Ойындағы бір сәттік ой

Ойындағы бір сәттік ой
жеке
блог

Соғыс

Таңертеңмен бір топ жігіт болып жатахананың бірінші қабатында кездесуге келістік. Барлығы жиналған соң көтеріңкі көңіл күймен университет территориясынан шықтық. Автобуста да қоймай алдағы ойынды талқылаудамыз. Екі қарсылас топқа бөлініп те үлгердік. Бес-алты аялдаманыны өткеннен кейін, “Пейнтбол” алаңы көрінді. Алаңда окоптар қазылған, жаудан қорғанатын барикадалар тұрғызылған, әр түкпірде ескі шиналар  шашылып жатыр. Кәдімгі соғыс алаңын еске салады. Бізді сауыттармен жабдықтырып, қарулар таратылды. Пейнболда қару “маркер” деп аталады. Оқтың салмағы 6-10 грамм, 90 м/сек жылдамдығымен ұшады. Сондықтан алаң иелері 3 метрден кем жерден қарсыласқа оқ атпауымызды өтінді. Алаңның екі бұрышында тұрып, сықырғыны ести сала ойынды бастадық. Біздің топ екі-екіден жұп болып жүруді жөн көрді. Мен алға шапқанда жолдасым жауды бақылап тұрды. Кейін ол жүгіріп, мен бақыладым. Солай қарсылас базаға жетуді көздедік. Мен алдағы қарсыласпен атысып жатқанымда, серігімнің қалай ойыннан шығып кеткенін де байқамай қалдым. Сөйтіп менің де арқама оқ тиді. Осылай 2 сағат бойы ойынға беріліп, өзімізді соғыстағыдай сезіндік. Әсіресе жалғыз қалып, окоптың астынан өзіңе жаудырылған оқтардың қай тұстан бағытталғанын білмегенде, шынымен не істеріңді білмей, сасып қаласың. Осындай сәттердің бірінде көзіме 1941-1945 жылдар аралығында өткен Ұлы Отан Соғысы елестеді. Сол жердегі аталарымыздың сезімдерін айтсаңшы! Біз қателігіміз үшін ойыннан шығытын болсақ, олар өмірмен қош айтысатын еді. Екі сағат емес, екі айлап окоптан шықпайтын. “Маркер” емес пулемет, граната, танкілерден қорғануға тура келетін. Міне, батырларымыз соған төзген, Отандары үшін жандарын пида еткен... Ал мен осындайға дайынмын ба? Немесе соғыспасам да Туған Жеріміз үшін қолдан келгенін жасаймын ба? Болашақта тек тою үшін емес, халық үшін қызмет атқарамын ба? Осыған ой салып, бір сәт айналадағы шуды елемей қалдым...