Өкпелеттім

Өкпелеттім
жеке
блог

Өкпелеткем, өкпелеттім тағы да,

Кешпе, мейлі, кеш демеймін, өкпелім!

Батпаң мұңды батырмай-ақ жаныңа,

Жөн емес пе мүлде кешпей кеткенің?!

Күдіктердің терезесін сығалап,

Күпті қиял түні бойы қаңғырад.

Көңіліңе артқан кір-кір кінәрат,

Мендік сезім – сезім емес, сандырақ.

Жалықпайсың жұбатудан күрсінсем,

Түсінесің түсініксіз мұңымды.

Сенің сұлу жүрегіңе дүрсілшең          

Менің әрбір күнәм барып тығылды.

Өткен іске күрсінемін ұдайы,

Ал сен үміт күттіресің жиі алдан.

Сенің өмір сүргенің де шынайы,

Менің күнім құралады қиялдан.

Адам сынды армандайсың биікті,

Менің мақсат-арманым да – қисынсыз.

Сенің бейнең – әлеміңе сүйікті,

Менің бейнем... сол баяғы сүйкімсіз.

Сен – көп ақыл, көп сұлулық, көп мейірім,

Ал мен – тентек, көк күйімде қаламын.

Саған сосын... кет деймін-ау, кет деймін,

Кетсең бірақ, тағы іздеп барамын.