Бір өлең

Бір өлең
жеке
блог

Түндер мынау,  ұйқы қашқан тым жырақ.

Табиғат тұр, мүлгіп - қалғып тұнжырап.

Жігіт жаны жалғыздықтан сусайды

Нар кеудесін дауылпаз сыр ұрғылап.

 

Жетсем дейді, шертсем дейді жан сырын,

Сүйсем дейді, татсам дейді бал- шырын.

Жар жолында тәрк ететін серті бар

Бұл жалғанның басқа қызық, алтынын.

 

Болашақтан хат әкелсе ақ үміт,

Ынтық жүрек есі кетер сағынып...

Жеткізсе екен аңсарына жігітті

Тағдыр дейтін заңы қатал нақ ұлық.

 

Кезіп кеткен ақ арманның асқарын,

Жігіт жаны қызып - жанған шақта бұл.

Ару жатыр алыс өлке үйінде,

Сеземе екен ғашық жүрек аптабын.

 

Қабақты айға, Керім жүзді қос күнге,

Алма мойын, ақ тамақты кескінде.

Ерке назды табыларма жазар жыр,

Ондай сұлу бұл ғаламда жоқ мүлде!

 

Ай ұялып, көктегі күн балқыған,

Нұр дидардан ұшар көкке қалқып ән.

Гүл кеудесі жұпар шашып жатыр– ау,

Сергиді оған бір тыныстап бар Тұран.

 

Сонау алыс ғасырлардан жеткендей.

Ару көркі қызғалдақты көк белдей.

Қыздың жаны сырға толы қазына,

Нәрге толы мейірімді көктемдей.

 

Күтер қыз да ғашық жар тез жетсе деп.

Асу- белден қиындықсыз өтсе деп.

Екі алыста жалғыз мұрат, ақ арман

Сезім нөсер сіркірген төкпелеп.

 

Уақыт- ай, еш тағатсыз асыққан.

Ағарғандай тағы да бір ғашық таң.

Мол мейірім, кең құдірет, уа Тәңір,

Бер оларға өздері іздер бақыттан!

 

Керім ару ол жігітке мәңгі арман.

Тағдырымен талайына айналған.

Адаспасын жігіт кеткен іздеуге

Арман қызын табамын деп таулардан.