Сыйласаң маған гүлдерді

Сыйласаң маған гүлдерді
жеке
блог

Болатбек көкеміз бастаған эстафета мереке қарсаңында жақсы көмек болды. Енді кімге не сыйлау керектігін біліп жүретін болдық.

Эстафета таяқшасын біраз жандар алып, сыйлықтар туралы қызықты жазбалармен өзгелерді қуантты. Жаңа қолданушыларымыз да белсене ат салысып, жазбаларын күттірмей жариялауда. Өкінішке орай, эстафета жүргізу ережелері дұрыс сақталмай қалып, өзара шатасулар көбейіп кетті. Маған эстафета таяқшасын екі жан беріп үлгерді. Бірі Марал болса, екіншісі Мерейка.


Алайда, қазір уақытым тығыз болғандықтан, өз кезегімде жазбамды жариялаудың сәті түспеді. Енді сол олқылықты толтыру мақсатымен сыйлықтар туралы сыр шерткенді жөн санадым.

1. Нендей нәрселерді сыйға тартқанды жек көресіз?

Сапасыз, қажетсіз, биттің қабығындай дүниелерді сыйлағанды жек көремін. Менің ойымша, сый таңдаған кезде аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарау керек. «Бере салайыншы», «осымен құтыла салайыншы» деген болмау керек.

Өзім алғанды ұнатпайтын сыйлықтарды өзгеге тартуды құптамаймын. Сондықтан да, мен сый беретін жанның талғамына, болмысына, қызығушылықтарына қарап, сый таңдаймын.

2. Қандай сыйлықтан бас тартар едіңіз?

Ешқандай да сыйдан бас тартпас едім. «Қолды қайтармау керек» деген бар. Ол сый тартып жатқан адамға деген құрметсіздіктің белгісі деп жатады. Менің ойымша, егер адам баласы саған шын көңілмен сый беріп жатса, оның қолын қайтармау керек. Тек сый беру міндет арту болмауы керек. Экономикалық тілмен айтқанда, бартер болмауы тиіс. «Мен саған осындай сый беремін, есесіне мынау болу керек» немесе «ол маған мынадай берген соң, мен оған сондай беруім» дегендер бала-бақшадағы кішкентай балалардың тірлігі.

3. Сізге ұнайтын кәдесыйлар?

Үлкен дайындықпен таңдалған, ерекше тарту еткен сыйлар ұнайды. Ол кішкентай ғана бұйым болғанымен, оны тарту ерекше есте қалуы мүмкін.

Содан кейін, сый беруші менің талғамымды, қызығушылықтарымды ескерсе деймін. Мысалы, мен жеке басқа қатысты дүниелерді (музыкалық диск, кітап, косметика, киім, ыдыс-аяқ т.с.с) өзім сатып аламын. Мұндай сыйлар үшін, әрине, қуанамын, тек олар менің көңілімнен шыға ма, шықпайды ма айту қиын.

4. Өміріңіздегі есте қалған сый?

Болатбек көкем абстракция болмауын талап етіп еді. Сондықтан да философияны ұмытайын.

Негізі, мен сыйлық алғаннан гөрі біреуге сыйлық жасағанды ұнатамын. Бір жанның көңілін көтеріп, қуаныш сыйлағаннан жаным сая табады. Сыйлық беремін деп келеңсіз бір жағдайға түскенім бар. Есіме түсірсем, бір түрлі жаман боламын. Өзім де себепсіз жиі-жиі сыйлық алып тұрамын. Ал өмірімдегі ең қымбат сыйлық деп келесі сыйларды айта аламын.

  • Нағашы ағамның мен дүниеге келген кезде өз қолымен жасап, сыйлаған домбыраны айта аламын. Ол домбыра қазір де бар. Түсін де, сырын да жоғалтпады. Қос ішегін қағып жіберсеңіз, әуезді үн шыға жөнеледі. Құрдас-домбырамның сүйемелдеуімен талай тойларда ән-жырлар айтылды. Талай келіннің беті ашылды. Талай тойда өз орнын таба білді.
  • Бала күнімде әкем шетелден музыкалық орталық әкеліп берген. Сол кездегі қуаныш ерекше еді. Караоке жүйесі бар музыкалық орталықтың микрофонын алып, бүкіл үйді көтеріп ән айтатынмын. Мамам көршілерден ұят болады деп ұрысатын.
  • Сол шақтарда әке-шешем скейт сатып алып берді. Аулада менде ғана скейт болды. Барлығы скейтімді тебуге беруімді жалына сұрайтын. Ол скейт әлі де бар. Сақтап қойғанмын. Бірақ, бұрынғыдай ешкімге тебуге бермеймін)))
  • Алдыңғы жұмысымда бір қызық жағдай орын алды. Қыс мезгілі болатын. Ресепшндегі қыз хабарласып, бірінші қабатқа түсуімді сұрады. Почтамен келген хаттар шығар деген оймен, бірінші қабатқа түсіп едім, алдымнан үлкен гүл шоқтарын ұстаған бір жас жігіт түсті. Атымды атап, гүл алдым деп, қол қойымды өтінді. Бір қызығы, өзім сүйетін қызғалдақтар. Тосын сый болды. Кім сыйлағаны белгісіз. Гүл шоқтарын күн сайын алып жүрдім. Кім сыйлайтынын білмейтінмін. Кейін сұрастырып, біліп алдым. Бірге жұмыс істейтін орыс бала екен. «Не үшін сыйлап жүрсің? Қызғалдақтарды сүйетінімді қайдан білесің?» деген сұрағыма «Қызғалдақ сияқты нәзіксің, сондықтан да сыйладым» деп ниетін білдірді.

5. Сізді жалықтырған кәдесыйлар?

Өз басым, жұмсақ үлкен қонжықтар, күміс қолдан жасалған әшекейлерді, жауқазын, раушан гүлдерін сыйға алғанды ұнатамын. Бірақ, араларында ұната бермейтін сыйлықтар да бар. Мысалы, маған жасыл түсті жұмсақ қонжық сыйлады. Табиғатта жасыл түсті аю жоқ. Немесе түсі қып-қызыл ит жұмсақ ойыншығы. Мен осындай сыйлықтарды берген жанның, қолын қайтармай, көңілін түсірмей, қабыл аламын, бірақ жыным келеді. Сонымен қатар, арзан қол дүниелерге қызықпаймын. Сувенир, жылтырақ бірдеңе, шамшырақ сияқты сыйларды алғаныммен, шыны керек, олардан тез арада құтылу амалдарын қарастырамын.


Бірақ ең бастысы, сый таңдаған кезде аса жауапты болу керек. Сый шын көңілден берілуі тиіс деп ойлаймын.

Эстафета таяқшасын ой салатын жазбаларымен сайтымызды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген жаңа қолданушы Сандуғаш Баймаханқызына беремін.