АМАЛ келді - Жыл келді!
жеке
блог

АМАЛ келді - Жыл келді!

Амал – жыл басы. Наурыздың 14-і күні есік ашатын бұл мерекенің тәрбиелік мәні зор. Неліктен айдың 14-і? Қазақтың (бәлкім бүкіл шығыстықтардың) ұғымында әр айдың 14-інде жаңа ай туады, яғни қазіргі күнтізбемен қарағанда наурыз айы шын мәнінде дәл бүгін кіріп жатыр. Ендеше жылдың басын Наурыздан бастап санайтын қазақ үшін бүгін ұлы күн деп айтуға әбден болар.

Дәл осы Амал мейрамын салт-дәстүрдің ажырамас бөлігіне, тәрбиелік құндылығына айналдыра білген Маңғыстау өлкесінде атмосфера ерекше, мерекелік леп әрбір үйден сезіледі, әрбір жылы қабақтан білінеді, кәрі-жас демей қол алысып, төс соғыстырып жатқан жұртшылықтың жүректері елжіреп, ерекше күйге бөленеді, дәл осы аура наурыз айының соңына дейін сақталады. Күннің ғана емес, адамзат көңілінің жыли түскенін бар жан дүниеңмен сезініп, бір марқайып қаласың.

Мектепте де, университет қабырғасында да бұл күні шәкірт, мұғалім демей, танысын-танымасын бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа боп, мерекелік шаралар ұйымдастыратынбыз тайлы-тұяғымыз қалмай. Қыз-келіншектер жағы бар әдемімізді киініп, әшекейлерімізді тағынып, ерекше құлпырамыз. Қырға шыққан қызғалдақтай боп камзол, кәжекейлерін киіп, көздің жауын алып, бір-бірімізден асып түсуге тырысып бағамыз). Барлық мекемелерде, кеңселерде де мерекелік қарбалас. Таң атпастан көрші-көлем бір-бірімен соқтығысып жүріп, жарыса көріседі. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатсам подъезден асылған қазы-қартаның исі аңқиды, есіктер жабылмайтын, дастархан жиналмайтын күн ғой).

Көңілдің мұзын жібітіп, бауырмалдықты арттырып, үлкендердің батасына бөленіп, айналаны әсемдікке орайтын мұндай мерекені ұлықтайтын өңірдің тұрғындары бақытты ғой!) Барлықтарыңызға осы мереке жұғысты болып, дәстүрді дәріптеу кең етек алсын! Баршаңызға жыл құтты болып, жақсылық, ырыс, несібесін ала келсін, келесі Амалға аман-есен жетуді нәсіп еткей!