Тұңғыш хат...

Тұңғыш хат...
жеке
блог

Құрбым, қамыққан шағымда сізге сыр ақтармаушы ем... Бірақ бүгін менің жанымның жазы жоғалды... Өмірімде тұңғыш рет сізге хат жазғым келді... Еркелегім келді... Сағындым...

 Жарығым, мына әлем қазір сізсіз де өтерін білемін... Бірақ жолымда кезіккен сан жанның ішінде сіздің болмауыңыз, ол менің жанымның күңіренген қара күзі болар еді...Сіз басқашасыз... Мүлде басқа... Сол бөтендігіңіз үшін сізді бәрінен артық жақсы көретінімді білсеңіз ғой...

Алматыдай алып қалаға жалғыз өзіңізді шығарып салып тұрып, мұнартқан мұңлы жанарымды қимастыққа балататынмын... Бірақ сол қаладан сізді өлердей қызғанатынымды білмейтінсіз... Сан адамы бар ол алып шаһардың сізге мейірім сыйлауға мұршасы жоғын жақсы білуші ем...

 Қыз ғұмырдың қысқалығын енді аңдап келемін... Кешегі он тоғыз маған жиырмадан едәуір аласа көрінетін... Есейген шығармын... Менің нәзік жаным көрінгенді ұнатуға тым құмар еді ғой, енді міне серігін таба алмай сенделіп жүр... Ешкім де ұнамайды... Сүю деген сөздің ауылына аяқ басу мен үшін тіптен алыс... Аялдамада автобусынан қалып қойған жүргіншідей сезініп жүрмін өзімді... Жылағым келеді... Жаныма келіп, иығын тосқан жанның жанында қалып қоюдан қаймығам... Бірақ әсілі сезім деген бауыр басудан төмен деседі жұрт... Кім білген?! Таңырқап отырған шығарсыз... Біз басымыз қосылған осыған дейінгі сәттерде мен сізге жігіт атаулы туралы тіс жармайтынмын... Бәлкім айтатын түгім болмағандықтан болар... Бәлкім сізден ұялдым ба екен?! Сіз де суыт сөзден тым алшақ едіңіз... Тіпті ашуландырғандарды да менің жанымда жамандап жатпайтынсыз... Мен сізден өне бойы осыны үйренгім келетін...

 Өлеңім оңбай жүр... Өзіңізге ұнжырғамды түсірмей, тәкаппарсып оқитын шумақтарды сағынып кетемін... Тауым шағылды демесем де, сеніміңізді ақтай алмай жүрмін... Поштаға таситын хаттар есіңізде ме?! Ерінбей көшіріп, бір мақаланы төрт редакцияға жолдайтын едік қой... Ондай қауқар сізбенен екен...

Екеуімізді біреу ұқсатып жатса мәз болатынмын... Қол ұстасып алып кесенені кезгеніміз, таңға дейін қиял қуып көз ілмегеніміз, киім алмасып кигеніміз, сағынысып табысқанымыз, біріміз жеткен жетістікке біріміз қуанғанымыз болмаса басқа түк те бітірмеппіз...  Аз ғой мұның бәрі... Шынайы, жасандылығы жоқ болса да, тым аз...

 Осы неге біз бірімізді-біріміз қуып ойнамады екенбіз?! Сізбен оқылатын сабақтардан жалығатынымды неге айтпадым?! Ішімнің жарылып бара жатқанына қарамастан, сізбенен көрген кинодан қызық іздеген ақымақ басым... Неге арғы сыныптың баласын ұнатқанымды сізден жасырып қалдым?! "Сен ешкімді жақсы көріп қалмауың керек!"-деген талабы бар хатыңызды тауып алғанымды неге айтпадым екен?! Неге сізге "оны олай жасама",-деп ұрысқансып ақыл айтпадым?! Неге күніге қоңырау шалып, менің орынымды басқалар иемденіп қоймады ма деп қызғанбадым?! Неге: "Ешкімге ғашық болып қалма!"-деп ақылгөйсімедім екен?! Йә, айтқым келсе де айта алмайтынмын... Айттым ғой, сіз басқашасыз деп...

 Бұрын арамыздың алшақтығына қарамастан жанымда жүргендей жәйбірақат жүре беретінмін... Міне енді, енді біздің де жылдар бойы бірге жүре бермесімізді ұғып отырмын... Осыны ұғу үшін тура жиырмаға толуым шарт па еді десеңізші?! Сіз шынымен осы ешкімді жақсы көрмейді ма екенсіз?! Сіз көңілін қалдырған пенде расымен жер бетінде бары рас па осы?

 Күнім... Гүлім... Жаным... Мен көп еститін сөздердің ең лайықты адамы-СІЗ... Ғажайып... Керемет... Ең... Бұл сөздерді де мен сіздің есіміңіздің төңірегінде сақтағым келеді... Жаныңыз тап-таза... "Досына қарап таны",-деген сөзді соншалықты жақсы көретінімнің себебі де сіз...

 Мен, мен ғана емес сіз де бақытты болуыңыз керек! Түн ұйқымызды ұрлатқан қиялдар бізден алыстамауы тиіс... Менің талай түнімді пендемен алдаусыратпай, асқақ арманмен арбаған мен сізге қарыздармын... Мен жалғыз емеспін... Бәлкім біз жігіт атаулыны сөз ете қоймағандықтан мен нашар жанды сыңар етуге шешім қабылдаған шығармын... Бірақ мен сол асқақ армандардан қол үзгенім жоқ... Мен соншалықты асқар арманы бар адаммен біргемін... Мейлі біз жәй қарапайым өмірдің көлеңкесінде қалып қояйық... Бірақ біз армансыз емеспіз... Кешегі қиял есіңізде ме?! Біз сол өмірде жүрміз, демек түбі бір бақытты болып қалармын...

 Мұны айтудың сәті түсе бермесін жақсы білесіз... Мен жазғанды жақсы көргеніммен көп сөзді айта алмайтыным да сізге аян... Мен сізді жанымдай жақсы көремін... Сіз бақытты болуға ТИІССІЗ!

 Ал енді, "сағындым деші..." ... "жақсы көремін дейсіз бе?!"... ..."Алматы салқын ба?!" - деген сөздер күтуші болма... Өзің жазатын бол!!!  

Еркеңізден:

 "ЖемПИдің" ЕҢ сұлу студентіне...