Баку. Алғашқы күн

Баку. Алғашқы күн
жеке
блог

Өткен жазбамда Баку қаласына барып келгенімді айтқан едім. Сөз арасында келесі жазбаларымда видео блог жасайтыным туралы да тілге тиек еттім. Бүгін назарларыңызға алғашқы видео блогымды ұсынғым келіп отыр. Алғашқы видео блогымда Баку қаласына қалай жеткенімді көре аласыздар.

Жалпы, кез келген жан шетелге шыққысы келсе, әуелі қалтасына, мүмкіндігіне және алға қойған жоспарына арқа сүйеу керек. Шетелге сапарға шығуды өткен жылдың қыркүйек айынан жоспарладым. Әуелі, Араб әмірлігіне барғым келді. Әсіресе, Абу-Даби қаласындағы алып мешітті өз көзіммен көріп, ол жақта сәждеге басымды тигізіп, дұға еткім келді. Қыстың суық айларын шыжыған күннің астында өткізсем деп жүргенмін. Кейін құрбым екеуміз Тай еліне кетіп қала жаздадық. Он күн күнге қыздырынып, экзотикалық жемістерден нәр алғымыз келді. Алайда, ойдағы бұл екі сапар келер жылға жасалған жоспарлардың қатарына еніп, әпкем екеуміз ойда-жоқта Баку қаласына баруымыз керек деп шештік. Одан қалса, Бакудегі достарым да қонаққа шақырып жатты. Сонымен, Баку қаласына жинала бастадық. Сапарымызды Наурыз мерекесінің демалыстарына жоспарлап, екі ай бұрын қолжетімді тарифпен әуе билеттерін сатып алдық. Бакудегі бес күндік мерекелік демалысты ескере отырып, бұл қала туралы ақпараттарды қарап, ол елдегі достарымызға келетініміз туралы хабар бердік.

Бакудегі алғашқы күн достарыммен өтті

Сөйтіп, Наурыз мерекесінің қарсаңында «Баку, қайдасың?» деп жолға шықтық. Осы видео блогтан бастап, Бакудегі күндерімнің қалай өткені туралы толығырақ айтатын боламын. Видео қатысты аз-маз кемшіліктер болып жатса, айып етпеулеріңізді сұраймын. Жалғасы бар...