Өзіңмен бірге 1 жыл

Өзіңмен бірге 1 жыл
жеке
блог

         1 жыл... Аз да, көп те уақыт емес сияқты. Бірақ осы бір жыл өзіңе әбден бауыр басуға жетті маған. Иә, Массагет, менің саған тіркелгеніме бүгін тура 1 жыл!)) Ардақ Құлтай бастаған тату-тәтті, еңбекқор, білікті ұжымның жемісті жұмысы арқасында Массагет менің де сүйікті сайтыма айналғалы қашан. 

         Жұмыстан қолым қалт етсе жақсы музыка, кейбір сөздері еміс-еміс есімде жүрген әдемі өлең іздеп, сапалы әуенге, поэзияға арналған сайттарды шарлап кететін әдетім еді. Сондай ізденістердің бірінде Массагетке тап болғанмын. Тек өлең емес, жаныма жақынның барлығын бір жерден тауып берген бұл сайт бірден баураған мені.

       Ер адамның қадіріне жетуді әркез айтып, Ардағын ардақтап жүрген, ойын нақты, әсірелемей-ақ әдемі жеткізе білетін Анардың, байсалды, сөздері салмақты, мейірімді Мейіргүлдің, сыршыл жазбалары жылы ұшырайтын Айгерімнің, пайдалы кеңестері әрдайым кәдеме жарайтын, ақкөңіл Сәнияның, қазір ана атанып үлгерген Ақеркенің, ізденімпаз Қарлығаның әрқайсының орындары бөлек. Еңбекқор жігіттердің де, әлбетте, үлестері орасан. Кіл жайсаң жастардан құралған мұндай ұжымның мәртебесі артып, абыройы асқақтай берсін.

         Сайт арқасында танымдық материалдармен көкжиегімді кеңейтіп, әдемі суреттерді қарап отырып, ойша әлемді шарлап, талай елді танып, қиялмен саяхаттадым. Ақын-жазушылардың өмірінің белгісіз жақтарынан хабардар болып, әңгіме-өлеңдерінен рухани азықтандым. Ғасырдың үздік әңгімелерін оқып, ойға шомдым. Еліміздің басты мәдени жаңалықтарынан құлағдар болдым. Жаңа рецептер үйреніп, дайындап көріп, құрбыларыммен бөлістім. Психологиялық тестер тапсырып, өзім үшін кішігірім жаңалықтар аштым).

         Еліміздің түкпір-түкпірінен достар таптым, пікірлес, сырлас замандастарымды жолықтырдым. Қызу пікірталастарға тап болдым, қарапайым студенттердің, оқушылардың тамаша жазбаларына сүйсіндім. Осы сайт оқырмандарының арасында тұтанған махаббатқа куә болдым, тілегін тіледім. Лайықты жазбаларға жақсы пікірлер қалдыруға тырысып, авторлардың қарқыны баяуламауын қаладым. Аса мұңды жазбаларды оқығанда «сезімталдығым ұстап», айтарға сөз таппай, көз алдым бұлдырланып, үнсіз жаба салатын кездерім де жиі болды. Өзгелердің жазбаларына пікір қалдырғанды қалап, өз ойымды блог жүзінде жазуға құмарта бермейтін менен де «сыр суыртпақтады» бұл Массагет).

       Бірлесе отырып, талай тентектің бетін қайтарып, басу айттық), қайғы-қуаныштармен бөлістік, жетістіктер үшін қуандық, жалғыздықтардың орнын толтырыстық. Қазақстанның (мүмкін әлемнің) түкпір-түкпірінде жүріп, Массагетте бас қосып, көп екенімізді, бірге екенімізді әрқайсымыз іштей сезіндік, достық, бауырлық, құрбылық әдемі қарым-қатынастарға тәнті болдық.

          Не дейін, айтарым көөөп қой негізі. Айша Балтахаеваның шынайы жазбаларын қатты ұнатам. Не жазса да көңілге әсерсіз қалмайды, күлдіре де, жылата да алады. Оның ашық-жарқын, айналасына балаша сенетін мінезіне, көпшіл, бауырмалдығына тәнтімін. Мен үшін лирик ақынға айналған Мақпал Сембайдың мұңды өлеңдерін сағына күтемін (мұңға батыра берді деп іштей шағымдансам да). Жас та болса, нәзік, мөлдір өлеңдерімен танылып үлгерген Әлия Іңкәрбектің жазбаларын да жиі ашып, қайталап оқимын, өзге желілердегі жеке парақшаларымда жариялаймын. Өзім өлең жаза алмағандықтан, ойларым осы арулардың жырларымен астасып, айызым қанғандай болады.

         Мақпал Төребек, Әсел Асанова, Есіл еркесі, Аида Төлеубай секілді белсенділер сайттың сәні еді, қазір көрінбей жүр. Денсаулықтың қадірін бәрінен де ерте жастан сезінген, ауруханада жатқан кездерінде де сайттан қол үзбеген Жанар Кәрімнің ұзақ, бақытты ғұмыр кешуіне тілектеспін (мықты бол, сен жалғыз емессің). Арқалықтың Нұрболы мен Алаш қызының махаббаты мәңгілік болуын қалаймын және сенемін. Ғалия Жәкендей ақжүректі арудың келін атануына да куә боп қалармыз бұйырса). Танымдық жазбаларымен түрік елін жаңа қырларынан танытып жүрген Қыпшақ қызына, көрген киноларға рецензия жазу да өнер екенін блогтарымен ұқтырған Айконаға, мінезі тік, жазбаларынан жасымас жігер байқалатын, білімді, еңбекқор Ғазиза Ұзаққа, журналистік шеберлігі шыңдалып келе жатқан Ақбота Мұсабекқызына, Массагетке тіркелгеніне көп болмаса да, осы ортаға сіңісіп кеткен, ағалық ақылын, қамқорлығын аямайтын Айбек Оразғалиұлына, тәртіпті ұнататын, жақсы жазбалардан оң пікірін аямайтын Нұрлан Оралбайға ризамын. Айта берсем, Массагеттегі ұл-қыздардың барлығы дерлік мақтауға лайық.  


          Сәл белсенділік танытқанымды елеп, кезексөздерге қатыстырып, ынталандырып отырған Массагетке оқырман болудың өзі ғанибет қой. Өз жазбаларына пікір қалдыруымды өтініп, ойларымды бағалайтын жаңа, жас авторларға алғысым шексіз. Мүмкін бір күндері жүздесіп, көрісіп те қалармыз сайт белсенділерімен, Алматыда болсам ұжымдағылардың барлығымен өмірде дос боп кетер ме ем. Жалпы ғаламторда ғана сөйлесіп жүрген сайт оқырмандарымен басқосуларға қатысу жайлы арманым да жоқ емес.

         Оқырмандары күн санап өсіп, танымалдылығы артып келе жатқан сүйікті сайтыма өркендеу мен гүлдену, жанашыр оқырман, білімді, мәдениетті, ұлтжанды, белсенді блогерлердің көбеюін тілеймін. Алла жазса, өзіңнен қол үзбеспін. Массагеттен сіздер де алыстамаңыздар, достарым! Баршаңызға амандық, жақсылық, игілік, ізгілік, мейірім, махаббат, тілеймін.