Айтылмаған ақырғы сөз...

"Мен бір ғана адамға ғашықпын! Жаным да, жанарым да, жүрегім де, түсім мен тілегім де сол ғана... Тек өзім емес... 

 - "Мені сағынбадың ба?"-деген сансыз сауалдарға, оны сағынып жүрмін дегім-ақ келеді... Айта алмай кеткен ақырғы сөз...

"Күтемін... Күте беремін... Келсеңіз, қалсаңыз болғаны..." Мына сөздің бәрі де жүрегімді тілгілеген тілім-тілім тілектеріңіз... Адам бір бақытқа жету үшін бірін сарп етуге міндетті екен... Құрбансыз...

Болашағым, алдағым, арманымда бөтен кейіпкер... Өлеңім мен өмірімде де басқа пенде... Мен сізді аядай қаланың алақанына салып беріп, алып қаланың азаматына арқа сүйеген болдым... Кешірмесеңіз де өміріңізден өшіргіңіз келгені анық... Құқылысыз...

Мен қазір бақыттымын... Адам өзін құлай сүйген жанмен бақытсыз болуы мүмкін емесі белгілі... Мен өзімді сүйетін екі адам таба алғанымдай, екі арман таба алмадым... Бар жазығым осы ғана... Сондықтан сізден түк кешірім сұрағым келмейді...

Мен сізді бүгін тағы көрдім... Тағдырыма ене бастаған шағыңыздан сырт айналып үлгердім деп ойлаушы ем... Жүрегімнің есігін жауып үлгермеген секілдімін... Жүзіме күле қараған нұрлы бейнені қатқыл адамға айырбастатқызған тағдырды жек көрмедім...Ұмытқым келді... Ұмытқан болсам сіз жәйлі естеліктерді есіме алмаған болар ем... Мейірлі жан... Жанарыңыздың жәудірегеніне мәз болып жүріп, жас сыйлап кеттім... Жүрегімді күрсініспен қоса басқаға сыйлауға мәжбүр ем... Сізсіз өмір сүре алмауым мүмкін деп ойланбағанмын... Өмір сүріп келемін... Сіздің есейген шаңырақтың табалдырығын аттауды армандағаным шамалы... Аттамадым... Сізге деген сезімімді сіз білмесеңіз екен деуші ем... Білмедіңіз... Арманыма жетсем деуші ем... Ешкімге айта алмайтын арманымның баспалдағынан көтеріліп келемін... Сіз болмасаңыз, басқа ешкімнің қажеті жоқ демеген ем... Сізден басқаның сый қылған сезіміне сыйластықпен қарап келемін... Махаббатты ұққандығымнан шығар...

Ұнатқан екенмін... Сіз менің алақаныма түскен алғашқы қар сынды еріп жоқ болдыңыз... Сізді көріп үлгерген жанарды өзім сынды жоқтығыңызға сендіре алмай көп қиналдым... Ең алғаш қол ұстасқан жанмен мәңгі қалуды тілеуші ем... Сіз мені ең алғашқы арманымнан айырмай алыстап кеттіңіз... Мен сізді сол үшін әлі ұнатып жүрмін... 

Әлгінде жаныңызға барып: "Сіз неге жалғызсыз?!"-дегім келді... "Кетпеңізші",-дегеніңізде ұзап тұрып, "Мен мына қаладан кеткенімше жалғыз жүре тұрыңызшы",-дегенім есіме оралды... 

Бір кездері сіз үшін осы аядай мекенде бақытыңызға себепкер болып қалғым келетін... Енді сіздің бағыңызға кедергіге айналғанымды ұққасын ұзауға асықтым... Бұл қаладан көп ұзамай кетем... "

-Қолыма түскен құрбымның кезекті хатын ұсақтауға ұмтылдым... Мен оны жазғыра алмадым... Арманы үшін аяулы сезімін жоғалтқан жанды іштей жақсы көруге мәжбүр ем... Себебі...

"Мен бір адамға ғашықпын... Жаным да, жанарым да, жүрегім, түсім мен тілегім де сол ғана... Тек мен..." Ол менікі бола тұра оныкі бола алмай жүрмін... Мен де армандарым үшін...



Бөлісу: