Қайдасың, «Махаббат, қызық мол жылдар»?

«Әлеуметтік желі» деген адамдардың бір-бірімен байланыс орнатуға көмек бере алатын бірегей құрал. Әлеуметтік желілердің әлеуметтеніп кеткені соншалық, оларда тіркелмеген адам жоқтың қасы. Содан болар бүгінде ол жай құрал болудан қалған. Өскемендік ұстаздар әлеуметтік желі арқылы балаларға білім бермек деген тосын жаңалықты да құлағымыз шалып қалды. Демек рухани азықты да, кемел білімді де біз әлеуметтік желіден таба аламыз.

Қазақстандықтар арасында танымал әлеуметтік желілерге mail.ru, facebook, вконтакте, twitter, nur.kz жатады. Мail.ru-дің қарқыны соңғы кезде бәсеңдесе, вконтакте-нің аудиториясы күннен-күнге өсіп, кеңеюде. Атақты фейсбук тізгінді өз қолынан берер емес, алайда ол жерде көбінесе орта буын өкілдері отыратындығын ескергеніміз жөн. Ел болашағы өскелең ұрпақ яғни жастар десек, вконтакте әлеуметтік желісіне біздің ерекше назар аударуымыз заңдылық.

«Махаббат, қызық мол жылдар»– бұл 90000-ға жуық жазылушысы бар, тек қазақ тілінде ақпарат таратуға, еркін ой-пікір алмасуға шақыратын қазақ жастарына арналған вконтакте-дегі бірегей топ. «Махаббат, қызық мол жылдар»-дың өзге топтардан ерекшелігі оның көздеген нысаны. Жастардың тілін тауып, жанын баурай отырып, ұлттық сана-сезімін ояту, рухын көтеру, ұлттық нәрмен сусындатқызу. Оған мысал ретінде ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтің өзі шымылдығын ашып берген, Алматы қаласында биыл көктемде өткен «Қазақша кеш»-ті айтуға болады. Қазақтың сусыны қымыздан тегін дәм татқан жастар қазақша ән шырқап, әзіл-қалжың айтып, көңіл көтерді. Бұның өзі Алматылықтар үшін күтпеген қуанышты жаңалық бола білді.

«Махаббат, қызық мол жылдар» жастар арасындағы поэзия мен прозаға деген құмарлық пен құштарлықты ерекше қолдайтын топ. Оған бірнеше кезеңдерден құралған жас ақындар байқауының өз мәресіне жеткендігі дәлел. Байқауға қатысуға жалпы жүзге жуық адам ниет білдірді. Оларға еркін тақырыпқа өлең шығару тапсырмасын бере отырып, алға суырылып шыққан отыз екі адамды іріктеп алған болатынбыз. Берік достық жайында өлең шығарған отыз екіден он алтысы келесі кезеңге жолдама алды. Белгілі бір жағдайға байланысты ойдан өлең шығару кезінде сегіз ақын іріктелді. Суретке қарап, ой-қиялды кеңге жайып өлең шығару тапсырмасы бойынша сегізден үздік деген төрт ақын анықталды. Ақындық шын талант иесін анықтау мақсатында оларды екі-екіден жұпқа бөліп, бірлесе отырып, яғни «дуэт» жасап бір өлең жаздырдық. Нәтижесінде екі мықты ақын ақтық мәреге өтті. «Әйелдердің зейнет жасын ұзарту қаншалықты дұрыс?» деген сол кездегі ең өзекті мәселені айтыстың өзегі ретінде алып, онлайн айтыс ұйымдастық. Мыңдаған жастар онлайн айтысқа өз әділ бағасын бере отырып, жеңімпазды да анықтай алды. Ол болашағынан көп үміт күттіретін Нұрсұлтан Орынбасаров.  Жеңімпазымыз Нұрсұлтанға да, екінші орын иегері Рәзия Жұмағазиеваға да топ атынан қазақша кеште салтанатты түрде сыйлық та тарту етілді.

Ойға алған алда талай қызықты байқауларымыз бар. Байқауды өткізу барысында біз әлі талай дарынның қайнарлы бұлақ көзін ашып, бағын жандырамыз деген үміттеміз. Бізді https://vk.com/mahabbat_kz электрондық мекенжайынан таба аласыздар.  Барша жалынды жастарды «Махаббат, қызық мол жылдар» тобына жазылуға, қатарымызға келіп қосылуға шақырамыз! 

 



Бөлісу: