Ағылшын тілі - жарқын болашақтың кепілі!

Ағылшын тілі - жарқын болашақтың кепілі!
жеке
блог

Осы күнге дейін еліміздің «Үш тұғырлы тіл» саясатына біртіндеп бетбұрыс жасауға деген қадамдар қоғамда түрлі қайшылықтар мен сан алуан көзқарастар тудырғаны мәлім. Тіпті бұл бастамаға қарсылық танытқан тіл жанашырлыры да аз болмады. Бұрын ауылдан қалаға арман қуып жеткен жастар орыс тілін білмегеніне қынжылатын. Ал бүгінгі таңда мүлдем керісінше. Жастардың болашағының бұлыңғыр не айқын болуы «ағылшынды» білуіне байланысты. Біздің ағылшыннан сабақ беретін оқытушымыз :«Егер ағылшын тілін білмесеңдер, барахолкада тәшкі сүйрейсіңдер!»-деп үнемі еске салып отыратын еді. (Базарда нан тауып жеп, күнкөріс жолында еңбектеніп жүрген аға-әпкелерімізді кемсітіп отырғаным емес.) Мінберге мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мәселесі тұрғанда ағылшын тілін білу міндеті жығылғанға жұдырық болып тиіп жатқан жоқ па? Әрине, ағылшын тілі - биікке қанат қақтыратын тіл. Оған дауымыз жоқ. Сәйкесінше, халқымызды әлемдік тілмен жаппай сауаттандыру ұлт болашағын ойлау емес пе? Көп тілді оқу – бүгінгі заманның талабы.  Болашақта елімізде ағылшын тілі 1-ші сыныптан бастап оқытылатын болады деген қиқу сөз шықты. Ой санасы толық жетіліп бітпеген балаға ағылшын тілін үйрету оңай болсын ба? Оларды оқытатын ұстаздарды қалай табамыз, егер бастауыш сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің басым бөлігі ағылшын тілінің орнына неміс тілінде оқығанын ескерсек. Бірақ еліміздегі тұрғындардың 95%-ы шетелге шықпаса, өз арамызда ағылшынша сөйлеспейтін болсақ оқушылардың миын 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілімен қатырудың маңызы жоқ секілді. Дегенмен болашақ  ұрпақ, аға буынға қарағанда әлдеқайда алғыр болмақ. Ағылшынды білу арқылы барлығымызға үлкен мүмкіндіктер көкжиегі ашылатындай көрінеді маған. Бұрын бақуатты адамдардың балалары, сондай-ақ, саусақмен санарлық «Болашақ» степендиянттары ғана шетелге барып оқып келуге мүмкіндік алса, қазір білім көкжиегімді кеңейтемін деген ағылшын тілін жетік меңгерген кез келген студентке жол ашық. Мысалы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ағылшын тілінде сайрап тұрған, GPA жоғары студенттерін Англияға, АҚШ-қа жіберіп тәжірибе алмаса алады. Ағылшын тілін білу адамның әлемге деген көзқарасын өзгертіп, өмір сүруге деген құштарлығын арттырады деп ойлаймын. Өмірдің бірізділікпен өтуі кейде жалықтырып жібереді. Жаңаның дәмін татуға деген ниет пайда болады. Бұл ойымызды іске асыруға әрине ағылшын көмектеседі. Себебі, тіл білсең әлемді аралауға біртабан жақын боласың. Күнделікті өмірде байқап жүргеніміздей, ағылшын тілін білетін азаматтар мен азаматшалар жұмыста ерекше бағаланады. Шетелден келген қонақтармен де тікелей солар араласып, басшылыққа зор көмек көрсетеді. Өз ортасында сыйлы болады. Күн санап ағылшын тілін меңгергендер көбейіп келеді..  Бұл « қараңғы қазақ» көгіне күн шыға бастағанның көрінісі.

 

 

Байтарова Сания Бақытқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-ші курс білімгері