Өлең хат
жеке
блог

Өлең хат

Менің сені сағынып,
Сенің мені ұмытқаның белгілі.
Бүгін кешкен сағынышым – сағыныштың сеңгірі.
Нөсер көрген от сезімің неге өшті ертерек
Таусылды ма дегбірі?

Көрініп ед біздерге
Тым жақын боп қос жүректің арасы.
Сенікі –бір, менікі – бір жыр жүректің дарасы.
Көзден кетіп қалсаң дағы, өшпей жатсың көңілден
Шын ғашықпын шамасы.

Бір тіл қатшы сағынып,
Адастыршы мен бейбақты есінен.
Ажыратшы, үзіп алшы жалғыздықтың көшінен
Жалған үміт, жалған сезім, естимісің барлығын...
...Барлығын да кешірем!

Қайда екенсің, бақытым?
Қайда жүрсің, амансың ба, білмедім...
Өмірімнің жыр есігін аштың, бірақ кірмедің...
Мен ұсынған төрді елемей, артық көрдің бір жанның
Жүректегі дүрмегін...

Оқырмысың, білеймін...
Саған жазған кезекті өлең-хатымды...
Естірмісің кеше өзің жақын көрген жат үнді?!
Жұдырықтай менің бейбақ жүрегіме не дейсің
Өшірмеген атыңды?!

Кешермісің, кеш десем...
Келермісің жүрек сені шақырса?
Жан арайым болармысың, мұнарланып таң тұрса?
Құшағыңды ашып қарсы аласың ба бұл жаным
Саған қарай талпынса?!

Жетім сұрақ барлығы...
Жауабы жоқ бірінің де бүгінде...
Үзіп алмақ менде ой жоқ үмітімнің түгін де...
Сен аман бол, мен де аман болайыншы, бәрібір
Бір боламыз түбінде!
(Ин Ша Аллаһ!)