Менің кураторым да, эдвайзерім де - Жанар...
жеке
блог

Менің кураторым да, эдвайзерім де - Жанар...

Иә, Жанар мен үшін кураторым да, эдвайзерім де саналады. Шыны керек, куратор, эдвайзер сөздерінің қандай мағына беретінін, қайдан пайда болған білмеймін, аса қызық та емес. Бір білетінім, әйтеуір, топқа жауап беретін басшы ғой.

Оспанов Еділ деген жас жігіт біздің топқа куратор болып тағайындалған еді. Алғашқы жылымыз аузымыз ашылып жүріп өтті, әйтеуір. Бірінші жартыжылдықта қазір күйеуге шығып кеткен Шелектің қызы Назерке тобымызға староста болған. О баста ойнап жүріп қыздар сол кісіні сайлаған ғой. Айбек пен Рауан да біздің топқа қосылмай, бірінші топта қалды. Сол топта жеті-сегіз жігіт болған. Ал Әлібек екеуіміз жиырма жеті қыздың арасында қалдық. Қазақ бөлімі. Екінші топ. Алғашқы 8-наурыздан аман шықтық. Екінші жылы ойыншықтар сыйладық-ау деймін. Ал үшінші жылы жиырмадан астам қызды әкемтеатрға апардық. "Қилы заманға".

Алғашқы жартыжылдықта көптеген қыздардың пәндегі бағалары төмен болып қалды, қол қоятын құжаттар уақытында толтырылмады. Қысқасы, Назерке пысық қыз емес ше! Сөйтіп, екінші жартыжылдықта қыздар ақылдаса келіп, білімімен көзге түскен, пысықтығымен мақсатына ұмтылған Абитова Жанарды сайлады. Жанар топтың көшбасшысы болды. Әлбетте, орыс тілі сабағында маған ешкім ілесе алмады.

Енді айтпағым, Абитова Жанар тек қана топтың жауапкершілігін арқалаған адам болған жоқ. Оқудың екінші жылында Оспанов деген "кісі" АҚШ-қа ұшып кетті. Тіл оқиды, тағы бірдеңе оқиды екен. Қалай кетті, солай оның да аты өшті. Сөйтіп, біздің топтың кураторы да, эдвайзері де өзіміздің Жанар болды. Қысқасы, бастық болды. Жанар өзінің қабілетін сол оқудың екінші жылында анық көрсете бастады.

Бірінші топтың жігіттері Жанарды "староста" деп мазақ еткен болатын. Бірақ кейінгі жылдары сол топтың екі қызы (старосталары) неше рет ауысып, неше рет тағайындалды. Күлме топқа, боласың оппа! Оппа! Жанар әуелі фәкөлтеттің атынан тіл жарыстарына қатысып жүріп, жүлделерге ие болып, кейбір оқытушылардың сенімін ақтап, кафедраның көзіне түсіп жүрді. Бір күні тіл ғылымына қатысты ашық сабақ, одан соң дөңгелек үстел дей ме, сондай бірдеңелер өткіздік. Жанар - ұйымдастырушы, топтан ақша жинаушы, жоспар құрушы, т.б.

Жанар басшы болғалы дауыс көтеріп, ұрысатынды шығарды. Үндемей құтыласың. Бірақ ол топты осылай тәртіпке келтіріп алды. Жақсы жері, келесіде өтетін іс-шараларда бастығымыз бір айтады, ал біз дереу айтқанына қосыламыз. Уақыт өте тобымызды кафедрадағы оқытушылар мақтай бастады, жақынырақ тани бастады. Басқа да фәкөлтеттердің оқытушылары "Абитова Жанар" дегенде "ҚБ/2-топ" деген ұғымды түсіне бастады. Сәйкесінше, "ҚБ/2-топ" дегенде біздің бастығымыз Жанарды түсіне қоятын.

Топтың білім көрсеткіші де өсе бастады. Кез келген оқытушымен Жанар тез тіл табыса бастады. Емтихандарда аса қиындық болмады. Әлібек екеуміз тіптен оқымайтынбыз да, тек барып-қайтып жүретін едік. Әйтеуір, Жанардың жүгіруімен емтихандардан аман өтіп жүрдік. Менің жақсы әдетім бар еді, ауызша тапсыратын емтихандарға түк дайындалмай баратынмын. Есесіне, фәкөлтетте тобымыздың белсенділігі арта берді. Ал мен "проходной" бағаларды алып жүрдім. Басқа топтағылар дайындалып келіп "3" алатын.

Тағы не жазсам екен... Жаза берсем, таусылатын түрі жоқ. Бір күні Жанар марқұм Нұршайықовпен кездесуді өткізді. Әдеттегідей, біз ақша жинаймыз, шар үрлейміз, плакат, анау-мынау. Күлкіге қақырынып барып келетіні, Жанардың өткізген іс-шарасын деканат өз атына еншілеп алған еді. Шүкір, Жанар сол кеште өзі жүргізуші болды. Қызығы, сондай кештерде ән айтатын, би билейтін, домбырада ойнайтын қыз-жігіттер біздің топтан шыға бермейтін. Бізден тек Наркез домбырада ойнайтын, Майлықожаның термесін орындайтын. Байсабаева ғой. Поэзияға қатысты болса, Сағыздағы Адайдың қызы Ақмарал ер мінезді тұлғасымен жарқ етіп, "махамбетшілдігі" қозып, Махамбеттің өлеңдерін оқитын. Биыл күйеуге шығатын шығар, Атырауда жүр ғой мұғалім боп. Алғашқы староста Назерке басшылыққа пысық болмағанымен, үстел теннисінен әрдайым бас жүлделерді алатын.

Оқудың екінші, үшінші жылдарында жағдайымыз жақсы болды, шүкір. Фәкөлтетте аты көп аталатын топ болдық. Көптеген іс-шаралар өткізілді. Әлбетте, топтың ішкі саясатында кемшіліктер орын алып тұрды. Бір қызымыз оқудың ақшасын төлей алмай, төртінші жылға өтпей қалды. Қазір күйеуге шығып кетті-ау деймін. Грантта оқитын Дина деген қызымыз сабақтарға келмей, ақыры орнында қалды. Биыл бітіретін шығар. Сырттайға ауысқан қыздар болды-ау деймін. Кезінде оқуды бітіру керек болған, бірақ бітіре алмай қалған, өзіміздің деканаттағы Гүлмира апайдың (ҚазҰУ-дың да филфағының деканының оң қолы Гүлмира апай емес пе еді, ол кісінің өз көзіммен көргем кабинетінде) туысқаны сияқты бір қыз тобымызға қосылған оқудың соңғы жылында. Ол да, әйтеуір, бізбен бірге жүріп бітірді-ау оқуын.

Оқу жылдарында екі-үш қызымыз күйеуге шыққан болатын. Сол кезде топтағы белсенді қыздарға кейде "спонсор" болатынмын. Бірақ өзім бірде-бір тойға бармағам. Элеватордан оқу орнына әрең кеп жүрген адам едім 71-автобуспен. Әлібек Гауһардың тойына барған. Оқудың соңғы жылында аттестация дей ме, сондай бірдеңе болған. Сонда бәріміз дірілдеп жүрдік. Жоға, деканаттың өзі ғой көп қорқытқан. Оразахынова Нұрша апайымыз да: "Екінші курста тест тапсырарда бір дірілдеген едіңдер, енді бітіретін жылы тағы да дірілдейсіңдер", - деп бізге сөзімен қолдау көрсеткен болатын. Нұрша апайдың көп айтатын сөздері: "КазПИ кезінде...", "Оқымайтын болсаңдар оқудан шығыңдар, оқитын біреудің орнын иеленбей..." болатын.

Оқудың соңғы жылында Жанар бастығымыз әбден жұмсарды. Бірақ топтың ісіне жауапкершілігі әлі де керемет болды. Топтағы студенттерге бұйрық беруге бұрынғыдай қажыр-қайраты қалмаған еді. Ең қызығы, бізді "әдемілеп" суретке түсіріп кеткен, әдемілеп шығарып беремін деген, ақырында "әдемілеп" лақтырып кеткен фотоға түсіруші арық жігіт біздің ақшамызды алып кетті өзімен бірге. Әрқайсысымыз 8 мың теңгеден жинадық қой деймін. Енді сол жігіт не қайтыс болды, болмаса түрмеге отырды, мүгедек боп қалды деген сияқты "қараңғы" версияларға үмітімді арнаймын. Жамандыққа қайда ұшыраса да, аман болсын. Әлі жер басып, дөнер жеп, бала-шағасын асырап жүрсе, бір күні оңбайтынын ұмытпаса екен деймін. Жамандық жасасаң, алдыңа жамандық боп қайтады ғой. Ол адамның өзіне қайтпаған күнде оның отбасына, болмаса туыстарына қайтады. Бізге де сол керек, қазір фотоәлбомсыз отырмыз.

Жалпы, Жанардың басқару қабілеті керемет. Жоға, ол тек Word-қа мәтін жазуды, ВКонтактеде әңгімелесуді ғана біледі. Айнабұлақта тұрады. Блог жүргізетін сайттарды білмейді, блог деген сөзді естімеген. Контент-менежір, өмірі интернетке байланған емес. Қазір Абай атындағы "Дарында" (№10-ау деймін шамасы) мұғалім боп қызмет етіп жүр. Ұлттық кітапханада дайындалып жүр. Биыл мәгәстірге тағы да тапсырады. Өткен жылы түсе алмай қалды "каким-то образом". Докторлықты қуатын түрі бар. Әзірге жігіті жоқ десең, ә! :)

Топта тағы да басқа белсенді қыздар болды ғой. Солардың бірі Ләззат пен Динара да қазір Жанармен бірге бір мектепте қызмет етіп жүр. Ләззат басқа жерде әдіскер болған еді, ал Динара 59-да мұғалім болған. Жанар бастық екеуін өзінің қасына жинап алды. Биыл Атыраудан Ақмарал келетін сияқты. Сондай ниеті бар. Атырауда маса шағып тастапты. Бір күні "Дарында" біреуі директор, біреуі зауыш боп отырса, мен таң қалмаймын. Бұл қыздар ғылыммен айналысамыз дейді ғой. Қайдам, бес жыл ішінде оқу орнына оқытушы боп орналасып алатын шығар. Анау Акрамның жүрісі: қазір ТарМУ-дың бір жерінде кафедрада жұмыс істеп жүр. Мәгәстірін де оқып жатыр. Бұл кісілер Twitter-де жоқ әзілдесе қояйын десең. Содан елге танымал адамдармен әзілдесіп отырасың, бейтаныс адамдармен әңгімелесіп отырасың Twitter-де. Олар блог жазбайды, Canon/Nikon фотоқұрылғылары жоқ. Телефондарына видео түсірмейді YouTube-қа салатындай. Бірақ оқып жүрген, қызметте жүрген адамдар. Менің де миымнан шәпәтәқ еткізіп, интернетті алып тастаса ғой, шіркін! :)

Нұрбол аға да алғашқы жылы мәгәстірге түсе алмай, "Жас Қазақта" жұмыс істеді ғой. Биыл мәгәстірді бітіріп жатыр. Жақында 250 мың теңге де жеңіп алды. Мәләдес-әй! Жанар да биыл мәгәстірге түсіп кетсе екен деп тілеймін ал. Өкініштісі, қазір топтың студенттері жан-жаққа шашырап кетті, бірлік жоқ, хабарласу жоқ, т.б. Осман империясы сияқты ыдырап кетті ғой, қасқа!

Мен сияқты сіздер жайлы бірге оқыған таныстарыңыз бір жерлерде жазып жатса, қызық шығар, ә-на!? Кім біледі, мен жайлы да топтағылардан біреу бір жерге бірдеңе жазған шығар... Қой, құрысын, аман болсын бәрі! Әрі жүрсін, әрі!.. :)

Басшыға бағынғанның зияны жоқ. Басшыға құрмет көрсету - міндет. Басшыларымыз аман жүрсін! Ал Оспановты мойындай алмайды екенмін қай жерде жүрсе де. Оқудың соңғы жылында кураторымыз Жанар деген жас оқытушы болған, тіл білімі сабағын оқытатын. Ол кісі де екінші топтың басшысы болып мойындалмайды, түйіндемесі қарастырылмайды. Қария жасына жетсем де, топтың басшысы "Абитова Жанар" болды деп ыржаң етіп, қалған екі тісімді көрсетіп, таяғыма сүйеніп кете беремін пінсиә алуға... :)