Ұлттық порталға қадам бастық

Ұлттық порталға қадам бастық
жеке
блог

Барлықтарыңызға жалынды сәлем!

Бүгіннен бастап “Massaget.kz”порталында блог жүргізуді бастаймыз. Қызықты ақпарат пен ұлттық айшықтарға толы портал жайлы өнердегі ағамыз Нұрлан Албаннан естіген болатынбыз. Міне, бүгін уақыт тауып, порталдың қолданушыларының қатарына қосылдық. Блог жүргізу барысында сіздермен шығармашылық жоспарлар мен жаңалықтарымызбен бөлісетін боламыз.

Біздің топ жайлы біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан да, алғашқы блогымызда өзімізбен таныстыруды жөн санадық. «Арт-Дала» тобы 2005 жылы құрылды. Топ мүшелері барлығы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде қобыз класы бойынша білім алған. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның түлектері. Әрқайсысымыз бірнеше музыкалық аспапты жетік меңгерген кәсіби музыканттармыз. Қобыздың қоңыр үнін заманауи музыкамен байланыстырып, аспаптың  барлық мүмкіндіктерін таныстыруды көздейміз.

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда қазіргі таңда біздің төл өнеріміз қарқынды дамуда. Төл өнерімізге, соның ішінде ұмыт бола бастаған дүниелерге назар аударылып жатыр. Кәсіби музыканттардан құралған жаңа топтар, жаңа есімдер пайда болуда. Алайда, біз осы топтардың бірі болып қана қоймай, ең алғашқы болып, қобызда ойнаудың жаңа тәсілін енгіздік. Алғашқы болып, дәстүрлі орындықта отырып ойнау тәсілінен аспапты қоржынға салып, тұрып ойнау тәсіліне көшкен болатынбыз. Аспапты қоржынға салу идеясы - топ мүшелерінің жеке меншігі.

Шығармашылығымыздағы жаңалықтармен бөлісетін болсақ, өткен 2011 жыл біздің тобымыз үшін өте табысты болды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойының қарсаңында «Арт-дала» тобы «Жастар» сыйлығымен марапатталды. Топ жарып, үздіктердің қатарынан көрініп, мемлекет тарапынан мұндай жүлдеге ие болу біз үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ, еліміздің тәуелсіздігінің құрметіне ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатыстық. Малайзия, Сингапур, Гонконг сахналарында өнер көрсеттік.

Қазіргі таңда шығармашылық ізденіспен қатар, жаңа туындылар жаздырып жатырмыз. Виктория» туындысына бейнебаян түсірдік. Жақында тұсау кесері өтіп, бейнебаян жергілікті арналардан көрсетіле бастады.

Алдағы күндерде де шығармашылығымызбен кеңінен таныстырамыз деген ниеттеміз. Аман-есен жүздескенше, достар!