ҰЛЫС күні қай күн?

ҰЛЫС күні қай күн?
жеке
блог

       «Көру үшін жаралған көзіміз де» деп Шәкәрім қажы айтқандай, он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдай Тағала бүкіл тіршілікті аса дәлдікпен орналастырған. Біздің айтқалы отырғанымыз – сол тіршіліктің мыңнан, бәлки жүз мыңнан бір бөлігі.
        Расында шебер Алла «Таңды сөгуші, түнді тынығу және күн мен айды есеп үшін жаратқан. Осылар, аса үстем, толық білуші Алланың өлшеуі». (Әнғам сүресі 96-аят.) Сол Алланың есебін адамзат пайдаланып шама-шарқынша жыл санап, күнтізбе (кей елдерде айтізбе) қолдана бастады. Жалпы біз жыл деп жердің күнді айналуын, ай деп айдың жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осінен айналуын айтамыз. Жердің күнді айналуы 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, айдың жерді айналуы 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал, жердің өз осінен айналуы 23 сағат 56 минут 4 секунд. Топан суға дейін жердің күнді айналуы 360 тәулік болған, яғни әр градусқа бір тәуліктен. Тиісінше айдың жерді айналуы 30 күн, Жердің өз осінен айналуы тура 24 сағат. Топан судың зарпынан жер шарының айналу жолы азын-аулақ ауытқығаннан жыл санау дәстүрінде қателесу көбейді. Нұх ғалейһис саламның уақытынан бері жер бетінде египет, рим, юлий, григорий, армян т.б. күнтізбелер пайда болды. Барлық күнтізбелерде жыл 365 (кібісе (високосный) жылы 366) күннен және 12 айдан тұрды. «Расында Алланың қасында көк пен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі». (Тәуба сүресі 36-аят)
Біз төменде өз халқымыздың өміріне әсер еткен күнтізбелерге тоқталамыз.

 

      ЮЛИЙ  КҮНТІЗБЕСІ

     Біздің жыл санауымыздан 45 жыл бұрын Рим императоры Юлий Цезарь, сарай жұлдызшыларының кеңесі бой-ынша «египет» күнтізбесінің негізінде елге жаңа күнтізбе енгізді. Бұл күнтізбе бойынша жаңа жыл 1-марттан (шатасу болмау үшін ай аттарын қазақшаламадық.Қ.Т.) басталды. Ал, айлар былайша тізілді:
1 . март – 31 күн,
2. апрель – 30 күн
3. май – 31 күн
4. июнь – 30 күн
5. июль – 31 күн
6. секстилий – 30 күн
7. сентябрь – 31 күн
8. октябрь – 30 күн
9. ноябрь – 31 күн
10. декабрь – 30 күн
11.январь – 31 күн
12. февраль-29 күн (кібісе жылы 30 күннен)
Міне, «юлий» күнтізбесі осылай тізілді. Әр ай атауының өзінше мағынасы болды. Мысалға: Март, май, июнь, январь, февраль – ежелгі римнің пұт құдайларының аты. (март – Марс, май – Майя, июнь – Юнона, январь – Янус, февраль – Фебруарис). Ал, апрель – латынның «ашылу» сөзінен шыққан, яғни – көктемгі ашылу. Июль айы – Ю.Цезарьдің құрметіне қойылса, (бұған дейін квинтилий, яғни бесінші деп аталған), секстилий, сентябрь, октябрь, ноябрь және декабрь айлары: алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы дегенді білдіреді. Цезарьдан кейін, билік басына Октавиан Августың келуі күнтізбеге азғантай өзгеріс әкелді. Біріншіден, жаңа жыл енді 1-январьдан басталатын болды. Екіншіден, сенат секстилий айын патшаның құрметіне «август» деп өзгертті. Үшіншіден, февраль айының бір күні августке қосылды және үш ай қатарынан 31 күннен болмауы үшін, сентябрьдің бір күні октябрьге, ноябрьдің бір күні декабрьге қосылды. Осылай қазіргі күнтізбенің сұлбасы жасалды.
Юлий күнтізбесі Европаға кеңінен таралып, өзінен де дәл жаңа күнтізбе шыққанша 1600 жыл бойы «дәурендеді». Кейінірек жүргізілген есеп бойынша, «юлий» күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі анықталды. Бұл жаңалық жаңа «григорий» күнтізбесінің пайда болуына ықпал етті.
Ал, патшалық Ресейге юлий күнтізбесі Петр біріншінің жарлығымен 1700 жылы енгізілген. Ал, ол кезде Европа григорий күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 ж). Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері(?) деп есептеліп келген 7208 жыл, 1 қаңтардан бастап 1700-ші жыл деп өзгерді. Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен Европа елдерінде бұл кезде 1700 жылдың 10-қаңтары кіріп жатқан еді.

 

          ГРИГОРИЙ  КҮНТІЗБЕСІ

     1582 жылы қазан айынан Европа елдері «григорий» күнтізбесін (қолданысқа енгізген – Рим папасы Григорий XIII-шінің атының құрметіне солай аталды) қолдана бастады. Аталған күнтізбе алдымен Италия, Испания, Португалия, Дания, Бельгия, Франция мемлекеттеріне енгізілді. Бұл мемлекеттерде 4 қазаннан кейін бірден 15 қазан басталып кетті. Өйткені, бұған дейін қолданып келген «юлий» күнтізбесі, жаңа енгізілген «григорий» күнтізбесінен тура 10 күн артта қалған болатын. Жаңа күнтізбенің «юлий» күнтізбесінен айырмашылығы, аяқталмақшы ғасырдың әр бір төртіншісі кібісе жылдар болып есептеледі. Мысалы, «юлий» күнтізбесінде 1600, 1700, 1800, 1900, 2000, 2100, 2200, 2300, 2400 жылдар кібісе болады, ал, григорий күнтізбесінде: 1600-кібісе жыл, 1700, 1800, 1900-кібісе емес жылдар, 2000-кібісе жыл, 2100, 2200, 2300-кібісе емес жылдар, 2400-кібісе жыл, осылай жалғаса береді. Бүгінгі күні «юлий» күнтізбесі, григорий күнтізбесінен 13 тәулік артта келеді, бұл айырмашылық 2100 жылы 14 тәулікке жетеді.
Уақыт өтуімен григорий күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24-ші қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлий және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн: 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Жаңа күнтізбеден шатаспау үшін 1918 жылдың 1 шілдесіне дейін жаңа күнтізбе күндері ескі күнтізбемен қатар жақша ішінде жазылды. Мысалға: 1(14)-наурыз 1918 жыл. Негізі 1917 жылы 25-қазанда болған «Қазан төңкерісін» 7 қарашада тойлағанымыз, православтарға 14 қаңтарда (1-14) ескі жаңа жылдың келуі бәрі аталған декретке байланысты. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі, 1918 жылдан бері қарай 14-наурызда көрісіп келеді. Жалпы осы Жаңа жыл, көрісу туралы әрқилы пікір бар. Көп қазақ: «біздің жаңа жыл – 22 наурыз» деумен келеді. Бұрынғы шалдар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» дейтұғын (Қызылбас – Иран). Наурыз сөзі парсының жаңа күн дегенінен шыққан. Біздің қазақ наурыз демей – амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана (басқа өңір туралы мәлімет жоқ) ұлыс күнін тойлап көріседі. 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күні кешеге дейін амал мереке-сінде көрісу салтын ұстап келген болатын. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың естелігін ұсынамыз: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» – деген, тіпті ескі мақал. Және ұлыс күнін қалай қарсы алатындары туралы айтылған мынау жыр қазақтың арғыдан келе жатқан мұрасы:
«Ұлыстың ұлы күнінде
бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек,
тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар балпиып,
сәукелесі саудырап,
Қыз шығады қылмиып,
екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс шөміштің түтіні
шығар бұрқырап».
Ұлыс күні құлды, күңді азат етіп, ескі ыдыстарды отқа жағатын болған. Сол ұлыс күні көрісіп, амандасу туралы бұрын былай десетін болған: «Амансың ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!» Кейбіреулер: «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін» деседі.
Және бір жыр бар:
«Ұлыс күні кәрі-жас
құшақтасып көріскен.
Шалдар бата беріскен,
сақтай гөр деп терістен.
Кел! Таза бақ, кел! – десіп,
бізге тілек бер! – десіп,
Көш, Қайрақан, көш! –десіп»
(Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары. II-том. 511-512 бет. Алматы, «Жібек жолы» 2007 ж.)
Демек, көрісу, қазақтың жаңа жылын ескіше 1 наурыз, қазіргі 14 наурызда тойлау арқа жерінде де кешегі ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басына дейін болған. Сөз соңында айтарымыз, талай «қыл көпірден» салт-дәстүрін Алланың фазылымен ұмытпай, жоғалтпай алып шыққан халқымыз өзінің төл – Ұлыс күнін де жоғалтпақ емес.
Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын! Жаңа жыл қазаққа құт әкелсін, ағайын!

P.S. Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің көптеген елі сияқты григорий күнтізбесін пайдаланады. Алайда, григорий күнтізбесі де қатесіз емес. Ол, тек, 3 280 жылда 1 тәулікке ғана жаңылысады екен.

 Құралбек Тасқараұлы,
 руханияттанушы