Жалғыз жүре алмайтын жан...

Сені қашаннан танитынымды өзім де білмейтін. Бір-бірімізды мәңгілік танитындаймыз, бірақ сен маған әлі де беттері сыр бүгіп қалған кітап сияқтысың. Ақкөңіл, бірақ сәл уайымшылдау. Ұялшақ, арманшыл қыз. "Саған осы қандай адам жар болар екен? Ештеңе жақпайтын саған, сенің мінезіңе қалай шыдар екен?" - деп сұрайтынсың кей-кейде. Несіне соған уайымдайтыныңды түсінбейтін едім. "Мен сияқты бір бейбаққа өзім сияқты қиқарлау біреу жолығар", - дейтін едім.

Менің қандай да болсын бір жазбамда міндетті түрде сенен бір "ұнату", кейде "пікір" де тұратын. Онсыз жазған шимайымды елесте де алмаймын. 

Сен құрастырған суретте екеуміз бір-біріміздің қасымызда тұрып қалыппыз. Сәйкестік шығар дедім.

Туған күнімді жатқа білесің. Құттықтауды ұмытпайсың. Ал мен сенікін білем бе? Айыңды білгенмен, күніңді білмеймін. Ұят болды-ау(оны ұмытпай ескертетін "вконтактім" аман болсын).

"Жалғыз жүре алмаймын", - дейтінсің. Сөздеріңнің астарын мен түсінсем де, мардымды жауап қайырмайтын едім. "Онда қалаған жеріңе бірге барайық", - деймін де қоям. Мен де, сен де сенің "жалғыз жүре алмайтындығыңды" сылтауратып біраз жерге бардық. Бұл жүрсімізге қарап, бізді "жұп" қылып жібергендер де аз емес екен.

"Ештеңе жақпайды". Мүмкін көп нәрсені сынайтындығымнан, көп нәрсеге позитивпен қарамайтындығымнан солай ойлаған шығарсың. Ал шындығында сен де көп нәрсені ұната бермейтінсің. Сәл көңілің қалса, мәңгілікке ұнаудан қалатын(мейлі адам, мейлі зат). Сен кінәмшіл бойжеткен едің...

 

Сенен маған бір әдет жұқты.

Мен де жалғыз жүре алмайтын болдым.

Қайта келмейтін болса да, сол жазды сағынуды шығардым.



Бөлісу: