Адамның басты бағасы неде?
жеке
блог

Адамның басты бағасы неде?

Екі күн үйде жатып, небір ойларға берілдім.

Оңаша жер, жалғыздық дегеннің денсаулыққа кейде пайдасы бар секілді. Өз-өзіңді қолға аласың, болашаққа мақсат құрасың, өз-өзіңмен сөйлесесің.

Өз-өзіңмен сөйлесу дегеннен шығады, біз көбіне өз үнімізге құлақ түре бермейтін секілдіміз. Бір сәт өзіңе сырт көзбен қарап көрсең, бәрі алақандағыдай көрінеді ме деймін.

Кейбір адамға қарасаң, зор сияқтысың, осы күніме, осы болмысыма шүкіршілік дейсің. Ал кейбір адамдардың терең пайымына қарап, жанында жай ғана төбешік болып қаласың. Кімнің кімнен киімі артық деген нәрселер бір күнде қолдан сусып түсетіні рас. Бірақ сәнді, қымбат киіну – болашақ карьераңнын алғашқы баспалдағы да. Парадокс дейміз бе?

20 ғасырда сурет өнерінде кубизм бағыты пайда болды. Шынымды айтсам, мен осы суреттерге қарап отырып, ештеңе түсіне алмаймын. Иә, ол суреттерден рухани ләззат алатындар бар. Көп. Бірақ... 

Сосын рокты түсіне алмаймын. Рокқа жан-тәнімен беріліп, рокпен ауыратындарға да түсініксіз кейіппен қараймын. Мені Пикассоның жанкүйерлері мен рокты сүюшілер жазғыратын шығар, иә, бірақ маған нақты аргумент айтыңыздаршы? 

Алдымен не нәрсе болсын, жалпы халыққа арналып істелуі керек емес пе? Қарапайым халық түсінбесе, оның несі өнер?


Не дегенмен, адамның басты бағасы – еткен еңбегі. Александр Белл телефонды ойлап тауып, дүниенің екінші шетімен байланыс орнатты, Юрий Гагарин алғаш болып ғарышқа ұшты, әлемді өзгертуге, жақсартуға талпынған адамдар туралы сағаттап айтсақ та, артық емес. Көптеген суреттің ішінен Леонардо да Винчидің портретін анықтап көрсете алмасақ та, Мона Лизаны еш картинамен шатастырмайтынымыз рас. Өз басым Джанни Версаченің түрін біле бермеймін, ал брендтің киім, тауарлары туралы айтудың өзі артық шығар.

Бұл тұрғыда қазақ «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп, қазіргі еңбегің кейінгі ұрпақтың жемісі екенін ұқтырады.

Біз сүйеміз, сүйікті боламыз, жараланамыз, жазыламыз, қайта сүйеміз... Махаббат заңы адамдарды зеріктірмеу үшін ойлап табылған секілді. Қатты сүйіп, жазылған соң, ол сезімнің еш мәні де, мағынасы да қалмайды, ол адам жүректің патшасынан қатардағы көп адамның біріне айналады. Бәрібір жүрегің тыныштық, жайлылық таппайды, ол кезде басқа біреу деп соғып үлгереді. Өмір махаббат үшін берілген десек, махаббат та адамды алдайтын болғаны ма? 

Ой тастаңыз, осы өмірде әр адам не бітіріп үлгеру керек? Біз не үшін өмір сүреміз? 

Сурет: fonstola.ru