Қайран өмір...

Қайран өмір...
жеке
блог

Қайран өмір...

Діл даурыға шыққан дауыстардан селт етті. Ақ халат киген курстастары әне-міне дегенше жиналып үлгеріпті. Үстел жағалай тұрған студенттерге өзі де жақындады.

Досы Саматтың қасына барды. Беті бүркеулі жатқан мәйітке назар аударуы мұң екен, көңілі қобалжып, жүрегі дір етті. Бүгінгі сабақта мұғалім алғаш рет бұларға мәйіт көрсетпек. Жайсыз жағдайдан арылу үшін досына тіл қатқысы келді. Еділдің мазасызданып тұрғанын Самат та сезді:

- Не болды? Қорқып тұрсың ба? Дәрігерлікті таңдаған өзіміз ғой... - деп, сөзге өзі тартты.

- Жоқ, қорыққаны несі?! Еріксіз ойланады екенсің...

- Не ойладың?

Еділ жауап берудің орнына: - Аналарға қарашы...- деп, орынсыз күліскен достарын мегзеді, - көзге шұқып өлік көрсетсе де  селт етіп ойланбайды! 

Саматтың үндемегендігі құптағандығы еді. Сәлден кейін-ақ алда жатқан мәйіттің бүркемесі ашылды. Қанша жүрексінгенмен бәрі жапырлай қарады. Ең қатты үңілген Еділ болды. Алайда, демде өңі құп-қу болып кетті. Іле сыртқа атып шықты. Студенттер бір-біріне қарасты. «Өліктен зәресі ұшып кетті...» дегенді бір-бірлеріне суық жымиыспен ұқтырғандай. Досы жүгіріп шыққан ашық есікке қарап, Самат сілейіп қалды.

Еділ жүгірген бойда сырттағы ағаштың түбіне келіп отыра кетті. Өткен күндердің сұрықсыз кейіптері елестей берді. Әке-шешесінің бір бітпейтін ұрыс-керісі, шешесінің таяқ жеуі, дастарқанның жұтаңдығы, көбіне ашқұрсақ жүретін кездері - бәрі-бәрі тізбектеліп өтіп жатты. 

Өмірінің ең бақытты сәттері мектеп табалдырығын аттаған жылдар екен. Ол кезде әкесі ұстаз еді. Сабақ беретін. Анасы ғой - өнегелі отбасынан шыққан діндар әйел. Құлшылығынан ауып көрген емес. Әкесінің табысы да берекелі еді. Бірақ, ол бақытты күндердің ғұмыры тым келте болды. Мүмкін қоғамның да аяқ-асты өзгеруінің әсері болар. Әйтеуір, елдің шырқы бұзыла бастады. Әкесі де бара-бара солардың қатарына қосылды. Кешігіп келетіні өз алдына, удай мас болып, үйге сүйретіліп әрең жететінді шығарды. Кейде түн ортасында келіп, шырт ұйқының әптер-тәптерін шығарып, шешесіне тамақ жасататын. Балағаттап, «арақ таптың» астына алатын. Бала-шағаның аш екенін айтып шырылдаған анасын тепкі мен таяқтан көк ала қойдай қылатын. Көрпеге тығылып, қыстығып қанша рет жылады. Шешесіне болыспақ болған кездері бұл да әкесінен оңбай таяқ жейтін. Бәрі сол күйі есінде. 

Сөйткен әкесі күндердің күнінде мұғалімдіктен қуылып, қаңғып қалды. Шиеттей бала-шағаны асырау енді тіпті қиынға соқты. Шешесі көтерме бағаға мата алып, тігіншілікпен айналысты. Шешесінің кейде біреудің үйін тазалап тапқан болмашы нәпақасын әкесі тартып алып арақ ішетін. Күн көріс күннен-күнге қиындай берді. Ақыры шешесі үйден біржолата кетті. Қайтыс болған кіші әкесінің жесірімен бірге жан сақтады.  

Еділ жоғарғы сыныпты да оқысам деп армандады. Бірақ, қайдан! Қалам-қағаз, киім-кешектен бастап - бәрі қып-қызыл ақша. Күнделікті нанын әрең тауып отырған шешенің жағдайы белгілі. Шешесінің бір жағына сүйеу болғысы келді. Таныс шаштаразға көмекші болып жалданды.  

Құдай сәтін салып, бір күні мектептегі мұғалімі шаштаразға келді. Өзі бұрын сабақ берген оқушысын көріп, баланың жоғарғы сыныпқа бара алмағанына  қатты қынжылды.  Бала:

- Ағай, барғым-ақ келеді...- дегенді ғана айтып ернін тістелей берген. 

Мұғалім бәрін айтқызбай түсінді. Қол ұшын берді. Жетектеп апарып мектеп-интернатқа өзі орналастырды.

Айлар зымырап өтіп, орта мектеп те бітті. Университетке тапсырған емтиханы да сәтті өтті. Еділдің қуанышы қойнына сыймады. Анасына жеткенше асықты. Үйге келгенде, алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Анасы әл үстінде жатыр еді. Қатты қиналып жатқанына қарамастан, баласының қуанышына ортақтасқысы келгендей мейірлене:

- Құлыным, оқуға түсе алдың ба?- деп сұрады.

- Медицина факультетіне түстім!  Сені емдеп жазам  әлі!

Анасы күбірлей жөнелді:

- Осы күндерге жеткізген Құдайға мың да бір шүкір! Өзіңдей иманды, адамгершілігі мол, жақсы ұрпақ  артымда қалса, бұдан асқан бақыт бар ма?! Құлыным, оқып білім алса да өмірден көрсоқыр, надан боп өтетіндер көп. Ондайдан аулақ бол! Әкең де оқыған адам  еді ғой...

Анасы осылай дегенде бала әлдеқашан ұмытылған әкесін есіне алды. Тіпті, бейнесі көлбеңдеп елестегендей болды. Әкесінің оң жақ қабағының үстін ала бармақтай қоңыр мең тұрушы еді. Бұл соны сипалап үнемі қызықтайтын. Бір белгісіз сағыныш та көкірегін тілгендей. Соны басу үшін  анасының қолын сүйе берді. Анасы бақұлдасып жатқан тәрізді. 

- Артымнан үзбей Құран бағыштарсың... Өлім де қорқынышты ма екен, тәйірі?!.. Тек... айтқандарымды ұмытпа!... Құдай... өзі ... жар... болсын, ботам!..

Анасы үзіп-үзіп тағы біраз нәрселерді айтып жатты. Бірақ, Еділ оның бәрін тыңдап есіне сақтай алмады. Бар болғаны көз алды қарауытып, «Шешетай, кетпеші?! Мені кімге тастап барасың?!» деп, суып бара жатқан саусағының ұшын жылытпақ боп егіле жылай берді, жылай берді. Аяулы анасынан сөйтіп айрылған болатын...

Осы мезет Самат ағаш түбінде отырған Еділге таяп келді. Досының жылап отырғанын байқамады. Келе сала дүрсе қоя берді:

- Жайшылық па? Саған не болған? Мәйіттен өлердей қорыққаның не?  

Еділ әлі өксігін баса алмай отырған. Әлден уақытта Саматқа қарап:

- Арамызда сыр болып қалсын. Әлгі мәйітті ашарда сен: «Мұндай тәжірибе жасалатын мәйіттердің артында іздейтін ешкімі жоқ болады деуші еді. Құдай біледі, бұл да сондай бір байғұс шығар...» дедің ғой.

- Иә, солай дедім. Шындығы да солай емес пе?

Еділ қатты күрсінді:

- Қайдам ...

- Бұл кім екен сонда? 

- Қабағындағы қалынан айнытпай таныдым. Ол бақытсыз бейбақ менің әкем екен...