Қарды көрсем – 4

Қарды көрсем – 4
жеке
блог

Қалтырап жатыр екем. Көзімді жартылай ашып, орнымнан еріне тұрып терезеге көз салсам... Жер әлем аппақ мамыққа оранып, өзінше мәз-мәйрам боп жатыр екен. 

Қар! Қар! Айтыс ақынының төгіп-төгіп жіберетін жырындай лек-легімен жерге қонып жатыр, қонып жатыр. Дүниеде қардың қанаты жоқ деп талас қылған барлық жанға дәл бүгін ғана қарсы тұрып, "Көрсеңдерші, қардың аппақ қанатын!" деп айғайлар ма еді... Шіркін..

"Ауруханаға баруым керек еді ғой..." Аурухана да қар сияқты. Аппақ. Ақ халаттар бір бөлмеден шығып, екінші бөлмеге кіріп, бір-бірімен сеңдей соғысады. Қиқулаған тіршілік мұнда да. Құдды қардың бір-бірін қуалай қонғаны сияқты...

Қаптаған көлік. Бір-бірінің артынан бастарын салбыратып, ілби басады. Ара-арасынан кей көлік мынау әлемге қолын бір сілтеп, қалған көліктерге көзінің қиығымен бір қарап қойып, зымырай жөнеледі. Осылайша мынау аппақ қар тудырған әдемі ырғақты өзінше бұзғысы келеді. Өмірдің кейбір заңдылығына бағынғысы келмей, өз дегенімен жүретін кейбір өзгеше пенделер секілді...

Тіршіліктің тынысын бақылап отырып, мынау қардың әдемілігін, сүйкімділігін қалайша назарымнан тыс қалдырғам? Қараңдаршы, адамдар! Қарды қараңдаршы...

Қар дәл бұлай бұлаңдай, еркелей, наздана жаумайды енді... 

Қарды көрсем

Қарды көрсем – 2

Қарды көрсем – 3

Сурет: positiveland.ru