Өмір - тәтті-ақ...

Өмір - тәтті-ақ...
жеке
блог

Бірде байқасақ, бірде байқамай, күнде бір ажалдан қалып жүрміз...

... Аялдамада тұрғам. Ұзақ күтсем керек, таныс автобусты көргенде тұра ұмтылыппын, аяғым тайып кетіп, әлі тоқтап үлгермеген көліктің астына отыра құладым. Жан-жақтан «Жақсымысың?» деп жаны ашыған, «Абайламайсың ба?» деп жекіген адамдар қоршап алды, ал, мен болсам аяқтарым мен автобус дөңгелегі арасындағы қас қағым уақыттан көзімді ала алмай отырмын...

... Қазіргідей кілтті бұрай салатын емес, бұрын құлып салушы ек, оны кигізетін «темір сақина» бар есікте, кигізе салу да оңай шаруа емес, күш салып итеру керек. Мен де сол, қос қолдап бар пәрменмен тарс жапқан ем есікті, әлгі «темір сақина» гірш етті білегіме. Қанады. Біткен жерім осы екен дедім...
Өмірге ренжіген кездерде оны менсіз қалдырып, «сазайын бергім» келетін, бірақ... Бірақ, пенде-адам қалпындағы соңғы деміңді жұтып отырғаныңды ойласаң мына дүние жалғанды қимайды екенсің... Көп ойландым, тәубеме келдім, бұған дейінгі жәйттерді еске алдым, толғандым. Тірімін - әлі «әсер етпей» жатыр ). Барып, білегімді жуып, сүртіп қарасам... О, құдірет! «Қиын жағдай» мен менің арамдағы қашықтық 1-2 милиметр ғана...

... Басқалары төр жақта ТД қарап, мен ауызғы бөлмеде ыдыс жуып жүргем. Қол-аяқтан әл кетіп, омақаса құладым. Далаға шығарып, бетіме су бүркіп, білген бар шараларын қолданып, бәрі әбігер боп жүр...
Осыған дейінгі кино не кітапта кездесетін «Бүкіл өмірім көз алдыма келе бастады» дейтін сөздерді әсірелеу деп ойлайтынмын. Сонша сүріп тастаған өмірді санаулы секундтарда саралау мүмкін бе өзі? Мүмкін екен!..

... Екі дүниенің сынақ бөлімінде мәңгі тұрақтап қалатын жаратылыс жоқ, ертең бе, екі жылдан кейін бе, елу жылдан кейін бе, мен де кетем, бірақ, бүгін емес... сияқты болады да тұрады... екен... Қанша жерден баянсыздықты мойындап, бой ұсынсаң да, жаның мұрныңның ұшына келгенде тағы... тағы шамалы... тағы біраз өмір сүре тұрғың келеді... Сәл ұзағырақ өмірді сұрайсың Жаратушыдан, солмасам екен, сөнбесем екен дейсің...

сурет: by_ben_kelevra