Байлық деген кейде жиіркенішті болып кетеді ...

Байлық деген кейде жиіркенішті болып кетеді ...
жеке
блог

                            «Тәрбие басы – тал бесік» дейді қазақ жұрты. Тіпті, ислам дінінде бала құрсауда жатқанында-ақ  анасынан, әкесінен, айналасындағылардан тәрбие алады  делінген.

  Тәрбие туралы бұл анықтамалар неге керек десеңіздер, ол мына оқиғаларға сүйеу болмақ. Яғни, мен тұратын көшеге екі қабатты зәулім үй тұрғызып, жаңадан қазақ көрші көшіп келді. «Алыстағы жақыныңнан, қасыңдағы көршің артық» демекші,  қашанда бір ауылдың тұрғындарындай болып, өте тату, ынтымағы жарасып, жақын араласатынымен қатар, көшенің сәнін, берекесін келтіріп кішкентай балалар ойнаудан жалықпайтын. Бірде, жас балалардың көңіл-күйін қашырған «Мен баймын! Мен екі қабатты дәу үйде тұрамын» деп әлгі жаңа көршінің кішкентай тұрғыны, яғни 7-8 жас шамалас ұл баласы марқайып, көкірегін бесіктен белі шықпай жатып кердитіп, өзінің емес, әкесінің дүниесіне шалқып тұрып сөйлегені мені бей-жай қалдырмады. Иә, мұны естігенде жүрегімнің ыстық жалынын мұздай сумен басып жібергендей, өте жағымсыз күйге түстім.

  Ал, дәл осы секілді жағдайды құрбымның да басынан кешіргенін біліп, кейінгі ұрпақ қайда ауып барады деген күмәнді оймен қатты қапаландым. Ауласында ойнап жүрген кішкентай қыздар балалыққа тән ренжісіп қалған көрінеді. Сонда, бірінің өзіне шаң жуытпай, мірдің оғындай айтқан сөзі: - Сен кімсің, құмнан шыққан! Ал, мен, мені білесің бе кім екенімді?! Мен прокурордың қызымын,- дегенді естіп жағамды ұстадым.  

   Сонда қалай болғаны, бір-біріне бауыр болудың орнына, осы қазақтарға кішкентайынан бастап сен кедейсің, мен баймын деп бөліну жігі қаншалықты орынды қылық?

   Кім өз баласын қатардан қалдырғысы келеді?! Әркім өз сәбиінің киімі бүтін,  қарны тоқ болуы мақсатында еңбек етіп, тырысып-бағады емес пе?! Дегенмен, ең бірінші орында «тәрбие»  ұмыт болып кетпегені абзал еді. Сонда қалай болғаны, ата-анасы үйде отырып ұл-қыздарына қазаққа тән қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, мейірім мен қонақжайлылықты үйретуде ақсақтап барады ма екен?! Осы орайда, тәрбие мен дүниеқұмарлық таразыға түскендей, менің кеудемде кішкентай жеткіншектердің бұл қылықтарына жүрегім әбден жараланды десем де болады. Тіпті, «байлық», «дүние» деген нәрселерге жиіркенішпен қарап, жүрегімде намыс оты тулай, өртеніп, өршіп кетті. Бұл орайда, мына көргенімді де қоссам жарар еді. Бейбіт заманда, қаланың ең мәдениетті саналатын орталық  көшелерінің бірінде құрбыларыммен келе жатып, анасының көлігінің артында уайым-қайғысыз отырған мектептің  жас оқушысы болатындай әп-әдемі қыздың терезеден жазықсыз біздерге саусағын шұқшитып, тілін шығарып бара жатқаны не сұмдық десеңізші! Ата-ана балаларының осындай жағымсыз іс-әрекеттерін бағып, жөнсіздерін тыйып, мәдениет пен әдептілікке, адамды сыйлау мен құрметтеуге, анағұрлым мейірбан болуға үйретсе, қоғамымыз нағыз қазаққа тән биязылықтың төрінен шығып, елдің сүйіспеншілігіне бөленер еді-ау!

    «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, көбінде аналарымыз жұмыс басты болып, бала тәрбиесіне аса көп көңіл бөлуден қалып жататыны жасырын емес. Бала өз бетімен тәрбиені көбінде теледидарлардан, ғаламтор мен компьютерден алып жатады деген әңгімелер талай жерде қозғалып, бұл мәселенің дауы шешімін тауып, жемісті жауапқа ие болып жатқанын көрмейміз.

   Әңгімені мектеп тәрбиесіне де аударсақ, баяғының балалары «ұстаз» деген аттың мәнін терең түсініп, ұстаздың алдында қашанда бас иіп, айтқан сөзін екі етпей, өте қатты сыйлаушы еді. Ал, қазір ше? Қазір, расында заман емес, адамдары  тіпті өзгеріп кеткен. Оның себебі, әркім-ақ мойындайтын шығар, оқушылар баяғыдай емес, мұғалімнің айтқанына қарсы шығып, бетін жұлып, жағасын алатын кезге де келіп жеткен. Мұғалімнің міндеті де мақсаты да біреу- алдына келген әрбір оқушыға саналы білім мен салауатты тәрбие беру. Ал оны қалай, қайтып сусындату – өз еркі, ең бастысы жай оқушыдан тұлға, саналы адам шығару! (Ыбырай Алтынсариннің заманында тіпті баланы таяқтың күшімен оқытып, адам еткен).

   «Сізін» де ұмытып, сен сонша кімсің, маған осылай сөйлейтін, маған саусағыңның ұшын тигізіп, қол көтеретін кім едің?!» деп әлсіз болса да, ата-анасының лауазымына сеніп, бетіне шабатындарын мектеп қабырғасында жүріп талай кезіктірдік қой.  Ертеңінде ата-анасы байбалаң салып, «менің балама кім тиді» деп жүгіріп, байғұс мұғалімді үлкен жиналыстың астына алатыны өтірік емес, әдетке айналып кеткен жайт. Баласының сөзін сөйлеп, сол баласы үшін мың тал шашы ағарған ұстазды да адам көрмей, жерден алып, жерге салады. Отбасын асырау үшін мұғалім абыройдан айырылса да, өтірік күліп, әлгі ақымақ баласына аузын талдырып, мейлі оның санасына кірсін, кірмесін, білім беруін жалғастыра беруден басқа амалы жоқ, әрине. Ендігі әрі оған да, басқасына да дауыс көтеруге қорқып, оқушылар болса босаңсып, мұғалімнің басына шығып алуды жалғастыра береді. Ал, шынайы білім, қатал тәрбие аяқ сүртуге арналған шүберектей табан астында  қала бермек...

   Өкінішті... Бірақ, мұның бәрі тап-таза шындық. Адамгершілік дегеннен жұрдай болып бара жатқан осындай адамдар біздің айналамызда көп-ақ. Бірін жолдан ұстап алып «қой» десең, екіншісі жабайы өнерін көрсетіп шыға келеді.Бұған іштей күйіп, қапаланғаннан басқа еш амал жоқ...

 |2012/