Ататүрік және Манастыр
жеке
блог

Ататүрік және Манастыр

Кешегі жазбамда Балқандар мен түріктерді байланыстыратын көп нәрсе бар деп жазған едім. Айтқандай, Македонияның түріктер үшін зор маңызы бар.  Осы бөлімде айтатын боламын.  Үскіптегі семинар аяқталған соң, Македонияның маңызды тарихи жерлерін аралауға жолға шықтық. Біз барған қалалардың бірі – Битола.

Қаланың негізі Б.з.б IV ғасырда Ескендір Зұлқарнайын патша тұсында қаланған.  Грекияға жақын орналасқан. Грекше аты - Монастири ( Монастырь). Түріктер Битоланы Манастыр деп айтады. Қала Осман империясы тұсында тек Македонияның ғана емес, бүкіл Балқан аймағының сауда-саттық орталығы болған. Османлы дәуірінде қазіргі Албанияға тиесілі Драца, Үскіп (Македония), Едірне (Түркия), Селаник (Грекия) сынды қалаларға кететін тоғыз жолдың торабы теміржол болғандықтан, үлкен стратегиялық маңызы бар қала болған. Сондықтан Осман империясы бұл өлкенің негізгі кілт нүктесі деп қарап, ерекше маңыз берген, әскерді осында жасақтаған.  Османлы түріктерінен қалған бай тарихи орындар екінші дүнижүзілік соғыста жермен-жексен болған. Қаланың 80 пайызы македондықтар. Қалғаны албандар мен сығандар. Әсіресе біз мұнда қайыр тілеп жүрген көп сыған балаларды кездестірдік.


Мұнда түріктер тарапынан салдырылған ең үлкен Айдар Кади мешіті бар. XVI ғасырда салынған. Сондай-ақ, түріктер тарапынан салынған тағы бір архитектуралық ескерткіш – сағат мұнарасы. Мұнда да ескі түрік базары бар. Атмосферасынан бірден байқайсың. Ежелгі түрік еліне тап болғандай сезінесің.

Үскіпке қарағанда мұнда түрікше сөйлейтіндер жоқтың қасы. Базарларында теріден тігілген күртешелер мен, опанцы деп аталатын сандали аяқ киім мәшһүр. Жалпы қай қаласы болсын, мұнда қалта қағатын ұрылар бар көрінеді. Олай дейтінім,  бізге әр жүргенімізде кездескен жергілікті тұрғындар, иығымызға асқан сөмкелерімізге абай болуымызды бірнеше рет ескертті.


Жалпы Македонияға келгенде ескеретін бірнеше нәрсені айта кетсем. Жергілікті тұрғындар әсіресе, македондықтар елдің өткен тарихын қазбалғанды, қазіргі экономикалық, саяси жағдайы жайлы сөз қозғағанды ұната бермейді. Сондай-ақ, қоғамдық жерлерде шылым шегуге тиым салынған. Түнгі он екіден кейін көп кафе, ресторандар жұмыс жасамайды. Ақша бірлігі – Денар.

Мұнда түріктер үшін ең маңызды орын бар. Ол – Мұстафа Кемал Ататүріктің білім алған әскери мектеп-гимназия.   Грекиядағы Селаник мектебін бітірген соң, Мұстафа Кемал Ататүрік білімін осында жетілдірген. Түрік тарихына деген қызығушылығы осы гимназияда оқып жүргенде артқан екен. Қазір бұл мекеме мұражайға айналған. Мұражайдың бір бөлігі TİKA тарапынан жөнделген, Ататүрікке арналған естелік бөлмелері бар.  


М.К.Ататүріктің әскери киімдері мен туу туралы куәлігі

Мұражайды аралап шыққан соң, осында капалы чаршы (жабық базар) бар деп естідік. Капалы чаршы дегенде Измир мен Стамбулдағы атақты жабық базар көз алдыма елестейді. Әрбір кездескен тұрғындардан «Түркістан» газетінің тілшісі Нәзия әпке екеуміз сұрастырамыз деп базарды іздеп сандалдық. Ақыры таптық. Жабық базар деген ұғым Түркияда кең таралған соң, екінің біріне мәлім. Сондықтан сондай атақты базар деп ойладық. Сөйтсек, қаңырайған бос бөлмелері көп, кәдімгі сауда орны екен.


Сарсылып іздеген капалы чаршы. Жабық базар. 

Македонияның басқа жерлерін өткен жазбамда жазып кеттім. Тағы бірі Жупа деген жерде Кожажық (түрікше Kocacık) деген ауылға бардық. Бұл жерде Ататүріктің әкесі Әли Рыза, оның әкесі Қызыл Хафыз Ахмет Эфенді өмірге келген. Манастрда  «қызылдар» әулеті аталып кеткен текті әулет, кейін Селаникке қоныс аударған.  TIKA-ның қолдауымен Ататүріктің әкесі Әли Рызаға арнап үй тұрғызылған. Қайтайын деп, автобусқа мініп ішінде отырсақ, сыртта қазақтармен кездескісі келетін бір топ кісі бар дегенді естіп атып шықтық.  Өзім, қазақтар бар деп естіппін. Жүрегім алып ұшып, мұнда жүрген қандай қазақтар деп шықсам, Қазақстанға баратын жоспарлары бар жұмысшы тұрғындар екен. Қазақстан туралы сұрап, мәлімет алды.


Косоваға бет алған сапарымызда жолда, Калканделен деген жерге келдік. Мұнда жолай  Харабати Ата медресесіне бас сұқтық. Ескіде сұлтан Сүлейменнің әйелі Мехрибан ханымның ағасы тарапынан салдырған медресе екен. Қазір діни бір мекен. Үлкен бақ ішіндегі бір үйдің сыртқы қабырғасынан және ішінен маған белгісіз бір адамның портреттері көзге бірден түсті.  Дәруіштің  айтуынша бұл жер Қажы Бектас әуленің жолын ұстанушылардың зиярет ететін орны. Әңгімесінен ұққаным, Хажы Бекташ біздің Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерінің бірі болған екен. Қожа Ахмет Яссауиді біз қадір тұтқанымызбен негізі сопылық жолды ұстанған діни адам болған ғой. Теріс айналған сағат, құран мен қатар тұрған інжіл кітабы, АҚШ-тың байрағы бәрі, бәрі маған бір түрлі көрінді. АҚШ-тың байрағы неге тұр деген сұрағыма, бұл жерде басқа да мемлекеттердің байрағы да тұр. Бұл да солардың бірінен деген жауап алдым. Інжілдің тұрғанына да «Біз мәзһәб, діндерге бөлінбейміз. Инсани тұрғыдан бәріне тең қараймыз» деген жауап алдым. Кім біліпті, сопылықтың, дәруіштердің ұстанған бағыты сондай шығар. Діннен хабарым жоқ болғандықтан тереңге барып сұрамадым. Бұл аймақта албандар көп тұратындықтан мешіттер де, діни орындар да көп. Себебі албандардың 99 пайыз мұсылмандықты ұстанады. Естуімше, Хажы Бекташтың тағы бір үлкен ордасы Албанияда деп естігем. Сондықтан бұл жердегі діни орынның орналасқаны географиялық аймағына қарай қалыпты жағдай деп қабылдадым. Косовада да АҚШ-тың ықпалы бар екенін ескерсек,  Косоваға тиіп тұрған бұл жердегі албандар үшін АҚШ байрағы үлкен маңызға ие сияқты...(Арамыздағы бір албан қыз, Америксыз біз албандар дем ала алмаймыз ғой деп астарлы кекесінмен күліп те алды.)


Әбдүлмүтәліп Бекер дәруіш. Албандардың діни сенімі ислам болғандықтан, олардың есімдері де мұсылманша, араб, түрік  есімдерін алған. 

Одан кейін аудан орталығындағы апалы-cіңілі Хуршиде мен Менсуре атты екі қыз салдырған мешітіне барып көрдік. Тұрғындардың айтуынша бірі мешіт, бірі монша салдырған көрінеді. Олар туралы мағлұмат жоқтың қасы. Мешіт ауласында тағы бір мазар бар. Ол жер апалы-сіңлі екі қыздың мазары көрінеді. Мешіт іші өте сәнді.

Одан кейін Косоваға шекаралас жерде жатқан бір албан кәсіпкердің ресторанына барып тамақтандық. Дәмді тағамдары мен қатар соңынан десертке  тәтті жемісті балмұздақ тарту етті. Македонияны артқа тастап, Косоваға қуанышпен бетке алдық. Алда біздің мемлекет тәуелсіздігін танымаған Косова сапары... Жалғасы бар.