Тәуелсіздік vs Жаңа жыл

Тәуелсіздік vs Жаңа жыл
жеке
блог

Міне, қарашаның бітуіне де 2-3 күн қалды. Даладағы қалың қар мен дүкендегі мандарин иісі жаңа жылды жақындата түскендей. Әсіресе, ойын сауық орталықтарында қыс түспей орнатылған биік шыршалар жаңа жылдық көңіл күйді сыйлайды. Қысқасы, жұртшылық - жаңа жылды күтіп жүр. Бәлкім бұл жақсы шығар. Алайда, мен осы бір құбылыстың екінші жағын қозғамақпын.

16-желтоқсан - Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күні. Бұл күн - төбемізден қара түнек кетіп, күніміз көкке көтерілген күн. Бұл күн - басымызға бақ қонған күн. Бұл күн - азаттықтың ақ таңы атқан күн. Бұл күн - бодандықтың бұғауы быт-шыт болып бұзылған күн. Бірақ, біз осы күнді қалай тойлаймыз? Әдетте, 14-15 желтоқсанға дейін ешкім Тәуелсіздік күнін есіне де алмайды. Барлығымыздың ойымызда жаңа жыл. Еліміздің барлық ойын-сауық, сауда орталықтарында жаңа жылдық безендіру. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарының барлығында дерлік тура осы көрініс. Еліміздің "басты шыршасы" да әлдеқашан ерте жанады. Жаңа жылдап ұрандаған жарнамалардан көзің ашылмайды. Бұның бәрі ел тұрғындарына жаңа жылдық көңіл күй сыйлап, тәуелсіздік мейрамын көлеңкеде қалдырады. 16-17 желтоқсан келгенше бұл мейрам туралы еш жерде айтылмайды да, тойланбайды да. Бір жарым ай бұрын жанған шырша шамдары мен қызылды-жасылды "жаңа жыл" деген жазуға оранған қалаларымыз Тәуелсіздік мейрамын жұтып жібергендей. Қысқасы, тәуелсіздік - толығымен тойланбай қалады.

Меніңше - бұл сұмдық жағдай. Бұл өз тарихымыздан өзіміздің бас тартуымыз. Мен жаңа жыл мейрамын тойламау керек деп жатқан жоқпын; мен - жаңа жыл мейрамына дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастау керек дегім келеді. Өз тәуелсіздігімізді біз өзіміз шулатып тойламасақ, өзіміз керек қылмасақ, бұл мейрамның ешкімге де керегі жоқ! 

Тәуелсіздік - шындығында, ұлы мейрам. Ал оның қадірін білмеудің арты үлке өкінішке әкеп соқпасына кім кепіл...