НАУРЫЗ-АЛЬЯНС: ҚОРЫТЫНДЫ

 

Сонымен биылғы Наурыз-2014 Жылқы жылы қарсаңында құрылған НАУРЫЗ-АЛЬЯНС қауымының жұмысын қорытайық. Қауым жоспарлағандай бес топпен жұмыс атқарды.

Зиялы қауым: клубқа бірігуге тілектес ғалымдар, барлық өнерпаз тұлғалар мен мемлекеттік,қоғамдық қайраткерлер,

 

Журналистер әр өңірде ортақ жобаны Наурыз-фест (тоғызкүндік фестиваль) ұйымдастыруды. Ақтөбелік журналист РИКА телеарнасы Жаңагүл Жүрсін бастаған топ 14 наурыздан бастап әр күнге телекөрсетім, мюзикл түріндегі өнімдерін берді. Бұл – қауымның бір селтеткізері.

Екінші селтеткізер: «Терісқақпай» театры арнайы жобамен шықты.

Үшінші селтеткізер: туындыгерлер арасында Ермек Тұрсынов жаңа «Кемпір» атты филмінің бетін Наурыз қарсаңында ашып, жақсы дәстүрді бастады.

Төртінші селтеткізер: құтпарақ безендіру бойынша кіріскен астаналық суретші Аңса Мұстафа мен алматылық дизайнер Светлана Попова (Вета) қазақы бояуға толы, мазмұнға бай туындыларын жариялап Наурызға қатысты тоғыз күнді бояуға қандырды. Өкінішке орай, қаржының жоқтығынан туындылар құтпараққа, плакатқа айналмай қалды...

 Әкімшілік тобы. Белгілі журналист, бүгінде ОҚО әкімінің жария қызметін басқарушы Берік Уәлидің септігімен, ОҚО екібастан облыс әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен биыл да Наурыздың айызы қанған мереке Шымкентте болып өтті. Қалада тіпті Наурыз алаңы пайда болды. Өніс күні бешпет-шалбар тігетін комбинат іске қосылды. Өкінішке орай, ҚР Мәдениет министрлігі ұлттық-мемлекеттік мерекені биыл да өз деңгейінде өтерлік қызмет атқармады. Бар болғаны жергілікті әкімдіктер деңгейінде жылдағы этнографиялық еске алу күндері қайталанды. Оның есесіне Түркияда түркілердің мәдени астанасы мәртебесі бар Ескішехер қаласындағы Наурыз мейрамы айтарлықтай жалпытүркілік айқымды қамтыды. Шығыс Қазақстан облысы 7 күн бойы той-думан өткізетіні туралы сыбыс шыққанымен нақты насихаты байқалмады.

 Мемлекеттік ұйымдар тобындағы компаниялар, ЖОО, мектептер, колледждер, лицейлер, балабақшаларға жылдағы қарқынмен, сипатпен қазақ Жаңа жылды фольклормен, этнографиямен «көркемдеді». Аталмыш ұйымдар арасында креативке,наурыздық таным мен болмысқа құрылған мереке некен саяқ болды.

 Бизнес-құрылым тарапынан Наурыз мерекесіне деген мүдделік сезім мен бастама байқалған жоқ. «Атамекен» атты ұлттық палатасы бар егемен елдің бизнесмендері ұлттың «шүлен тарату» деген аяулы дәстүрін де қалпына келтірмеді... мынадай екі бағыттың бірі де қозғалған жоқ:

Наурызды мерекелеуге қатысты атрибуттарды әзірлеуге, насиқаттауға қажетті шығындарға демеушілік көрсету; Наурыз мейрамына қатысты сұраныс тудыратын коммерциялық өнімдер мен жобаларды атқаруға инвестор болу.     Насиқатшылар қатарында Абай.кз., Қамшы.кз., «Вечерняя Астана» газеті, «Шалқар» радиосы, «Қазақстан» телеарнасы, «Қазақия», «Жебе» газеттері тағы басқа БАҚтар, сондай-ақ Фейсбуктағы «Наурыз» тобының мүше-блогерлері белсене қатысты. 

Жалпы алғанда, биылғы Наурыз да жылдағыдай күнтізбелік Жаңа жыл мерекесіне жетерлік жарқын кейіп болмады, миллиондаған қаржы бөлінбеді. Жергілікті әкімдіктерге қарайтын Мәдениет басқармалары жер шұқыған күйі өткізді. Әрине, киізүй тігіп көшенің сәнін келтіргенді ескермегенде... Десек те, Украин-Ресей оқиғасы қарсаңына дөп келген Жылқы жылының мейрамы елдің егемендігін бәрібір паш етті, ел еңсесін көтерді.Қорыта айтсақ, Наурыз-альянс қауымы қалыптасты, келесі жылға алақандарын ысып шығатын жандар легі топтасты.


Е-mail:  nauryz-alyans@mail.ru 

https://www.facebook.com/groups/109246125918578/ 

 

НАУРЫЗ-АЛЬЯНС клубы. 29.03.2014         



Бөлісу: