Бүгінгі күнмен өлшенген біздің өмір...

  «Асыл-тастан, ақыл-жастан» дейді қазақ. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі де осы жастарға байланысты. Жастардың өн бойынан қоғамдық бет-бейнені көре аламыз. Жастар қауымының құрдымға кетуі-бұл мемлекет болашағының бұлыңғыр болуына алып келетіні сөзсіз. Сіз болып, біз болып жастар туралы сөз қозғайық. Мен өзім де жастардың қатарында болғандықтан, біздің жастар білімді, тәрбиелі екендігін жасырғым келмейді. Бұл шындық. Кеңес уақыты кезінде туылғандар мен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта туылғандар арасы жер мен көктей. Мысал ретінде қазіргі елу жастан асқандар мен он сегіз жастағылардың айырмашылығын саралап көрейікші. Олардың ойлау өрісі әр қилы. Мәселе кім ақылдырақ, кім тәрбиеліректе емес. Алғашқы топ өкілдері әлі күнге шейін Кеңес уақытын еске алып тұрады, кез келген Қазақстандағы өзгерісті кеңестік позициядан салыстырады, баға береді, кеңестік Қазақстанда жалақымыз мынша болды, ұшаққа осыншалықты ақша кететін, осылай киінетін едік деп әңгімелейді. Мұнда тұрған әрине еш жамандық жоқ. Әркім өз көргенін, өзінің басынан өткенді айтуға құмар. Алайда мен кей кезде Қазақстанда «теңге» ұлттық валютаға айналғанына он жеті жыл болса да «рубль» деп қақсайтын кемпірлерді көргенімде біртүрлі боламын. Сол себепті шығар басыма қашан Кеңестік заманның куәгерлері болғандар дүниеден өтпейінше, бізде жаңа Қазақстандық ой-пікір қалыптаспайтын сияқты. Мұндай ойдың басыма келуі қорқынышты, ұятты. Бірақ көкірегімді кернеп тұрғаннан кейін жазбасқа амал қалмады. Біздің алдыңғы буын аға-әпкелеріміз қазіргі жастар мынадай, сондай, бұзылған, орысшыл, еш ұлтжандылығы, қазақилығы жоқ, менменшіл, өзімшіл, Батысқа құмар, еліктегіш деп айтып жатады. Мұның да ақиқат екендігін жасырғым келмейді. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Дегенмен кез келген мәселені біржақты қарастыруға болмайды. Сондықтан екінші жағын қарастырып көрелік. Иә, өзімшілміз, «заманың түлкі болғанда, тазы боп шал» деп қазақ өзі айтпады ма?! Иә, Батысқа еліктейміз, енді не істейміз, теледидардан, интернеттен көретініміз сол, тіпті Адам мен Хауа ананы еске түсіріңізші. Алла тағала Адамға бәрін береді, тек ағаштағы пісіп тұрған алмаға жақындама дейді, бірақ Адам оған құлақ асты ма, жоқ, құлақ аспады. Адамзат баласы табиғатынан көрмеген, білмеген, оған таныс емес заттарды біліп, көргісі келетіні хақ. Бізде Батыста болмасақ та, олардың өмірін қызық көретініміз рас. Еліктейтініміз де сондықтан. Иә,орысшылмыз, ал кім өзін орысшыл емес деп айта алады?! Жоғары оқу орнында не жалпы білім беретін мектепті алайық, саған мынадай тақырып бойынша өзіндік жұмыс ретінде қосымша ақпарат жинап әкел дейді. Қосымша ақпаратымыз кілең орыс ғалымдарының кітаптары, олардың пікірі, зерттеу жұмыстары. Жарайды, Ресейдің бодауында, сосын Кеңестің қыспағында болдық, сондықтан кітап атаулы сол кезден кітапханада қалып қойған делік. Ал егер Ресейде жаңа стратегиялық өзгеріс болып жатса, дәл сол уақытта билік басында отырған біздің азаматтар сол аталмыш өзгерістің атын өзгертіп, қосымша бірдеңені қосып, Қазақстанға енгізе салады. Мысалы Ресейде жоғары оқу орнына түлектерді қабылдау үшін мемлекеттік тестілеуді енгізсе, біздіңкілер оның атауын ҰБТ (Ұлттық Бірыңғай Тестілеу) деп өзгертіп өмірімізге енгізе салды. Осылай кез келген саланы да қарастырып шығуға болады. Биліктің өзі орысшыл болғанда, қарапайым халық, оның ішінде жастар не қылсын?! Бізді еш қазақилығы, ұлтжандылығы жоқ деп те жатады. Соңғысымен мүлдем келісе алмаймын. Біз орысшылмыз, бірақ қазақ екендігімізді еш ұмыт қалдырған емеспіз. Кейбіреуіміз орысша мен қазақшаны араластырып, тілді шұбарлап сөйлейміз. Бұл да ащы шындық. Алайда қазақ халқының басына күн туса, біздің қолымызға ту алып, оны қорғайтынымызға мен сенімдімін. Бәлкім біз домбыраны тыңдаймаймыз, Қобыланды, Алпамыс сияқты жыр-дастандарды оқимаймыз, қазақ радиосын тыңдаймаймыз, қазақ әншілерін жатқа танымаймыз, дегенмен біз қазақ болып туылдық, қазақтық мүддені өзге мүддеден жоғары қоямыз. Қазақтың тарихы мол, мәдениеті ерекше екендігін біз іс жүзінде дәлелдегіміз келеді. Қазақша сөйлеп, мұң шақсақ, бізді тек қазақша сөйлейтіндер ғана естиді. Біз орысша, ағылшынша, кәрісше, қытайша, арабша сөйлеп, қазақтың атын танытқымыз келеді. Мен қазақ тілінің керегі жоқ, одан пайда аз деп жатқан жоқпын. Керісінше, тек өз туған тіліңді меңгере отырып, өзге тілді меңгере аласың. Мен қажет жерінде қазақша, керек кезде орысша, керек кезде шет тілде сөйлей алатындарды құптаймын. Жастар, жастар туралы көп айтуға болады. Дегенмен қазіргі таңда жастар арасында сәнге айналған, саналарын жаулап алған психология туралы ой қозғамақшымын. Психология дегенде біздің алдыңғы буын ағаларымыз шошыса, біз «псих» емеспіз десе, бүгінгі жастар оған мүлдем қарсы емес. Сол себепті шығар адамның психологиясы, тығырықтан қалай шығу керек, адамдармен қалайша тіл табысуға болады, жетістікке жету жолдары және т.б. психологиялық мазмұндағы кітаптар жастар арасында сұранысқа ие. Адам өзін жетілдіре білуі тиіс, сол үшін үнемі өзімен-өзі жұмыс істеуі керек. Сондықтан аталмыш кітаптарды оқу зиян емес. Бәрімізге танымал атақты Дейл Карнегидің «Как перестать беспокоиться и начать жить» дейтін кітабын талдап шығайық. Дейл Карнегидің кітабы жеңіл тілмен, өмірден алынған нақты-нақты мысалдармен ерекшеленеді. Кітапты оқу барысында Асан Қайғының «Қайғы түбі-тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі-жел қайық, өтесің де шығасың» деген даналық сөзі еріксіз есіңе түседі. Шынымен егер өз ойыңды жақсы, позитивті жаққа бұрсаң, өмірің де өзгеріп сала береді. Бір жеті, екі жеті, бір ай, жарты жылдан кейін ала алмас таудай болған мәселеңнің қалай шешілгендігін байқамай да қаласың. Яғни оның кітаптары жастарды уақытты зая келтірмеуге, уайымшыл болмауға, еңбек етуге, қасыңдағы адамға көңіл бөлуге үйретеді. Бірақ сол кітаптардағы бір психологиялық ұранға тоқталайық. Дейл Карнеги «Тек бүгінгі күнмен өмір сүріңіз» деп жазады. Аталмыш ұранда тұрған дәнеңе жоқ сияқты, алайда ұзақ ойлана, толғана отырып басқа ойға келдім. Қазақ «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп айтып кеткен. Мынау ұранды өзінің өмірлік ұраны еткен жастан мен қорқам. Неге дейсіз ғой? Олай болса, ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайдың он бесінші қара сөзімен танысыңыз. Абайдың он бесінші қара сөзі: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім. Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен. Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім. Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Енді не дейсіз, оқырман?! Адамның өмірі сәттерден тұратыны белгілі. Адамға қуаныш сыйлаған, шаттыққа бөлеген сәттер жиынтығын біз бақытты шақ дейміз. Бақытты болу дегеніміз-сондай сәттердің көп болуы. Сол сияқты адамның өмірі өткеннен, бүгіннен және ертеңнен тұрады. Өткен-ол кетті, өтті, кей кезде еске алып тұруға болады, бүгін-ол дәл осы шақ және ертең-оның қандай болатынын ешкім білмейді. Дейл Карнеги бізге тек бүгінгіні ойла дейді. Бірақ ол қазақ менталитетіне жат емес пе?! Бүгінгімен өмір сүру дегеніміз же, іш, қыдыр, рахаттан, қам жеме, қалағаныңды істеп қал дегенді білдіреді. Қоғамымыз кілең осындай ойдағылардан тұрса, бітті дей беріңіз, сонда кім халықты, ұлтты ойлайды?! Аталмыш ұранды өмірге айналдырғандар қазіргі тілмен айтқанда жемқорлар, сатқындар,нәпсіқұмарлар, пайдакүнемдер. Жемқорлыққа, сатқындыққа, нәпсіқұмарлыққа, пайдакүнемдікке біздің елде мысал жеткілікті. Оны газет басылымдарынан оқып, теледидар жаңалықтарынан көріп, көршілердің әңгімесінен де ести аламыз. Естіп те, көріп те, оқып та жүрміз. Мен де мақалам құр бос сөз болмасын деп бірнеше дәлел келтіргім ақ келді. Алайда ары ойланып, бері ойланып керек емес деп шештім. Неліктен дейсіздер ғой? Себебі мен ешкімге ештеңе дәлелдегім келмейді, статисканы келтіріп, оқырманды қорқытқым келмейді. Өмірімізде қорқынышты жайттар тым көп болып кеткендей. Бұл мақала философиялық, психологиялық толғаныс. Қазақ журналистері дәйекке келгенде нашар деп жатады. Қателесесіздер. Аталмыш философиялық, психологиялық толғаныстың дәйегін іздесеңіздер, бір минут дем алып, жан-жағыңызға көз салыңыз. Сонда бәлкім сізге 49 жылға арендаға берілген Байқоңыр ұшу алаңы, көршілеріміздің сараңдығынан қапияда қалған Арал теңізі, қаншама студентке жататын орын болатын кезінде мемлекеттік меншіктен жеке меншікке өтіп кеткен жатақханалар, шетел компаниялары қызығын көріп жатқан біздің қазба байлықтар, біздің елге келіп, Қазақстандықтар түсінде ғана көретін, бір жылда табатын айлықты бір айда алған, мемлекеттік сый, құрметке бөленген, астына ат, арқасына шапан жамылған шетел азаматтары ойыңызға түсер... Бірде С.Джонсоннан өмір деген не деп сұрапты. Сонда оның жауап бергені: «Өмір сүру дегеніміз-үздіксіз алға жылжу». Бүгінгімен өмір сүру дегеніміз-болашақтың қамын жемеу, еш нәрсені қажет етпеу, қаламау, мақсат тұтпау. Сонда бұл өмірдің өзі өмір ме?! Әлде тек сәт пе?! Оны өзіңіз ойланыңыз да, шешім қабылдаңыз. Қорытындылай келе «Өмір мен үшін сөнбейтін шам сияқты. Кей кезде сиқырлы от жалындай. Бұл шам маған бір сәтке бұйырғанда, оны келер ұрпаққа аманат етер алдында аталмыш сәтті ұзағырақ еткім келеді» дейтін Б.Шоудың сөздерін келтіргім келеді. Орысшыл, еліктегіш, менменшіл болу өзіңіз үшін қауіпті болса, бүгінгімен өмір сүру ұлт үшін қауіпті. Үлкендерден өтінерім, бізді сөге бермеңіз. Керісінше бауырларыңызға тартып, түсіністікпен қарап, қол созыңыздар. P.S. «Еріншектің ертеңі бітпес» дейді қазақ. «Бүгінгімен өмір сүру» дегенді бүгін істейтін ісіңді ертеңге қалдырма деп түсінсек, солай санымызға құйсақ нұр үстіне нұр болар еді. Және де әр түні көз ілерде іштей Жаратқан иеге сиынып, өткен күннің есебін беріп, одан шапағат күтіңіз. Ешкім де, ешнәрсе де жауапсыз қалмайтындығын ұмытпағайсыз.



Бөлісу: