соңғы рет...

соңғы рет...
жеке
блог

Соңғы рет...

Қонақ келді. Үйде абыр-сабыр. Апам дәм-тұз тағайындап, жүгіріп жүр. Әкем әлі жұмысынан қайтпады. Кіші інім далада доп қуаласып, шауып жүр. Ал мен терезенің жақтауына жармасып, сыртқа телміре қараудамын. Біздің үй сегіз бөлмелі жер үй. Есіктен кіргенде кең дәліз бірнеше бөлмелерге бөлінген. Менің бөлмем - ең соңғы, түпкі бөлме. Қонақ мені көрмейді. Мен қонақты күтіп алуға шықпаймын. Әне сыртқы есік ашылды. Бір аяғын сылтып басып, әкем енді. Қазір әкем апамды шақырады. "Кәкен-ау, қайдасың?" Әкемнің даусы зор. Нағыз батырға лайық дауыс. Шошаладан шыр-пыр болып, апам жүгіріп келді. "Отағасы, келдің бе? Сонша айғайлағанын не? Үйде қонақ бар..." "Иии... Түрің не болып кеткен? Бар шайынып келсей..." Апамның күнделікті күбірі, құлаққа сонша жағымды келген киіген даусы-ай...

Біреу жөтелді. Кім болды екен? Беймәлім дауыс. Әкеммен күбірлісе кеткеніне қарағанда, жақын танысы болды-ау деймін шамасы. Үлкендердің сөзін естімей-ақ қояйын деген оймен көңілімді басқа дүниелерге бөлгім келді. Ойлар деген қандай зымыраған жүйрік дүние десей-ау... Бір-бірімен жарыса, тармаса басыма кіруде. "Кім болды екен?" "Апам қандай ас әзірлеп жатыр екен?" "Бексұлтан неге кешігуде?" Айтпақшы, Бексұлтан менің жалғыз інім. Ол туғанда әкем үш күн бойы тойлапты-мыс. Қызық, мен туғанда да солай болды ма екен? Әрине, әкем үш күн емес, үш ай тойлаған болар. Қайран әкешім... Тұңғышының осындай болып туарын білмеді де ғой. Білсе, не болар еді?...

Есік ақырын ашылды. Апашымды бірден тани қойдым. Қолындағы жылы асының исі мұрын жарардай. "Апа!" "Қызым, ыстық кезінде жеп алшы. Анау әкеңнің бір жолдасы келіп, бәйек боп жатып, сені ұмытып та кетіппін. Қарнын ашып қалмады ма?" Апашым-ау... Кешірші мені... Сен сондай тамаша жансың... Апам асты ішкізіп, шығып кетті. Жалғыздық... Тағы жалғыз қалдым. Бексұлтан кіші кезінде қасымда ойнап отыратын. "Әпкелеп" қолымды тартқылайтын. Ал қазір ше? Жалғыз әпкесін ұмытқандай. Ит неме...

Мен туғаннан салмын. Енді сал деген екі аяғы, екі қолы істемейтін жан деген сөз. Неге осылай болып туғанымды мен білмеймін? Әкем "тағдырдың жазғаны" дейді, апам "Алланың сынағы" деп айтып отырады. Ал мен бәрібір түсінбеймін. Неге мен? Неге?...

Кішкентай кезімде мен көп дәрігерлердің алдынан өттім. Біреулері қолдарын айқастырып, "шарасызбыз" деумен болды. Басқалары бастарын шұлғай-шұлғай, диагноздарын қоя берді. Бірақ, ешкім менің дауымның емін таба алмады. Ешкім! Бүкіл Қазақстан түгілі, Ресейдің, Қытайдың дәрігерлерін түгендеп тастаған бейбақпын мен. Шарасыздық жанына батқанда, қалай ауыр екенін сіздер түсінбессіздер. Ал мен білемін. Себебі, басымнан кешірдім. Тағы ойлар... Күлкілі екен. Мен осы алжып бара жатқан жоқпын ба?...

Есік ашылды. Бексұлтан. Жүгіріп келіп, терезе алдындағы қобдишамды қопара жөнелді. "Бексұлтан, не істеп жатырсың? Қой орнына қобдишамды! Тез! Ішінде ақша бар ғой!" "Әпке! Маған ақша керек. Ал апам бермей жатыр. Саған бұл ақшалар қажет емес қой. Сен тұра да алмайсың ғой! Оларды не істейсің?..." Соңғы сөздері қамшымен осып жібергендей. Үндемей қалдым. Бауырым, сен дұрыс айтасың. Сенікі дұрыс. Сен...

Бексұлтанның қалай шығып кеткенін байқамай да қалдым. Көздерімнен ыстық жас тамшылауда. Міне біреу... екіншісі... үшіншісі... алтыншы... жетіншісі... Мен жылауықпын. Осылай бір ағылса, тоқтамай қояды. Аузыма бір-екеуі кіріп кетті. Қалай ащы еді?! Ұйықтап кетіппін.

Түннің бір уағында ояндым. Айнала қап-қараңғы. Айдың сәулесі де жоқ. Бұлттардың арасына тығылып, ай да мені жалғызсыратпақ па?... Алыс бөлмеден күбір-күбір дауыстар естілуде. Қонақ әлі кетпеген ғой. Бексұлтан қайда екен? Апамды шақырсам да естімейді ғой. Қайтпекпін? Қараңғылық жанымды жегідей жеп барады. Мен қараңғылықтан қорқамын. Аллам қорқытпашы! Көзім үйрене бастады. Қош келдің, мың бір ой!

Мен жақында он алтыға толамын. Он алты жыл бойы бір төсекке байлаулымын. Осыны ойласам, жүрегім әрқашан қысыла түседі. Ішім өртеніп, жынданып кете жаздаймын. Айғайлағым келеді. НЕ - ГЕ? Мен жазықсыз едім ғой. Мен сәби едім ғой. Тумай жатып, мен не істеп қойдым?... Мен бұл күйді құдайдың құтты күні басымнан өткіземін. Осылай жылағым келеді. Жынданғым келеді. Бірақ, ақыры мен сабырға келемін. Алламды еске алып, басыламын. Бүгін де солай болды. Аллам... Сенсіз менің күнім не болар еді?! Сен менің жалғыз сырласым, мұңдасым, қолдаушымсың ғой!

Есік ашылды. Апам екен деп қуанып қалған едім. Бірақ, жағымсыз иіс менің қуанышымды су сепкендей жоқ қылды. Есіктен дүңкиген біреу енді. Әкем бе? Жоқ. Мүлдем жат адам. "Ық... Ық... Қарағым... Қал... айсың..." Араққа сылқия тойып алып, ықылық атып тұрған жаннан шошиын дедім. "Әке!" деп қалай айғайлап жібергенімді білмеймін. Бірақ, маған ешкім көмекке келмеді. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, жаны да, тәні де жарымжан болған бейбақты ешкім қорғай алмады. Сол түні мен ешкімге керек болмадым. АПА... ӘКЕ... БЕКСҰЛТАН... КӨМЕКТЕСІҢДЕРШІ... КІМ БАР?... Менің жылағым да келмеді. Тек өз-өзімнен жеріп кеттім. Жаным ауыр бір соққы алып, бөлшектеніп қалғандай. Мен өзімді сезбедім. Мен ешкімге ренжімедім. Мен тек қана тағдырыма налыдым. Ең соңғы рет көзімнен жас тамды. Соңғы рет...

"...Мен ұшып барамын. Қараңыздар! Мен ұшып барамын. Аяқ-қолдарым сауығып кеткен. Қалайша? Ғажап! Мен бақыттымын! Айналам гүлдерге оранған. Қызыл-жасыл... Қалай әсем?! Кемпірқосақты көрдім. Тамаша! Мен кемпірқосақпен жүріп келемін. Мен жүріп келемін. Мен бақыттымын..."

 

Көршісіне кеткен апасы отыра алмай, үйіне қайтты. Үйге енгенде, қызының ащы даусы құлағына жетті. Жан ұшыра түпкі бөлмеге жүгіре жөнелді. Қызына тиіспек болған оңбағанды апасы жерге алып ұшырды. Бірақ, кеш еді. Қызының баяғыда өлік денесі ғана қалған еді. Қорқыныштан жүрегі жарылып кеткен. Дәрігерлердің айтқаны сол. Бірақ, өлікті көрген жандарды таңқалыстырған бір жайт болды. Өліктің жүзінде әдемі күлкі үйірілген еді.

(Бұл туынды тек қиял әлемінен алынған)