Соңғы сыйлық

Соңғы сыйлық
жеке
блог

  Біз ол кезде жатақананың 18 шаршы метрінде тұратынбыз. Өзіміз бес баламыз. Әке-шешеміз бар. Оның үстіне келіп, кететін туыс-туған дегендер  өте көп еді. 1999жыл қиыншылық кезең. Әкем мамандығы ұстаз бола тұра, бізге нан тауып беру үшін, құрылыс жағалауға тура келді. Балалары жас. Өзіне көмектесетін ешкімі жоқ. Анамыз болса айықпас дертке шалдығып, ілініп-салынып жүрді. Соңғы кездері тіпті жатып қалатын күйге де жетті. Үйдің үлкені болған соң, бар тіршілік менің мойыныма түсті. Арасында мектепке барып келемін. Сонда, бар жоғы 15 жаста едім. Бауырларыма қараймын. Жұмыстан шаршап келген әкемнің қас-қабағына қараймын. Солай жылжып қыс кетіп, жадыраған көктемде келді. Көктемнің алғашқы мерекесі « 8 науырызбен » жабырқаулы анамызға сыйлық жасайық деп шештік. Көп ақшамыз жоқ. Бірақ 200теңгедей жиған-тергеніміз бар болатын. Соған сыйлық алуға сіңілімді ертіп, қазіргі встреча дүкеніне бардық. 10теңгеден ғой деймін бесеуімізге 5тал жасанды гүл алдық. 120теңгеге әдемі келген бір сақина сатып алдық. Анам біліп қоймасын деп үндемей жүрміз. Үйімізді жинап, шуылдамай жүрміз. Сосын бауырларымның беті қолын жуып, шаштарын тарап, киімдерін түзеп, басқа бөлмеден қолымызға 1-1 тал гүлімізді ұстап, қаздың балапандары секілді тізіліп шығып, анамызды құттықтадық. Мамам болса көзіне жас алып, маңдайымыздан иіскеп, рахметін айтты.

Балалық көңіл ғой, мамамыз жазылады деп ойладық. Бірақ сол жылы тамыз айында анамыз дүниеден өтті. Бұл біздің соңғы сыйлығымыз екенін ойлағанда, көзімізден жас моншақтап, жүрегімізге өксік тығылады. Әттең шіркін....