ҚазҰУ-ым мақтанышым, құт мекенім!
жеке
блог

ҚазҰУ-ым мақтанышым, құт мекенім!

   Әл Фараби атындағы ҚазҰУ  -   әлем елдері мойындаған, көшбасшы, сапалы білімнің қайнар көзі, білікті кадрларды даярлайтын терең білім мен өнегелі тәрбие ордасы. Иә, бүгінде түлеп ұшқан әрбір түлектің кеудесіне үміт отын сеуіп, жүрегіне жылу ұялатқан ҚазҰУ - не 80 жыл толды. Осынау сеңгірлі сексеннің шыңына шығып, талай биікті бағындырған білім ордасында болашақтың іргетасын берік қалайтын білікті де білімді, жан-жақты мамандар даярланып келеді.

   Іргетасы 1934 жылы қаланған Әл Фараби атындағы  ҚазҰУ баршаның көзайымына айналып үлгерді. Оған дәлел – көз тартар әсем табиғатымен, жанға жайлы жатақханасымен, жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жасақтандырылған оқу корпустарымен, демалыс саябақтарымен айрықша көзге түсетін – ҚазҰУ қалашығы. Расымен де, осындай жан-жақты ресурстармен қамтамасыз етілген қалашықты елемей өтуге болмайды. Оған қоса, барша студенттің талантын, өнерін ортаға салуға мүмкіндік беретін киелі сахна төрі орналасқан Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы алыстан мен мұндалайды. Мұның бәрі - ерен еңбектің жемісі, жетістіктің айғағы, бірліктің көрінісі.

  Ендігі кезекте оқу корпусы, оқу жүйесіне тоқталайық. Әр түрлі мамандық иелерін даярлайтын оқу корпустары жеке-жеке орналасқан. Бүгінгі таңда университет қабырғасында 13 факультетте 20 мыңға жуық болашақ кадрлар дәріс алып келеді. Осыған сәйкес оқу ордасында жоғары санатты, тәжірибелі, білімді, еңбегң сіңген  профессорлар, доценттер, кандидаттар,  ұстаздар әр дәрісін студенттердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында ерекше түрде өткізеді. Бұл да ертеңгі болашақ иесінің жан-жақты тәрбиеленіп өсуіне кепілдік береді. Сондай-ақ, оқулықтармен толық қамтамасыз ететін кітапханада электронды жүйеде де тапсырыс беруге болады. Бұл мүмкіндік студенттердің технологиялық құрылғыларды жетік меңгеруімен қатар, уақытын үнемдеуге көмектеседі.

  Университетімізде оқу жүйесі Болон үдерісі бойынша жүзеге асырылады. Әр студент өз логині, паролі арқылы кез келген уақытта оқу үлгерімімен таныс бола алады. Сонымен қатар, қосымша тапсырмаларды, қажетті материалдарды, дәрістің қысқаша сипаттамасын лезде электрондық журнал арқылы көре алады.

  Осындай сан мүмкіндіктерге толы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенті атану - асқақ арман, үлкен бақыт, зор мәртебе. Сондықтан біз үшін бұл үлкен абырой, үлкен мақтаныш!

           Мәңгілікке жасай бер, өркендей бер, гүлдене бер ҚазҰУ-ым!                                                                          

 

                                                                     Экономика және бизнес Жоғары мектебі

                                                                                                      Мүтиева Ақжарқын