"Аптаның үздік блогы" байқауы туралы бірер сөз

"Аптаның үздік блогы" байқауы туралы бірер сөз
жеке
блог

Құрметті Massaget.kz сайтының оқырмандары мен блогшылар! Massaget.kz сайты блогшыларға арналған байқау жариялаған болатын. Байқау жеңімпазын анықтау барысында аздаған түсініспеушіліктер орын алуына байланысты, арнайы блог жазуды жөн көрдік.

Байқаудың ережесі жариялаған жазбада толық жазылды. Бүгінге дейін екі аптаның жеңімпазы анықталып қойды. Екінші аптаның жеңімпазы жарияланғаннан кейін, кейбір қолданушылар келіспеушіліктерін жеткізіп, өкпе-реніштерін білдірген болатын. Біз сайт қолданушыларының пікірлеріне құрметпен қараймыз. Сол себепті, сайтта жазылған пікірлерді ескере отырып, жауап жазуды ұйғардық.

Ең бірінші сөз – жеңімпазды анықтау туралы. Байқау ережесінде жеңімпаз блог пікір, ұнату (LIKE), көрілім саны арқылы және Massaget.kz сайты тілшілерінің дауыс беру нәтижесі арқылы анықталады деп жазылған болатын. Осы аптада ережеде айтылған шарттар ескеріле отырып, үздік блогқа үміткер ретінде төрт блог таңдап алынды. Massaget.kz сайты тілшілері төрт блогтың ішінен дауысқа салып, жеңімпаз жазбаны анықтады.

Аптаның үздік блогына үміткер төрт блогқа дауыс берген Massaget.kz сайты тілшілері:

1. Айшок Балтахаева – «Бұзық қыз» (Фариза Әбілова, Мейіржан Әуелхан, Еркебұлан Қайрахан)

2. Әйгерім Бегімбет – «Бізде көше спортымен айналысатын қазақ балалары аз» (Мейіргүл Оңғарова, Шерхан Талап, Қарлыға Бүйенбай, Жолдас Өрісбаев, Өмірбек Сансызбай)

3. Мақпал Сембай (Мамытбай) – «Мен – Бауырсақпын» (Нұрбол Нұрмаханұлы, Ербол Молдажанов)

4. Гүлзат Қостұрғанова – «Beauty жігіттер» (Жасұлан Исакаев, Бауыржан Жақсымбет, Ернар Алмабек)

Сіздердің тілектеріңізге орай, келесі жолы сайт тілшілерінің қай блогқа дауыс бергендігі осы үлгіде ашық жазылатын болады. Және таңдаған блогтарға не үшін дауыс бергендігі пікір күйінде уақытында жазылады.

Сондай-ақ, келесі жолы "Өзім жайлы 30 дерек" деген атпен жазылған блогтар қатыстырылмайтынын қаперлеріңізге береміз.

Құрметті сайт оқырмандары мен блогшылар, сіздердің байқауға бей-жай қарамай белсенділік танытып, әділ өтуі үшін аянбай араға түсіп жатқандарыңызға рақмет! Алдағы уақытта жіберілген кемшіліктер түзетіліп, байқауымызды одан әрі жалғастырамыз. Бәріміз ат салысайық! Қолға алынған бәйгеге қатысып, сіздің де жеңімпаз атануыңызға мол мүмкіндік бар. Сіздерді бағалы сыйлықтар күтеді.

Байқаудың толық ережесімен мына жерде таныса аласыздар.

Алғашқы аптаның үздік блогы - Жадыра Аққайырдың "Жаз 2014: Ауылдың бизнес-трендтері" блогы.

Екінші аптаның жеңімпазы - Әйгерім Бегімбеттің "Бізде көше спортымен айналысатын қазақ балалары аз" блогы

Massaget.kz ұжымы

Сурет: socialallyaz.com