Қарды көрсем – 5

Қарды көрсем – 5
жеке
блог

Осымен бесінші жыл... Иә, алғашқы қар жауғанда блогты есіме алатын дәстүр енгізгелі бесінші жыл... 

Бұл жолғы алғашқы қар ерте түсіпті. Алматыға қар ерте келетін болған ба? Биыл сәл кешіктім. Өйткені биылғы қар түнде жауды... 

Алғашқы қарды жыл сайын асыға күтем. Әр жылы әртүрлі жауатын сыңайлы.

Биылғы қар көзден тасада, қараңғыда жауыпты. Бар сұлулығын түннің түнегіне бағыштапты. Түн екеуі сырласып шыққан болар... Мұңдасқан болар... Оңаша. Жәудіреген ай ғана қар мен түннің сыбдырына құлақ түріп, сырларын естігісі кеп, еліткен болар...

Алғашқы қардың сұлулығын сезінуден шет қалдым. Тек мен ғана емес. Аспанға қарауға уақыты жоқ асыққан көп адам да өлшеулі өмірдің кішкентай қуанышын сезінуден қапы қалды... Биыл. Бір жолға.

Сезінген де адамдар бар. Қарды түсінде көрген адамдар. Алғашқы қарға тамсанған адамдар. Түсінде. Бірақ алғашқы қар да бақыт секілді. Әркімнің түсіне ене бермесі анық... Әркімге қуаныш себе бермесі анық.

Өйткені... Өйткені мұңды адамдар да болуы керек. Біреу асқақтағанда, төмендейтін адамдар да болуы керек. Біреу биіктегенде, сүрінетін адамдар да болуы керек. Біреу жылағанда, жер-жаһанның екінші пұшпағында бейтаныс біреу қуаныштан жүрегі жарылардай күй кешіп жатуы тиіс.

Өмір осынысымен қызық. Осынысымен тәтті. Осынысымен сұлу. Осынысымен асқақ. Алғашқы қар сияқты... 

Қарды көрсем

Қарды көрсем – 2

Қарды көрсем – 3

Қарды көрсем – 4

Сурет: writercenter.ru