Мини-сұхбат: Рано Омарова және Алмас Мыңқожаев

Рано Омарова, актриса

Мені алдымен сценарий және өзімді мүлдем жаңа амплуада көру қызықтырды.

Кірпік қақпай адам өлтіретін кейіпкерді сомдай алатындығыма көрерменді сендіргім келді.

Жарты фильм мен байлаулы жатамын ғой. Ал қалған жартысында балтамен жүремін. Шынымды айтсам, балта өте ауыр болды. Сірә, оны көтеріп алып, біреуді қуалап жүру үшін өте мықты және тым ашулы болу керек шығар. Мен үшін қиын болды.

Менің кейіпкерім негізі жақсы адам. Өмір  кейде бұрыс жолға түcуге мәжбүрлейді.

Бұл фильм мен үшін өте бағалы тәжірибе болды.  

Мені көліктің жүк салғышына тықты, сүйреледі, басыма соққы да тиді. Бірақ, мен бұл фильмге түскеніме қатты қуанамын.

Жалғыз қалған, жабырқаулы сұлудың рөлін күтіп жүр едім, осы «Фугада» ойнау туралы ұсыныс түсті. Бірден келістім.

Мен де, менің кейіпкерім де кешіре алады.

Жас режиссерлеріміздің жұмысы көруге тұрарлық деп ойлаймын.

Актриса ретінде режиссердің сеніміне ие болу үлкен маңызға ие.

Басыма фильмдегідей күн туса қандай күйде болатынымды елестеттім. Барынша шынайы ойнауға тырыстым. Жақсы шықты ма, жаман шықты ма – оны көрермен шешеді.

Алмас Мыңқожаевфильмнің продюсері

Сценарий жазылмай тұрып-ақ фильмде Әсел мен Раноның ойнайтыны белгілі болған еді.

Фильм арқылы көрерменге фуга атты ауру туралы ғана емес, қазіргі кезде қоғамда қордаланған бірнеше мәселені көтеріп, солар туралы айтқымыз келді. Адами болмыс, жақын жандардың өзара түсінісуі, сатқындық, жалғыздық, террор, адам ұрлау... Осылардың барлығы, сөзсіз, өте өзекті дүниелер. Әрқайсысына жеке тоқталып, бөлек фильм түсірсе болады. Бірақ, біз барлығын бір арнаға тоғыстырмақ болдық. Түрлі идеялардың қосындысы біздің фильмнің басты ерекшелігі шығар.

Қазақстандық көрерменге біздің «Фугада» ұсынатын фактілеріміз қызық болар деген ойдамыз. Оның үстіне, психологиялық триллер жанрында түсірілген жобалар да біздің киноөндірісте сирек кездеседі. Әдетті, отандық режиссерлер драма, комедия немесе тарихи фильмдер түсіріп, аудиториямыздың менталитеттік қажеттілігін өтеп жатады.

Жалпы, триллер – біздің көрермен үшін де, режиссерлер  үшін де таңсықтау жанр. Өз ойымызды қаншалықты жеткізе алдық, оны білмедім, бірақ, фильмді көрген көрермен жаңа бір дүниенің шетін көре алады деп үміттенеміз.

Тәжірибесіз жас командамен психологиялық триллер жанрында фильм түсіру өте қиын.

Медициналық көрсеткіштерге сенсек, әрбір 100 мың адамның біреуі фугамен ауырады екен.

Самат Базыханов екеуміз («Фуга: Дорога в никуда» фильмінің режиссерлерінің бірі - Киностан) осы көктемде тағы бір фильмді көрерменге ұсынбақшымыз. Фильм «Махаббатым мәңгілік» деп аталады, сценарийін Еркебұлан Жолдасов жазған. Міне, сол фильмде де Әсел мен Рано түседі. Бір күні, біздің режиссерлер махаббат туралы лирикалық жобадан «жұлып алып», екі актрисаны мүлдем басқа амплуада көрсеткісі келді. Бұл тек біз үшін ғана емес, көрермен үшін де қызық болды деп ойлаймыз.

Бізге біртіндеп мұндай жанрға үйрену керек секілді. Әрине, кез келген жаңа дүние секілді аудитория бірден қабылдап кете қойған жоқ. Бірақ, авторлардың не айтқысы келгенін түсінген көрермендер де жетерлік.



Бөлісу: