Ажырасудың жиілеуіне себепкер...

Ажырасудың жиілеуіне себепкер...
жеке
блог


Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап өз мойнына ауыр жүк арқалайды, үлкен міндетке ие болады. Осы себепті адам деген мәртебелі атқа ие болу, сол есімге лайықты өмір сүру оңай жұмыс емес.  Ендігі мақсат сол атақты өз дәрежесінде иемдену. Ол үшін перзенттің дүние есігін ашқаннан бастап басқан әрбір қадамы, әрбір айтқан сөзі, әрбір қабылдаған шешімі дұрыс әрі нақтыланған болу керек. Бұл тек адамның жеке басының қажеттіліктері емес. Бұл дүйім жұртты, қалың қауымды, жалпы адамзатты-барлығын толғандыруға тиіс қажеттіліктер.  Халық тама-тама тамшы судан көл пайда болады деп дана ойларын қалдырып кеткен . Бұл сөздер сүйеу болатын тағы бір мысал осы адамшылық тақырыбы. Егер әрбір адамды бір тамшы деп алар болсақ, бүкіл әлемдегі дүйім жұрт үлкен бір көл. Енді ойланып қарасақ әр адамның әрекеті тамшы судың сапасы секілді, яғни көлдің тұнық болуына әрбір тамшының әсері зор болғандай, адамның осы әлемді көркейтуіне де әсері сондай.

Кез-келген адамға міндеттелетін негізгі қызметтің бірі ол отбасы құру. Әрине, отбасы құру ғылыми жаңалық ашуға, азық ететін астық табуға немесе тағысын тағы сол сияқты қажеттіліктерді қанағаттандырмайды. Бірақ салауатты ұрпақ өсіруге, оны тәрбиелеуге тікелей қатысы бар. Яғни, адам баласы болашағының кепілі. Демек, бұл міндеттің қажеттіліктері өзгелерге дес бермейді. Маңызы да өте зор. Осыны білген ата-бабамыз отбасылық кұндылықтарға ерекше мән берген. Он үш отау иесі деп ерте шаңырақ көтергізген, бас екеу болмай, мал екеу болмайды деп тағы да отбасы болудың маңызы зор екенін дәріптеген.

Бүгінгі күнде осы тақырып үлкен мәселеге айналып отыр. Себептері де жоқ емес. Бүгінде үй болу, шаңырақ көтеру үрдісі қате деп табылса оңай түзетілетін, еш қиындықсыз қалпына келтіретін қарапайым іс-әрекетке айналған. Бейне бір өмірлерінің осы тұстарын ақ қағазға әдейі қарапайым қарындашпен жазып, қиналғанда өшіре қоятындай. Осыдан кейін дұрыс қандай тарих жазылсын? Өмірдің бұл тұстары өшпес қалам сиясымен жазылып еш уақытта өзгертілмеуі керек. Отан отбасынан басталады дегенді жадыда сақтай, шағын шаңырақтың үлкен мемлекетке тигізер әсері зор екенін түсіну керек. Сондықтан бұл тарихтың да шимайсыз таза жазылуы абзал.

Қазіргі кездегі статистикалық деректерге сүйенсек бір тоқсанда 11 613 ажырасу тіркелген. Алдыңғы жылғымен салыстырғанда 6,5 пайызға артық. Бұл халықтың шаңырақ көтерудің маңыздылығына бей-жай қарауы ма, жоқ, әлде ,батысқа еліктеушілігі ме белгісіз? Егер еліктеушілік болса ел-жұрт батыс елдерінің өздерін осы мәселе толғандыратынын түсінеген жөн. Мәселен, Германияда қарттар саны 90 пайызға дейін жетіп отыр. Яғни, бұл да отбасы құру мәселесіне қатысты проблема.

«Жұбайлар бір-бірінің мінезін зерттеп білмей некенің бақытты болуы екі талай»,- деп Оноре де Бальзак айтпақшы адамдардың шаңырақ көтерместен бұрын отбасылары берік болу үшін бірін-бірі танығандары абзал. Бірақ таңдаған тазға жолығады дегенді де естен шығармау керек.