Мен Массагетке қалай келдім?

Мен Массагетке қалай келдім?
жеке
блог

Мен Массагетке қалай келдім?

                         Кезексөздің кезегін екі адамнан қатар алам деп ойламап едім). Әсел мен Нұрболға алғыс білдіремін.

               Студент шағымда, нақтырақ 3-курс оқып жүрген кезімде баспаханаға дизайнер болып орналастым. Оқу бітіргеннен соң да қиын да болса өте қызық жұмысымды қия алмай біраз жүрдім. Мамандығыма жақындау жұмысқа кірісіп көрейін деп, облыстық мәслихатқа түйіндеме жібергенмін. Бір аптадан соң жұмысымды бастап кеттім. Аса қиын емес, бірақ жауапкершілігі жоғары қызмет еді – іс қағаздарын жүргізуші, кейін осы жұмыстың инспекторлығына көтерілдім. Міне, осы қызметте жүріп, үнемі компьютер алдында отырғасын әртүрлі қазақша сайттарды күнделікті бір ақтарып шығатын болдым. Ең ұнағаны, тез баурағаны - Массагет болды. Бұл шамамен мамыр айы болатын. Кез келген тақырыптағы, кез келген салаға қатысты түрлі материалдар, жазбалардың барлығын күнделікті жібермей оқу әдетіме айналды. Мен де өзгелер сияқты, мұндағы әрбір жазбаны кәсіби журналистер дайындайды деп ойладым басында. Кейбір пікірлермен немесе мәліметтермен келіспейтін тұстарымды айтып, пікір қалдырғым келіп, маусым айында тіркелдім. Блог жазу мүлдем ойымда жоқ. Сөйтіп «қызып кетіп» бір күнде жазбалардың басым көпшілігіне пікір жазып жүрдім. Қазан айында ғана «Бейтаныс тұрғын» деген алғашқы жазбамды шығарыппын, ол да массагеттіктермен танысу мақсатында. Жалпы жазба жазуға онша жоқпын, оны көпшілігі байқап жүрген де болар. Жұрттың жазған дайын дүниесіне пікір жазу оңайырақ, әрине.) Кейде пікірімді дәлелдеу үшін кейбір оқыған кітаптарымды қайта ақтарып, универдегі дәптерлерімді іздеп кететінмін, бұл тұрғыда өз ойыңды сапалы, дәлелді етіп жеткізуге, өз көзқарасыңды үнемі қорғай білуге итермелеген сайттың ықпалын айтпай кетуге болмас. Бірде қателеспесем, Шерханның «Сіздің әр пікіріңіз блогқа татиды» дегенін оқып кәдімгідей марқайып қалып едім. Тұрақты оқитын іні-сіңлілерім жеке парақшама хат жазып, жазбаларына пікір қалдыруымды өтінетін кездерде қатты қуанатынмын. Жаңа өркендеп келе жатқан, болашағынан үміт күттіретін жас талаптардың жазбаларына аз да болса мақтау айтып, бұрыстау жерлерін сыпайы жеткізіп, олардың тауын шағып алмауда пікіршілердің сөзі қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Талай қызық пікірталастар да өтті.

            Жалпы блог – кез-келген қолданушының эстетикалық талғамынан, сауаттылық деңгейінен, саяси, діни көзқарастарынан, дәл сол сәттегі көңіл-күйінен, жалпы болмысынан, тіпті алған тәлім-тәрбиесінен хабар беретін дүние дер едім. Кейбір пікірталастарда мені түсінбеген, мен түсінбеген адамдармен түсінісу үшін, тіл табысу үшін, көзқарастарымды, жалпы әрнәрсеге қатысты ұстанымдарымды жеткізетін блогтар жазуға тырыстым. Сонда да нақты, дәл жеткізе білдім деп айта алмаймын. Өзімді ешқашан блоггер санаған емеспін, одан гөрі Массагеттің жанашыр оқырманымын десем болатын шығар. Соған қарамастан талай кезексөздерге қатысып, жүлдесіз де қалмаппын), әрине әрдайым көтермелеп отыратын массагеттіктердің арқасы. Осы сайтқа тіркелгеніме бір жыл толуына орай қалдырған блогымда еңбегі сіңген біраз блоггерлерді атаппын. Оларға әлі де айтар алғыстарым, тілектерім ұшан-теңіз.

            Дизайны өзгергелі бері жылдамдығымен қоса, жарияланатын жазбалардың сапасы да артқан сияқты. Әсіресе, өзімнен жасы кіші іні-сіңлілердің жазбаларынан кейін бірдеңе жазу да қиындап бара жатқандай). Десе де Алла амандық берсе мен Массагеттен оңайлықпен ажырамаспын. Берері көп, өнегесі мол сүйікті сайтыма әрдайым шаңырағы биік, керегесі кең болуын, қазақтың өзіндей мәңгілік ғұмыр тілеймін.

            Ал кезексөзді жалғастыруды ақтаулық оқырмандар Нұрбол Амантайұлы мен Ақниет Айсақызына ұсынамын.


Сурет - көп уақыт Массагеттегі аватарымда болған фото.