Аналар туралы ой

Аналар туралы ой
жеке
блог


мамаАналар туралы ой

Кешке бағдарлама көрдім. Ресейдің «Пусть говорят» деген. Бұл оқиға жайлы бұрын да естігем. Оны көру бүгін ғана бұйырды. Бір ер адамды көлік қағып кетіп, мүгедек болып қалған екен. Денесі қимылсыз, аяқ-қолын икемге келтіре алмайды, сөйлей алмайды. Ашылған ауызынан аңыраған, қырылдаған, түсініксіз дауыс шыққанда кеудеңе әлдебіреу ине сұғып алғандай, көзіңе жас келеді. Құдай, неге екені өзіне ғана аян, ауыр сынаққа алған сияқты. Дегенмен, теңізден теуіп шығарған жағаға жалғыз тастамапты. Мейірімді жанды қамқор бол деп жіберіпті. Ол әйелге бас имеске шараң жоқ (Алла разылығын берсін). Өзіңіз ойлаңызшы, бөтен бір адамды төртінші балам деп күтіп, емдеп, бабын баптап отыр. Ұлым деп елжіреп, жылап отыр. «Аяғынан тік тұрғызамыз, ол әлі бізге немере сүйгізеді», деп үмітін үзбей, есімін Үміт қойыпты. Мына ананың жүрегіне теңіз сыйады-ау, махаббатының күштілігінен тас еріп суға айналар, аспан еңкейіп бас иер.

Бұл баланың іздеушілері де табылыпты. Үмітін арқалаған бес ананың бесеуі де «менің ұлым» деп, бірі қолымен тамақберсе, екіншісі аяғын сүйді, үшіншісі жылап жатты. Бұл көріністі көргенде көзімнен емес жүрегімнен жас сора-сора болып ақты. Өкінішті. Ешқайсысы да анасы болмай шықты. Бәлкім, ұлдарының табылмағанына налыған шығар, бірақ ана жүрек баласының осындай күйде жатпағанына шүкір деген болар.

Мұндай ержүрек аналар болмаса, жер бетін қараң басар. Өйткені, өзге тұрмақ өз баласын шоқып-шоқып, өлсең-өл деп тастап кететін аналар бар, өкінішке орай.

Бұл бағдарлама аяқталған соң отандық арнаға ауыстырдым «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы жүріп жатыр екен. Сыңсып тұрған жүрегім сызда-а-ап қоя берді. Әттең, тас жүрек аналар болмаса қап-қара, көздері сығыр, шашы қою қазақ балалары мұхит асып кетпес еді ғой. Күйеуге шығуға, бала сүйюге асықпаған кәрі әйелдің қойнына тығылмас еді ғой. Жарайды Қазақстанды картадан тауып бердің, қазақтардың етті жақсы көретінін білесің, бірақ сен «қойш соны садақа», «көз тиді», «тіл тиді», «есікті керме», «иттің баласы» дегендердің не екенін білмейсің ғой. Бұлар баланың бесікте бөленіп жатқан жасынан бастап бойға әбден сіңеді, сөйтіп қазаққа ғана тән рух, болмыс қалыптасады. Тіпті әр отбасында айтылатын «нені нетші» деген сөзді қайдан түсінсін ол. Оның отбасында ондай сөзді ешкім білмейді.

Бала көтеруден арланбаған, оны тоғыз ай бойы құрсағында көтеруден саспаған ана, сәби дүниеге келген соң ұялып қалдыра салған болар. Қайтсін байғұс, ұят емес пе.

Әрине, туған анасы тастаған бөбектің ел қатарлы отбасы, жақсы көретін анасы болғанына шүкір.

Бірақ, бәрібір ол қазақ қой!

Жер бетінде мейірімді, аяулы, алақаны ыстық аналар көп болса екен!