұмтылғаны  аңғарылып  тұр. Тұтас  әлемді  бақыт   құшағында  көруге   ұмтылған  қаршадай  қыздың  болашағы  зор  екенін  байқаймын. Назеркенің  мақалаларын  жиі  баспасөз  беттерінен  оқып, телевизиялық   ток-шоулар   арқылы   қарқынын  байқап  келемін.  «Армандар орындалады!»  жобасы  ерекше  қырымен  көзіме  түсті. Оқырмандарын   арман  тұңғиығына  сүңгітіп, әр  адамның  болмыс  пен  ақиқат   арасындағы   ұлылығын   айқындап, бақыт  әлеміне  жол  көрсете отырып,  жетектеп   апаратын   қазақ   тіліндегі  төл   туындының    біздің   қоғам  үшін  маңыздылығы  зор. Қазақ  тілді  жастар   үшін  таптырмас  құнды   кітаптың  өз  дәрежесіне  орай  жоғары  бағалануын  тілеймін. Себебі, кітаптың  айтар  ойы,  пейілі   мен   ниеті   жақсы. Ұлылыққа   жол   бастау, табысты  болу, арманды  мақсатқа   айналдыра  білу, көздеген  көкжиегіңе  жету   жолындағы  көмекші  қасиеттер   туралы   жан-жақты  зерттеу  мен  тәжірибелік  кеңестер әрқайсысыңыз  үшін  игі  бастамаларға  жол  ашатынына сенімдімін. Назеркенің   үлкен   биіктерден   көрінетініне, өз  ісінің  үлкен  тұлғасына  айналарына  тек   қана   сену  керек. Себебі, ол  сенімді  бағалай   білетін  жан. Өзіңе  ақ   батамды   бердім, айналайын! Алған   бетіңнен   қайтпа!

Исраил  Сапарбай,

 ақын, драматург,

 Тәуелсіз «Платиналы  Тарлан»

 сыйлығының  лауреаты.

 

    «Адамда  жақсы  қасиет  болмаса, оған  бақ  та, бақыт  та  қонбайды» деген   Жүсіп  Баласағұнидың  сөзі  есіме  түсіп  отыр. Біздің  заманға, бүгінгі  қоғамға, әсіресе, автордың  замандастары – жалындап  тұруға  тиісті  жастарға арналған  құнды  дүниені өмірге  әкелген  Назерке  қызымды  бақытты  деп  санаймын. Қуанатыным, ол  айналасындағыларға да  бақыт  сыйлауға  ұмтылып  тұр! Жоғарыдағы   Жүсіп  Баласағұнидың  сөзін  мысалға алғаным да  бекер  емес. Назеркенің  өне  бойында  үлкен   адамгершілік  пен  дархан  жүрек  бар! Қолынан  келсе   бәріңіз  үшін  «бәрін»  беруге  даяр-ақ... Алла  қолына  қалам  ұстатқан  екен, өз  білген, түйгенін қағазға  түсіруде  аянып  қалмапты. «Жарайсың!»  деуден  басқа  айтарға  сөз   таппай   отырмын.  Әттең, егерде  осы  кітап  менің  қолыма   30-40 жыл  бұрын  түскенде  ғой. Бүгінгі   өмірім   тым   басқа   болар  ма  еді?

Ерболат   Тоғызақов,

актер, «Шал»  көркем   фильмінің   бас   кейіпкері.

 

    Біз  үлкен   мүмкіндіктер  ғасырында  өмір  сүріп  жатырмыз. Әр  мүмкіндікті  пайдаланып, өз  жігерімізді  қайрап, жалындаған   жастығымызда  өз  бақытымыз  үшін   аянып  қалмауымыз  керек. Менің  көптеген  ойларыма   ой  қосқан  қолыңыздағы  кітап – орасан  зор   құндылығымен  маңызды. Жаңа  идеялар, тың  ойлар, ішкі  рух  пен  өзіңе  деген  сенім  кітаптың  әр парағында  тұнып   тұр. Ұлылық  пен  табысқа  бастау  болар, арманнан  мақсатқа  жетелер, әрекеттен  құралған, таза  еңбектің  туын  көтертер «Армандар орындалады!»  кітабының  оқырмандарына «Сүйінші!» дегім  келеді. Назерке   Сланбектің   бұл  кітабы  қолыңызға  тисе  сәттілік   соңыңыздан  ерді   деп   біліңіз. Енді, Сіздің   үлкен   істеріңіздің   куәгеріне  айналарымыз  сөзсіз!

Асылхан  Төлепов,

актер, «Серпер»  жастар   сыйлығының  иегері,

«Жау  жүрек – Мың  бала» көркем   фильмінің  бас  кейіпкері.