"Қазақстан, қайдасың?" немесе "Қытай туралы қырық сөз"

«Қазақстан, қайдасың?» немесе «Қытай туралы қырық сөз»

«Отаныма туды ғой деп азат күн,

Мен шетелден елге оралған қазақпын.

Шекарадан өтпей тұрған кездегі -

Қиялдағы Қазақстан, Ғажап-тын»

Осылай деп жырлаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, белгілі ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлының 50 жасқа толу мерейтойына орай 10 қазан күні Астана қаласы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстандағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. 1963 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген жерінде туған Дүкен Мәсімханұлы - ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің, ҚХР және Қазақстан Жазушылар одағының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, ҚХР Бүкілқытайлық мұхажирлар бірлестігінің, Дүниежүзі Синологтар қоғамының мүшесі. 1993 жылы елге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің арнайы шақырутымен келген, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі.

Ғылыми конференцияға зиялы қауым өкілдері, Ресей мен Қытайдан келген қытайтанушылар, студенттер қатысты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов конференцияны өз құттықтауымен ашып, жиын жұмысын бастан аяқ жүргізді. Конференция барысында «Қазақ және қытай халықтары қарым-қатынасының тарихы», «Қазақстандағы қытайтанудың тарихы мен даму беталысы», «Жаңа кезеңдегі Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасы», «Қытай тілі мен әдебиетін зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері», «Қытай тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелері» сияқты тақырыптарда баяндамалар жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын арқалай келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамед: «Құнарлы топыраққа сепкен дән ғана өнеді. Сен құнарлы топырақта өсіп-өндің, кандидаттық диссертацияңа өмірден озған белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиев жетекшілік етті, «Тіл білмегеннен кейін біз бармаған белестерге, біз шықпаған қиырларға сен шық, айналайын!» деп үлкен ғалым Ақселеу Сейдімбек батасын берді. Абайдың үш бұлағы бары секілді сіздің екі бұлағыңыз бар: бірі - қытай әдебиеті,екіншісі-қазақ әдебиеті. Сізге берілген елбасының марапаты - айрықша мән беруінде» - деді. Осыдан кейін сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов өзінің және ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді: «Дүкен Мәсімханұлының Қытай мемлекеті, қытай мәдениеті, қытай саясатына байланысты біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатында ерекше орны бар. Дүкен Мәсімхан - шетелден келген қазақ диаспорасының дарынды өкілі бола отырып, ата жұртына сол жақтағы отандастарымыздың бай рухани мұрасын, мәдениетін әкелген тұлға. «Тарихшылардың ұлттық конгресі кітапханасы» сериясы бойынша жарық көрген кітабыңыздың тұсаукесер рәсімінің лайықты деңгейде өтуіне тілектеспін!» Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Халықаралық қатынастар жөніндегі комиетет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебізін әкелген көп жылдар бойы Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған, қазіргі таңда Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов мерейтой иесіне деген ізгі тілегін білдірді. Қытайдағы қазақ азматтарының құқығын қорғау және білім алу, қытай архивіндегі құнды дүниелерді қазақтарға жеткізу жолында қазақ зилыларының, атап айтқанда, Қойшығара Салғараұлы мен Тұрсын Жұртбайдың ерен еңбектерін айтып өтті. Бұдан кейін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хатын жеткізе келген Астана қалалық Тілдерді дамыту департаментінің басшысы Ербол Ерденбек сөз алып, әкімнің атынан кітап сыйға тартты. Игі тілектердің легін ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін атқарушы Сунь Вэйдун ханым жалғастырды. Дүкен Мәсімханұлының Қазақстандағы қытайтану ғылымының дамуына қосқан елеулі еңбегін атап көрсетті. Конференцияға қатысқанына қуанышты екендігін айтып ағынан жарылып, құттықтау хат табыстады. Сөз соңын қазақ тілінде «Рахмет!» деп аяқтаған ханымға қатысушылар ду қол шапалақпен зор құрмет көрсетті. Сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов алғысөзін «Жасың кіші демегін, ақылы асса аға ғой. Қой асығы демегін, қолыңа жақса сақа ғой» деп қазақ мақалымен бастап, қазіргі әлемдегі жүргізіліп жатқан саясатқа бір тоқталып, көрші елмен қатынасты нығайтудың аса қажет екенін баса айтты. Осы салаға көбірек қаржы бөлінсе құба-құп болар еді деген ұсынысын білдірді. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтауын орынбасары Жанарбек Әшімжанұлы жеткізді. Сондай-ақ Көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасовтың, Дүниежүзілік Қазақтардың қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің атынан құттықтау хаттар тапсырылды. Ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы Дүкен Мәсімханның Қытайдағы қазақ мектептерін зерттеу саласында атқарған қызметтерін саралап, елімізде қытайтану институттарын көптеп ашсақ, оның басы-қасында қытайдың тілін, мәдениетін, сол елдің сырын, психологиясын білетін Дүкен секілді азаматтар жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді деген ой айтты. Түркиядағы Минар Синан көркемөнер университеті, әдебиет факультеті, тарих кафедрасының ғылым докторы, доцент Абдулах Малкош, Алматыдан келген ҚазҰУ-нің халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Набижан Мұхаметханұлы да өз тілектерін білдіріп, баяндама жасады. Конференция соңында мерейтой иесінің өміріне қысқаша тоқталып, Дүкен ғалымның қазақ елінің мәңгілігі үшін әлі талай қызмет ететініне кәміл сенетіндігін жеткізген ҚХР ШҰАР Педагогикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Сұлтан Жанболатов пен ҚХР Шыңжаң гуманитарлық ғылым академиясының аға зерттеушісі, профессор, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Жақып Мырзаханға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры атағы табыс етілді. Осы шара аясында қонақтар Дүкен Мәсімханұлының «Қытай туралы қырық сөз» атты кітабының тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

P.S. Екі сағаттан астам мадақталған тұлғаның шығармаларын оқу маған өте қызық болды. Отызында орда бұзып, қырықында қырқаға шығып, елуінде елге танылған азаматтың шығармаларын оқырмандардың да оқи отырғанын құп көрдім.

Өлеңдері https://baq.kz/ сайтынан алынған.

ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ

Мадақ жыры

Ағарып ақ таң атқаны үшін,

Жарық нұр жерді жапқаны үшін.

Ғаламның мынау ақтарып ішін,

Қызарып күннің батқаны үшін - Аллаға мадақ!

Өзеннің тулап аққаны үшін,

Көлдердің көлкіп жатқаны үшін,

Тірі жан болып шапқаның үшін,

Тірліктен талшық тапқаның үшін - Аллаға мадақ!

Аязы менен аптабы үшін,

Пәниде сор мен бақ бары үшін,

Ыстық қан бойда аққаны үшін,

Жүрекке сәуле жаққаны үшін - Аллаға мадақ!

Жазира дала, таулары үшін,

Бал-шырын нәсіп – бау-бағы үшін,

Аспаннан ырыс жауғаны үшін,

Емшегін жердің сауғаның үшін - Аллаға мадақ!

Ай менен күннің аманы үшін,

Шекеңе жазған заманы үшін,

Ауысқан маусым, амалы үшін,

Дауылы, желі, самалы үшін - Аллаға мадақ!

Жер менен көктің арасы үшін,

Иманның шексіз бағасы үшін,

Адамның ғана баласы үшін,

Жіберген ақыл-санасы үшін - Аллаға мадақ!

Ләмәкән, оның тұрағы үшін,

Жіберген ұлық «Құраны» үшін,

Мақшарда болар сұрағы үшін,

Жұмақтың жұпар бұлағы үшін - Барлық мадақ,

Саған емес, бір АЛЛАҒА!!!

Қазақстан, қайдасың?

Отаныма туды ғой деп азат күн,

Мен шетелден елге оралған қазақпын.

Шекарадан өтпей тұрған кездегі -

Қиялдағы Қазақстан,

Ғажап-тын.

Келдім дағы бір күдікке мінгестім,

Алатаумен тілдестім,

Сарыарқада күн кештім.

Алакөлді айналдым,

Шалқыған шалқар Каспийдің Толқынына үн қостым.

Ендей де, бойлай шарладым,

Таппадым сені ардағым…

Көк дөненімді тағалап,

Ертістің бойын жағалап,

Қос қанатымды сабалап,

Сырдың да бойын сағалап,

Іздеуден сені танбадым,

Таппадым, бірақ ардағым.

Қыс-жазым өтсе, күз дедім,

Ертеңнен күдер үзбедім.

Табам деп күнде өзіңді

Жиырма бір жыл іздедім.

Таппадым, бірақ талмадым,

Қайдасың менің ардағым?

Ашылсын көзім, жайнасын,

Шешілсін тілім, сайрасын.

Ырысым, құтым өзімнің -

Қазанымда қайнасын.

Биі мен бегін Алашым,

Адалынан сайласын.

Адасқан күндер айыбын -

Босағама байласын.

Алашымнан туған ұл -

Антынан берген таймасын.

Осы еді менің арманым,

Жалғанда жалғыз ардағым-

Қазақстан, Қайдасың?!

Көк туым қолымда

(Халық қаһарманы Қ. Рысқұлбеков рухына)

Көк түс - менің Тәңірім мен кендігім,

Өрнек - менің тыныштығым, елдігім.

Ал алтын күн - менің туған құдайым,

Ата қыран - серілігім, ерлігім.

Көк ту барда ақындардың мен дүрі!

О, көк жалау, желбірей бер, желбіре,

(Мына жұртқа керек екен енді не?!)

Көк аспанмен тұтасқан бір әлем боп,

Жауларыңды жасыныңмен пергіле.

«Ақыр түбі әділеттік жеңді», -де.

Ойхой, менің арман туым - ардағым,

Сені армандап мен үш ғасыр зарладым.

Білсе егер жер бетінде бір халық,

Мен білемін азаттықтың салмағын.

Арман емес менің өзге арманым.

Алаулай бер, намыс туы - асылым,

Өзің барда мен бір елдің басымын.

Қолыма әкеп арманымды қондырған,

Адамзаттың жөнге салып тасырын,

Айналайын ХХ ғасырым!

Көк ту барда мен ешкімнен кенде емен,

Бақыт, байлық, жетіп жатыр шен деген…

Мен ауырсам, өткенді ойлап ауырып,

Сосын келіп көк туыммен емделем.

Біз бақытты өлшемейік теңгемен!

Көк ту барда күрсінбеймін, тозбаймын,

Алаулаймын, лапылдаймын, қоздаймын…

Сәл мұңайған достарыма мен ылғи,

Көк туымды әрлі-берлі қозғаймын.

Мен қолымды туға бекер созбаймын!

Сен алаула, сен биікте көк пірім,

Өзіңменен өсер менің шоқтығым.

«Мақта!» десең, жан салмаймын алдыма,

«Сақта!» десең, жасырмаймын, көп мінім.

Бірақ сенсіз жоқ тірлігім, жоқ күнім.

Тірілердің «тіл-көзі» де бек қиын,

Аулақ, аулақ ала дауыл - от құйын.

Бәрін қойшы, аман болса көк жалау,

Қалған қайғы, басқа бақыт көк тиын.

Тәңірден де сұрар өзге жоқ бұйым.

Қасиетті көк байрағым - ар туым,

Шабытымды шарықтатты шалқуың.

Еңкетпеймін, кірлетпеймін мен сені,

Жаратқанның зорға берген тартуы -

Сөзсіз менің саған бәрін сарқуым!

О, көк перім!

Алаулатып аспанымда өзіңді,

Айтып өлем, айтып өлем сөзіңді!

Үш ғасырда өзің үшін күресте

Жойып ала жаздап едім көзімді.

Тағдырыңа бұдан былай керексе -

Құрбандыққа атап қойдым өзімді!

Мұқағалимен мұңдасу

Қарасазда қара өлең жастан бақтың,

Өлеңдеттің өлкеңді , дастандаттың.

Сен, сен ғана, о, Мұқа, жырларыңмен,

Аспан таудың атағын аспандаттың.

Жырлаулардың әлемін ауыл қылдың ,

Сенің де ылғи « түсіне тауың кірді »,

Соны қырдан сөз - тыңға түрен салдың,

Атағыңды алты Алаш – қауым білді.

Жаныңа жыр, санаңа мән дарыпты ,

Талғамыңды Хан-Тәңір заңғар ұқты .

Қара өлеңге өзіңше «шекпен жауып» ,

Оған және өзгеше жан дарыттың .

Мағжандардың мұраттас інісі едің ,

Махамбеттің Саржайлау тынысы едің .

Шежіресін шерлі елдің шерте білдің ,

Таба білдің дертіңнің дұрыс емін.

Біздің тарих дүрбелең жасын, дауыл,

Мұзарттардан мұратын асырды ауыл.

Мүмкін сен одан биік самғар ма едің,

Тумағанда кер заман, ғасырда ауыр.

Жыр-қазаның айналды күміс көлге

Күміс көлің ортаймас ырысты елде.

Шетсіз-шексіз мұхит боп шалқыр ма едің,

Кетпегенде көп күнің «Ильичтерге».

Шын өнердің киесін, күшін білдің,

Заман - қапас, сия алмай ішіп жүрдің.

«Ақынмын» деп қопақтап жүргендерге,

Ақындықтың не екенін түсіндірдің.

Өзегінен өлеңнің жаратылған,

Хан-Тәңірсің жырдағы дара тұрған ,

Мүмкін сен одан биік самғар ма едің,

Қаппағанда кандендер қанатыңнан.

Ауырып сөз - өнердің дертіменен,

Күн кештің оның ауыр сертіменен.

Бақ іздеп, атақ қусаң - табар едің ,

Қойды ма оған сенің еркіңе өлең…

Бүгін келсең өлеңге, кеше келмей,

Немесе жүрсең әлі есен (өлмей!).

Тай мінген телпектердің мысын басып,

Бұрқатсаң дауыл - жырды есе бермей.

Мен дағы өз жолымды келем күреп ,

Біздің сор сіздікінен көлемдірек.

Бауыр да баяғыда кәрден шыққан.

Жарадан көз ашпады өлең-жүрек.

Қоң да жоқ, мен қасқада сауыр да жоқ,

Сүрінсек сүйеу болар бауыр да жоқ.

Қаладан қажығанда барып қайтар,

Сенің Қарасазындай ауыл да жоқ.

Біздің күн сіздікінен жайдағырақ,

(Барамыз партия емес, байға жылап.)

Жағдай жоқ қалам алар жайланып ап,

Біздегі замана да айлалырақ

… Азатпыз.

Ел қабағы жайдарырақ…

Тіл жатыр есеңгіреп, сайда құлап.

Бұл күнде Абайды оқып шаршағанша,

Орысша боқтау білген пайдалырақ.

«Ақынбыз» деп біреулер қопақтайды,

Арам шөбін өнердің отатпайды.

Елді жинап күнде оқып екі өлеңін,

Туып шыққан тауықтай қоқақтайды.

Керексе сырық жалғап құрыққа да,

Керексе мөңіредік тұлыпқа да,

Отызда оралып ем Отаныма,

Мінеки, Сәлем бердік қырыққа да.

О, Мұқа, сенен несін жасырамыз,

Біз дағы кейде «жөнсіз» шашыламыз.

«Ей, Оралман» дегенде “оразбайлар”,

Есімізді жиямыз, басыламыз.

Жүргенмен ән бөктеріп, күй өңгеріп.

Біз дағы дәрі ішеміз, жиі емделіп.

Жауларым енді жыға берген кезде,

Қолтықтан демейді ылғи ием келіп.

О,Мұқа, саған ғана сырымды аштым,

Тасырдың тауын шағып, жынын бастым.

Алланың бар екені рас болса,

Пенденің шалғанына жығылмаспын.

Шуаққа бірде артық, кем бөленіп,

Сендей емес, қалдық біз «жөнге келіп».

Отызда бұзатұғын «орда таппай»,

Қырыққа жай, әншейін дөңгеледік.

О, Мұқа , осындайда өзің келіп,

Замананың жіберсең сөзін бөліп.

Мүмкін, сен, өлеңменен қоштасар ма ең,

Бүгінгі тілдің сиқын көзің көріп …

Қайта келсең шуаққа қанар ма едің,

Жан-жараңның біреулер табар да емін…

Кришнай бауырыңмен сөйлесе алмай,

Бақиға қайта кетіп қалар ма едің?!

Нысаны жоқ ұлы көш, іргелі істің,

Бекер зарлап «жартасқа», құр керістім.

«Қазақтың жігітінен дос таба алмай»,

Өзіңнің рухыңмен сыр бөлістім.



Бөлісу: