Ауылды сағындым

Ауылды  сағындым
жеке
блог

Ауылды сағындым

 

Естелік сенен қалған бала күнім,

Боз бала, қайран қамсыз балалығым.

Арқамда апам берген тезек дорба,

Жоталап теруші едім лала гүлін.

 

Табаным жалаң еді тілінсе де,

Қиыршық тастың ұшы білінсе де.

Атаң мен апаң барда дүние күл,

Еркеле кешіреді бүлінсе де.

 

Ауылым! Аңсадым ғой сезін мені,

Ынтықты саған деген көзімдегі.

Ештеңе ойламайтын ойсыз күнім,

Ауылда белде жатқан кезім бе еді?!

 

Иісін қидың аңсап қорадағы,

(Жылайды еске түссе бала тағы.)

Таңменен мұртыңды кел балта шаппас,

Деп атам құйрық майдан жалатады.

 

Таласып биік-биік асқарменен,

Еңіске бір серпілтіп тастар денең.

Кешкісін алысасың қарағайдай,

Сүзеген мүйізі бар қошқарменен.

 

Тірлігі таң бозынан тірілетін,

Иттерде жеп құлақтың «үріп» етін.

Таңы мен түсі де айқын кеші жайлы,

Аулдың өңі ажарлы көрінетін.

 

Күндерім лай илеген балақ түріп,

Ақ төспен ақ табанды талаттырып.

Сағынам! Ауылымды шаңы шыққан,

Асфальты біткен жолға қарап тұрып...

 

05,04,2014