ӨЛЕҢНІҢ КЕНЕЖИРЕНІ...

      Бүгін-қазақ поэзиясынан ерекше орын алатын,қазақтың біртуар ақыны Жұматай Жақыпбаев дүние есігін ашқан күн.  Бүгін маған ғарыш жақтан күлімсіреп тұрған ақын бейнесі елестеді. Қайталанбас тұлға жұлдыздай ағып өткен, аз ғана ғұмырында «Ләйләні» жырлап өткені баршаға мәлім және ақын шығармашылығы, ерекше болмысы оқырманды қызықтырары сөзсіз.

     Жұмағаңның «Ләйлә», «Кенежирен» атты кітаптарын оқып шыққан соң жалпы өміріне, шығармашылығына деген қызығушылығым арта түсті. Ақынның жары  Зайда Елғондинованың (ертекші Зайданың) «Менің ертегім», «Мың екінші түн» атты кітабын да оқып, ол кісі жайлы мәліметке қанықтым. Бұл кітаптарда Жұматайдың ба ізгі қасиеттері, жұмбақ көзқарасы суреттелген. Осы мағлұматтардың әсерінен арыла алмай жүрген күннің бірінде кітапханадан ақынның тағы бір кітабына кез болдым.

     2013 жылдың соңғы айларында жарық көрген ІІ томдық кітап «Ан-арыс» баспасынан шығыпты. І томында ақынның жауһар жырлары топтастырылса, ІІ том ақын жайлы естеліктер мен арнауларға кезек беріпті. Екі кітапқа да Зайда Елғондинованың алғы сөзі негіз болған. Сіздерге сол қос жинақтың суретін ұсынып отырмын. Сіз де (міндетті түрде) тауып, оқып шығыңыз!


Қазақ поэзиясында Жұматай Жақыпбаев, Жұмакен Нәжімеденов, Әділ Ботпанов сынды қайталанбас тұлға,арқалы ақындардың болғаны, олардың жырлары өміршең екені көңіл қуантады.


Мен танитын (жырлары арқылы) бекзат болмыс,Жұматай Жақыпбаев-Өлеңнің Кенежирені! 

                                            

                                                         Арнайы "Массагет" үшін: Әлия Іңкәрбек

                                             Суреттер: 



Бөлісу: