Жайнамаз үстіндегі ойлар

Жайнамаз үстіндегі ойлар
жеке
блог

Жайнамаз үстіндегі ойлар
Құдіретті бір Алланың атымен бастаймын. 
Кешірге гөр, Құдай!

Тағдыр...

Шекемді сәждеге тигізе берген кезде, ми дейтін ой қорытатын механикам аяқ асты іске қосылады. Қайтып, «Фатиха» сүресіне барған кезде сәулеленіп, санамда өзім ойлап болмайтын дүниелер көз алдымнан өткен күндерім секілді зулай өтіп жатады. Іштей, «Астафираллаһ» деп қанша тежеу салсам да ойлар келуін доғарар емес.
... Тағдыр... Менің өмірімнің мәні мен мазмұны осы бір хауастың ішінде ғана өтуі керек пе?! Менің сыртқа талпынып шыққым келеді. Менің бәрін тастап, қашып кеткім келеді. Әсілі қашу емес, еркіндікке ұмтылу. Осы жолда үлкен күрес жасау. Бірақ, тағдырым ондай құрбандыққа баруымды қаламайды. Қорқақтық танытатын секілді ме... Солай екен. Елден- елге көсіле көшіп, таудан-тауға, тастан-тасқа тау ешкі секілді секек қағып, тілім мен ділімді, дінімді бұзбай, меңіреу тартқан қанша ма тас қалаға жан бітіру үшін талпынып келемін. Нәтиже бар. Бірақ, қараңғы бір қуыстарда ғана.
... Менің... жалпы менің тағдырымды Құдай жазып қоятынын жақсы білемін. Дегенмен, жазылып қойған тағдыр екен деп, мойынсына алмаймын. Менің тәулесіз дүнием бар. Оны Құдай өзі берді. Өзіне жетелеуші жолды тапсын деп. Ендеше, мен жазылып қойған тағдырымның кеуіп қалған сиялы беттеріне қайта өң беріп, жан бітіре аламын. Ол үшін талап мен еңбек, ғазал жүрек пен таза көңіл керек. Құдайға баратын жалғыз жолым –сенім. Сенім – тағдырымның оңға бастар жолы. Теріс басуға, қателік жасауға кеш. Өйткені, уақыттан кешігіп келемін. Жете алмай келемін...
Ағзубиллаһи мини-шайтани раджим, бисмиллаһи рахмани-рахим! Жайнамазды жинауым мұң еді, бүкіл ойым, саналы санам сел шайып өткендей жоқ болып кетеді. Соңында тек естелік секілді, елестері қалады. Құдайдың құдіреті де осы шығар. 

13.02.2015