Қажымұқан атамызға арналған спорт мұражайына саяхат

Қажымұқан атамызға арналған спорт мұражайына саяхат
жеке
блог

Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы біздің ауылға жақын орналасқан. Темірланда. Темірлан - Ордабасы ауданының орталығы. Ауылға қыдырып келген достарымды мұражайға апаратын әдетім. Бүгін сіздерге де бір таныстырып шығуды жөн көрдім. Мүмкін, біз жаққа жолдарыңыз түсіп жатса ертіп апарармын. Оған дейін...

Бұл мұражай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музей үйі болып 1976 жылы ақпан айында ашылған. Ал 2001 жылғы 26 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің №78 қаулысымен Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.

Мұражайдың шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан қарағанда жерді, елді жаудан қорғап өткен сарбаздарымыздың қолбасшылары, хан, бек, батырлардың шатырындай үшкірленіп тұр. Құрылыстың жоба-сызбаларын жасаушылар цирк аренасы секілді ойластырып, палуандық өнерді көрсетуді мұрат тұтқан. Күмбездің диаметрі – 12 метр, мұражай қабырғасының биіктігі іргетасымен қосқанда 5 метрден асады. Ал табанынан ұшар басына дейін – 16 метр.

Қажымұқан атамыз өте сирек кездесетін ірі тұлғалы палуан болған. 1946 жылы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев арнайы үйіне барып, жазып алған деректерді сөйлетсек, таза салмағы – 174 кг, бойы – 195 см (күресіп жүрген кезіндегі салмағы – 215 кг, бойы – 200 см барған), аяқ киімі шамамен 54-інші қалыпқа (размер) барған екен.

5
Бұл тастың салмағы 350 кг. Қажымұқан атамыз 75 жасында Түлкібас ауданында ел аралап, өнер көрсетіп жүргенінде көтерген екен. Ал 48 кг тасты бір қолдан екінші қолға ауыстырып, доп секілді ойнатқан.

4

Палуан атамыздың арбасының дөңгелектері.

6
Теңдессіз қара күштің иесі Қажымұқан атамыз Ресей, Франция, Германия, Швецария, Америка, Финлияндия, т.б. сынды 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц секілді палуандарды боз кілемдегі айқастарда шетінен жыққан.

7
Мұражайда көрермендердің қызығушылығын тудыратын, кезінде киелі палуанның тұрмыста қолданған заттары мен спорттық құралдары, киімдері, әлемдік жарыстарда ұтып алған медальдары, «Польша каролі Сегизмундтың атындағы жүлдені қатарынан 4 рет жеңіп алғандығы туралы белгісі жапсырылған қайыс белдігі, Қажымұқанның жеңісіне риза болған Варшава мұсылмандары сыйға тартқан ескерткіш белгі медальоны қойылған.

8

Сары самаурынды Қажымұқан атамыз үйленгенде достары сыйға тартқан екен.

9

Қажымұқан атамыздың жеке төлқұжаты.

10

Мұражайдың жоғары қабатында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов және де Бексейіт Түлкиев, Ермахан Ибраимов, Әлия Жүсіпова, Нұржан Сманов, Асқар Сәрсенбаев, Еркебұлан Шынәлиев, тағы басқа есімдері әлемге әйгілі саңлақ спортшылардың тұтынған заттары мен құралдары тарихи құнды жәдiгер болып тұр.

11

Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл мұражайға келушілердің қатары қалың. Жылына 11-12 мың қонақ келеді екен. Астанадан келген Бағлан Қайназаровты досы Болат мұражайға ертіп келіпті бүгін. “Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық”, – дейді ғой. Қазақты айдай әлемге танытқан Қажымұқан атамыздың жетістіктерін, ұрпаққа қалдырған ізгі істерін көріп ерекше әсерлендім. Жолы түссе әрбір адам келіп, көріп, танысатын мұражай екен, – дейді Бағлан.

12

Қажымұқан атамыз өзі мініп барған түйені ең алғаш рет Парижде 1913 жылдары көтерген екен. Салмағы 450 кг болған.

13

Екінші дүние жүзілік соғысы жылдары палуан Қажымұқан атамыз мемлекеттік қорғаныс комитетіне жазған хатында өз өнерін көрсетіп, содан түскен 100 000 сом қаржыға ұшақ жасау туралы өтінішін білдірген. Ұшақ 1944 жылы күзде дайын болып, аға лейтенант Қ.Шалабаевқа тапсырылады. Ол соғыс барысында бұл ұшақпен 100-ден аса әскери тапсырма орындаған. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен жеңіс шеруінде Қажымұқан ұшағы әуеге тағы да көтерілген. Ұшақ жасауға қаржы берген Қажымұқанға Сталин өз атынан алғыс хат жолдаған, майдан даласынан жауынгерлік хаттар келген.

14

Біздер мен сіздерді Қажымұқан атамыз жайлы сан деректерге қанықтырып, ақпарат берген мұражай үйінің экскурсия жетекшісі – Гүлжаһан Тастемірқызы.

15
Оңтүстікке келсеңіз, міндетті түрде Қажымұқан атамыздың мұражайына соғыңыз. Кіру ақысы – 100 теңге.

Мекенжайы: Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылы, байланыс тел: 8 (72530) 2-10-74