өлеңдер
жеке
блог

өлеңдер

Жауынды сүйем, жасымды жуып жұбатқан,

Тамшысы   менің  жүзіме сонша құмартқан,

Қолшатырымды алып  тамшыға бердім еркімді,

Шашымнан сырғып, еркелей аққан құлақтан.

 

Құлақтан төмен еркелей ақты тамшылар,

Тамшыда біздер бағаламаған әнші бар,

Аспаннан бізге түскен әр тамшы нәсіп қой,

Онымен бірге жыламай қалай хәл шыдар.

 

Жауынды сүйем, себелей ескен желменен,

Жаумаса жауын нәр алар еді жер неден.

Жауыннан кейін күн шықты жайнап жадырап,

Көңілді жылы шуаққа лық қып кернеген.

 

Тамшылар  түсіп  басқанда жердің шаңдарын,

Жан беріп жерге, жасады желек қамдарын,

Жаңбырдан соңғы ауаның иісін айтсаңшы,

Түсінем  бұны  құдіреті деп  Алланың.

 

***


Қапыда кеткен сан арман,

Сан арман гүлден  жаралған,

Сен мені іздеп жүрсең де,

Мен сені іздеп таба алман.

 

Қапыда қалған сан күдік,

Сан күдік бермес жанға үміт,

Үмітсіз жүрген мен бейбақ.

Басымды тас пен жарға ұрып.

 

Қапыда кеткен қиялдар,

Сен жайлы маған күй арнар,

Қиялдар сенің кейпіңде

Түсімде мені жиі алдар.

 

Қапыда кеткен қоңыр күз,

Ол дағы қалды өмірсіз.

Қоңыр күз мені тыңдаса,

Қалмас па едім мен үнсіз.

 

***


Сарылған сары уайым, сағыныш, сары күз,

Сарыға санасы боялған сары қыз.

Сезімі  сарқылған Аралдың суындай

Сағымға айналған  самалдай жаныңыз

 

Сабылған тіршілік, қарбалас  халіміз,

Жақсылық күтеміз өмірден әлі біз.

 Семейде ядроны сынаққа салғанша,

Жүрекке жасайын бір үлкен жарылыс.

 

Жанымның сүйеуі кеткендей   қисайып,

Кетсінші ендеше менен-ақ жүз айып,

Көктемде өзен көл тасыса жерді емес,

Кетсінші мендегі жүректі  су шайып.

 

Жүрегім алады ішіне сыр сақтап,

Шабытым барады сезімнен жыр саптап,

Жердегі майсаны шұрық қып тескенше

Нөсерлер жанымды  қирытсын бұршақтап.

 

Біз енді бөтенбіз, бір емес жанымыз,

Бір келмес түніміз, бір атпас таңымыз.

Сонда да түңілме өмірден, өтінем.

Сағыныш жамылып, сандалған  сары қыз.