Мамандық таңдау мал таңдау емес!

Мамандық таңдау мал таңдау емес!
жеке
блог

   Мақаланың атын айқайлатып қоюын қойдым да, неден бастарымды білмей дал болдым. Қазір мектеп ұясынан енді ғана ұшқан түлектердің ҰБТ сынағын тәмамдап, болашақ оқу ордасын, болашақ кәсібін, яғни мамандығын қызу таңдау үстінде екені баршамызға мәлім. Өзіңіз байқағаныңыздай, қозғап отырған тақырып мамандық таңдау жайында болмақ.

   Бұл тұрғыда «Түсіне қарама, ісіне қара»,-дейді М.Қашқари. Ия, расында да, жұмыстың тоқтағаны, өзіңнің тоқтағаның. Ол сенің-компасың. Ал, бұл жауапкершілігі мол, ауыртпашылығы зор жолда бағдар тауып, еккен жемісіңнің қызығын көру үшін жақсы маман иесі болу керек. Мамандық таңдай отырып, тек жұмыс орныңды емес, өзіңнің қоғамдағы орныңды таңдайтыныңды ұмытпағайсың.

   Жалпы, «мамандық » сөзі  латын тілінен алынып, «жұрт алдында сөйлеу», «үндеу» деген ұғымдарды білдіреді екен. Өміріңдегі ең маңызды шешімдердің бірін мамандық таңдағанда қабылдайсың  десек артық айтқандық болмас. Қазақта мынандай керемет аталы сөз бар: бірінші мамандық, екінші жар таңдауда қателессең, қалған ғұмырың қателікпен өтеді. Сондықтан да мамандық таңдағанға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені өз ісіңнің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған қасиет. Ол үшін әуелі таңдаған мамандығыңа деген махаббат қажет. Махаббат-адам рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезім. Бір сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы тиіс. Сонда ғана бар ынта-жігеріңізбен жұмысыңызға құлшына кірісіп, өз ісіңіздің үздігі атанасыз. Осы іңкәр сезімді кеудеден оятқан жағдайда ғана қоғамға пайдаңыз тиеді. Адам өзіне «Осы мамандық маған сай келеді ме?», «Отанымның өрге жүзуіне қандай да бір ықпалы тиеді ме?» деген сыңайлы сұрақтарды қоюы керек. Қазіргінің жастары сұрақты қоймақ түгіл, кім боларын білмейді. Жоғары оқуы орындарын бітіргендердің басым бөлігі экономист, заңгер, дипломат мамандықтарын құрайды. Олардың пайымдауынша, сол кәсіп иелерінің болашағы зор. Теріске шығаруға болмайды, бұл мамандықтардың басқаларға қарағанда табысы да, мүмкіндіктеріде көптеу шығар. Дегенмен, бұл, меніңше бұрыс ұғым. Нақ осы мамандықтар бойынша жұмыс тауып, бір жерге сіңісіп кетуі екіталай. Жұмыс сайрап тұр деп кім айтты? Осының салдарынан талай жастарымыз дипломадарын құшақтап, базарда, құрылыста жұмыс жасап жатқандары жасырын емес. Өзі қаламайтын мамандықтың иесі болып жүргендері қаншама? Ертеңгі кұні солардың кейпіне енбеу үшін жеті рет өлшеп, бір рет кес, бір сәт жүрекке үңіліп, жаның қалаған мамандықты таңдай біл, дегім келеді.

  Бір ғана мысал келтірейін, осы жылғы түлектер қатарынан «мұғалім», «құрылысшы», «аграном» сынды қарапайым мамандықты таңдаған адамды кездестірмедім.  Барлығы қолдарын аспанға созады, соңында қу тізелерін құшақтап қалмаса болғаны. Мансап, билік деп ашкөзденіп, адамгершіліктен аттап кетпелік. «Ең дұрыс мамандық-адам боп қалу» деген.

   Толыққанды білімді маман бүгінгі Қазақстанға ауадай қажет. Алла тағала тәй-тәй басқан «Мен болашақ маманмын» дегендерге, ең алдымен, тәрбие, сана, білім берсін, деп тілейік.