"Ақша аспаннан жаумайды"

"Ақша аспаннан жаумайды"
жеке
блог

        Күнде  таңертең  сабаққа шыққанда  қолына кішкентай пакетін ұстаған  бір атайды көремін.Мені көргенде амансың ба,қызым деп басын изеп кетеді. Шамамен жасы елуден асқан-ау деймін.Баратын жері белгілі-қара жұмыс. Кәрі болса да бала-шаға қамы үшін сарарқаның самалына,аязына қарамай далада жұмыс істеп жүр.Мазалайтын бір сұрақ: балалары сол еңбекті бағалайды ма екен?Сол қарияны көрген сайын іштей «ата-анам қартайғанда ешқашан жұмыс істетпеймін» деп өз-өзіме сөз беріп қоямын.Бұйырса,сол сөзімде тұруым керек!

         Бір күні  аялдамада тұрсам екі қыз тұр екен.Біреуі мамасымен сөйлесіп жатыр-ау,шамасы:

-иә,иә.  м...,мхм-мхм,-деп басын изеп,-мам,мен кітапханаға кіріп бара жатқан едім,сосын хабарласам.Давай,пока!-деп соткасын тастай салды.Кітапханасы несі,аялдамада тұрмыз ғой деп артыма  бұрылып қарасам,әлгі қыз темекі тартып тұр екен.Алыстағы ата-анасы бұл «жарықтықты» оқып жүр деп,тапқан таянғанын беріп жіберетін шығар.Ал бұл қыз...?!Біреуден кінә іздегенім емес қой,просто, жаныма батып кетті. Аналарымызды алдамайықшы!

 

         Біз  жақта EXPO-ға байланысты  құрылыс жұмыстары басталып кеткен.Солардың  біреуін түркиялық компания жүргізеді екен.Жұмыс іздеп  жүріп,солардың біріне барып қалдым.Сөйтсем, бастықтары түріктер.Қазақтар солардың қол астанда жұмыс істеп  жүр.Кәдімгідей жылағым келді.Адам құрлы көрмейді-ау жұмысшыларды.Ал қазақ қыздарының солардың алдында құрдай жорғалап «әби,әби» деп шапқылап жүргенін көрдім.Кейін сол жердегі бір қызбен танысып,әңгімелесіп көрген едім: «бұл  жерде істеу үшін құжат керек емес,он сегізде болуың да міндетті емес.Бастысы,кез-келген жұмысты істей алсаң болды.» Баратындардың көбісі менімен қатарлы жастар екен. Неге оқымайсыңдар деп сұрасам: «кезінде ҰБТ-дан құлағанбыз,ата-анамыздың оқытуға шамалары жетпеді, содан өз күнімізді өзіміз көреміз деп қалаға кеттік.Бұл жерде жақсы,жылы жерде,сен айтқанын істесең сенің де айтқаныңды істейді.Ақша аспаннан жаумайды ғой,енді. Тапқанымыз қара басымызды асырағанға жетпек түгілі,асып кетеді.Бір айлықтың жартысын ауылға,үйге салып жіберіп отырамыз.Сонда,шамамен,отыз-қырық мың жібереді екенбіз ғой»-дейді.Үндемей бұл жерден де шығып кеттім. Біреуге күнің қарап,масыл болғанша осынысы артық-ау деп қалдым,тағы да ішімнен. 

      Рас,ата-анамыз бізді оқысын,бір нәрсе білсін,ертең қиналмасын деп барынша тырысып бағуда.Ал біз ше? Жаңағы "әби, бей" деп шулап жүргендердің ішінде біреуі "Оқымасаң мен сияқты болып қаласың,балам!" деген еді.Оқу керек... Расында, ақша аспаннан жаумайды. Қазіргі біздегі жағдайда тіптен қиындап кетті деп айтпай-ақ қояайын.Онсыз да "девальвация" деп шулап жатқандар қаншама?!Еңбек етсең болады ақша!"Алма піс,аузыма түс" десең айтқаның бола қоймас.